Азамат– Атырауға оралды

  Америка түрмесінде отырған қазақ студенті аман-есен елге оралды. АҚШ-та лаңкестік оқиғаға қатысты айыпталып, 3,5 жылға сотталған Азамат Тәжаяқов бостандыққа шығып, 16-маусым күні Алматыға ұшып келді, деп хабарлады «kazinform».

   Азамат Тәжаяқов мінген ұшақ Алматы әуежайына 16-маусым күні таңғы сағат 5:30- да қонды. Жат жерде жазықты болған ұлды қарсы алуға ата-анасы мен туыстары тайлы-тұяғы қалмай түгел келген. Бірнеше жылдан кейін туған жерге табаны тиген Азамат ұшақтан түсе салысымен ағайындарымен арқа-жарқа құшақтасып, ақтан дәм татты. 2013 жылдан бері АҚШ-та қамауда болған ол басына үйірілген қара бұлттың сейілгенін енді ғана сезінгендей. «Қазір жүрегім тоқтап қалардай болып тұр. Қуанышымда шек жоқ. Келіп күтіп алғандарыңызға рахмет. Әкеме қоңырау шалып, жағдайымды біліп тұрғандарыңызға рахмет. Қазақстанда болмағаныма 3,5 жыл болды. Ет жеп демалып, қымыз ішіп жатқым келеді» дейді Азамат. Еске сала кетейік, 2013 жылдың сәуірінде Бостонда жарылыс болып, 4 адам қаза тапқан еді. Лаңкестік әрекетті ұйымдастырған ағайынды Царнаевтардың үлкені Тамерлан операция кезінде көз жұмып, кішісі Жохарды АҚШ соты өлім жазасына кескен еді. Ал, екі қазақ студенті Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев осы кіші Царнаевқа көмектесті деген айыппен жазаға тартылған болатын. Қазір Америка түрмесінде 6 жылға сотталған Диас Қадырбаев жазасын өтеп жатыр. Бас прокуратура оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесімен айналысуда.

Дерек көзі: kazinform

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз