Жарнама
Қоғам

АСТАНА КҮНІ ҚАЗАҚЫ НАҚЫШТА ӨТЕДІ

Жалпы, жоспарға сай бұл күндері 70-ке жуық іс-шара ұйымдастырылады. Олардың басым бөлігі, яғни 50-і бес-он мың адамның қатысуымен өтетін кең көлемдегі шаралар. Ал, өзгелері концерттік бағдарламалар. Ұйымдастырушылардың сөзіне сай, қала күніндегі барлық деңгейдегі шаралар қазақы реңк пен ұлттық нақышта өтпек. 
Бес жылдан бері өтіп келе жатқан «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер фестивалі, «Астана самалы» түркі әуендерінің фестивалі, «Серпер» халық аспаптар оркестрінің концерті, «Өзен әуендері» дәстүрлі классикалық кеші, өз ісінің үздіктерін анықтайтын «Астана таңдауы-2013» байқауы және республикалық «Аялаған Астана» балалар байқауының гала-концерті де мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ.
Астана күніне жоспарланған бағдарламаға сай негізгі шара 4 шілдеде бастау алады. «Алтыншы шілдеден жетінші шілдеге дейін қала ішінде шаһар тұрғызылады. Ол жерден әрбір адам зергерлердің байқауын тамашалап, концерттік, ойын-сауық бағдарламаларын көре алады» деп атап өтті Ж.Колбачаева.
Сонымен қатар, Елорданың туған күніне арналған театр апталығы да өнерсүйер қауым үшін таптырмас тарту болмақ. Астанаға С.Безруковтың және «Современник» театры келеді деп күтілуде. Еліміздің әр аймағынан келетін өнер ордалары да бір апта бойы Қалыбек Қуанышбаев атындағы театрда өз өнерлерін көрсетеді.
Тағы бір жағымды жаңалық, астаналықтар мереке күндері мүмкіндігі шектеулі балалардың тілектерін орындай алады. «Қаладағы сауда орталықтарында ұйымдастырылатын қайырымдылық акциясы аясында «Тілек ағашы» атты шара өтеді. «Мега Астана», «Сарыарқа», «Хан Шатыр», «Керуен», «Азия Парк» сынды ірі сауда орталықтарында ағаш орнатылып, оған мүмкіндігі шектеулі балалардың тілектері жазылған хат қаптар жапсырылады. Келушілер тілек-хатты оқып, өзінің көмегін көрсете алады», — дейді Ж.Еділбекқызы.
Ал, «Асқақтай бер, Астана!» түнгі би кеші жобасының қонағы — америкалық әнші Николь Шерзингер болмақ. Жыл сайын қала күніне орай Қазақстан және шетел жұлдыздарының қатысуымен өтетін бірегей гала-концерті Елорданың өзіндік бренді ретінде қалыптасып үлгергендігін айтып өткеніміз жөн. Биылғы жылы бұл ауқымды шара «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Концертке отандық эстраданың танымал өнерпаздарымен қатар, ресейлік жұлдыздар қатысады деп күтілуде.
Сондай-ақ, мерекелік шаралардан түскен қаржының қалыптасқан дағдыға сай, қайырымдылық шараларына жұмсалып, сырқат балалардың емделуіне пайдаланылатынын атап өткеніміз де жөн.
Айта кетелік, мереке күндеріндегі шаралар туралы толық мағлұматты http://www.astana.kz сайтынан білуіңізге болады.
Брифинг соңында журналистер тарапынан түрлі сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button