Жарнама
Қоғам

ҚАЗАҚ ТАРИХЫ – БІРЛІК ШЕЖІРЕСІ

 

— Бүгінде «Халық тарих толқынында» бағдарламасын іске асыру үлкен маңызға ие болғаны сонша, тіпті Мемлекет басшысының өзі осы мәселе бойынша тікелей тапсырма беруінің сыры неде деп ойлайсыз?
— Өткеніңді білмей, болашақты болжау мүмкін емес екені әмбеге аян. Сондықтан, Мемлекет басшысы «Тарих толқынында» кітабында осыған басты назар аударады. Бүгінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің басшылығымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау жолында үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұл жолда үлкен республикалық бағдарлама жасалып, іске асырылуы тиіс, ал оған дейін осыған сәйкес тұжырымдама қабылдау қажет.
Біз 70 жыл бойы Кеңес Одағының құрамында болған кезімізде, жасыратыны жоқ, тарихымыз бұрмаланып келді. Тәуелсіздік алғалы бері көптеген шетелдік дереккөздерге қол жеткізе алатын деңгейге жеттік.
Осы деректерді жақсылап зерттеп, ғылыми айналымға енгізу қажет. Бұл өте маңызды. Қазір біздің ғалымдарымыз бұл салада тер төгіп жатыр. Жуырға дейін біз тарихқа дендеп ене алмай, түркі дәуірімен ғана шектеліп, біздің жыл санауымыздың бірінші ғасырының жартысына дейін ғана зерттеп келдік. Ал, қазіргі тауып жатқан деректеріміз, сондай-ақ археологиялық зерттеулер халқымыздың тарихы сонау скифтер мен сақтардан бастау алатынын көрсетіп отыр. Тарихымыздың тамыры кем дегенде біздің дәуірімізден бұрынғы бірінші мыңжылдықтың ортасына дейін кетіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде қазіргі Қазақстанның аумағында Қазақ хандығына дейін 12 мемлекет өмір сүргендігі дәлелденіп отыр.
Тарихи зерттеулер кең көлемде жүргізілуі тиіс, тарихшылар алдында тарихымыздың тереңіне бойлай отырып зерттеу тапсырмасы тұр. Ол біздің халқымыздың генетикалық кодын анықтауға ауадай қажет. Бұл тәуелсіз мемлекетіміздің ұрпағын тәрбиелеу үшін керек.
— Ұлттық тарихты тану үшін жаңа әдістемелік қадам жасауға Мемлекет басшысының «Тарих толқынында» кітабының нақты қандай тұстары аса маңызды деп ойлайсыз?
— «Тарих толқынында» кітабында Елбасымыз біздің тарихымызда бүгінгі ұрпақ ұялатындай ештеңе жоқ екенін жазады. Қазақ халқының тарихы ат тұяғымен жазылған. Ата-бабамыз тірі болу үшін күрескен болса, енді біз ірі болу үшін күресуге тиіспіз. Бұл әдістемелік тұрғыдан алғанда өте маңызды деп ойлаймын. Президент, сондай-ақ қазақ халқының тарихы бірліктің шежіресі екенін де атап өтті. Яғни, біз тек біріксек қана мықты бола аламыз, мұны тарих талай рет дәлелдеп берген. Мысал ретінде жоңғар шапқыншылығы кезіндегі оқиғаларды алсақ та жеткілікті. Жеңіспен бірге жеңіліс те болды, әрине. Халқымыз «елім-ай» деп еңіреп, елден, жерден айырылып, босып кеткен кездері де болған. Шаһкәрім Құдайбердіұлының мәліметтері бойынша, осындай шақтарда қазақтың оннан төрт бөлігі ажал құшқан. Тірі қалғандары еліміздің оңтүстігі мен батысына қарай ығысуға мәжбүр болған. Сол кезде елге мықты көшбасшылар ауадай қажет болды.
— Мектептер мен ЖОО-ларға тарих бойынша оқу бағдарламаларын жасауға қандай ұсыныстарыңыз бар?
— Ең алдымен ұлттық тарихты үйретудің тұжырымдамасы қажет. Сосын тарихты үйретуде стандарттар мен оқу бағдарламалары жасалуы тиіс. Солардың негізінде оқулықтар мен оқу құралдарын шығару керек. Стандартта оқушылар мен студенттер оқып үйренетін тарихтың негізгі кезеңдері көрсетіледі. Қазірде Қазақстан тарихына байланысты 12-ден астам оқулық бар. Бәлкім, олар керек те шығар, өйткені, білім берудің түрлі деңгейлері, түрлі мамандықтар бар. Бірақ, олар тек бір ғана стандартқа негізделуі қажет, себебі, Қазақстанның кез келген азаматы өз тарихы туралы ең негізгі кезеңдерді біліп, патриоттық тәрбиемен өсуі қажет.
Жалпы, тарих туралы сөз қозғағанда ағылшын философы Эдмунд Берктің сөздері еске түседі. «Тарих дегеніміз – өлі, тірі және болашақ ұрпақтың мызғымас одағы» дейді ол. Әрбір жас ұрпақ өз тарихын білуге міндетті.
Ал, оқу бағдарламасына келер болсақ, менің ойымша, Қазақстан тарихы орта мектептен басқа жоғары оқу орындарында да, олардың меншік иесіне қарамай берілуі тиіс. Сондай-ақ, Қазақстан тарихына бөлінетін сағат сандарын да көбейту қажет. Осылайша, біз тарихты оқытуды жаңа деңгейге көтере аламыз.
Бізде тарихты зерттеумен айналысатын бірнеше мекеме бар. Олар осы жұмысқа жас ғалымдарды тартып, интеллектуалдық ресурстарымызды біріктіріп, оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жаңартуға күш салулары қажет.
(Өз тілшіміз).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button