ҚАНАТЫН ЖАЙҒАН КӨКАРНА

оның мұңына да назар аударылса
Атырау қаласына жақын орналасқан Көкарна ауылында тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Әр үйге газ, жарық, су тартылып, бір қарағанда, негізгі мәселелер шешімін тапқандай көрінгенімен, күрмеулі мәселелер де жетіп артылады.

 

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ
«ЖЫР» БОЛДЫ

Бұл мәселе көкарналықтарды жиі мазалап жүр. Расымен де, осыдан он жыл бұрын бой көтерген ауыл көшелерінің жағдайы әлі күнге түзелмей келеді. Жаңбыр жауған кезде балшыққа батып жататын көшелер Көкарнаның көркін бұзып, тұрғындардың көңілін түсіріп тұр. Ауыл тұрғындары бас қоса қалса, осы жол мәселесін «жырлаудан» жалықпайды.
– Он жылдан бері осы селода тұрып келеміз. Көкарна құрыла бастағанда орталық жол ғана асфальтталды. Кейінгі жылы жекелеген көшелерге асфальт төселеді дегенді естіп қуанған едік. Алайда, ол қуанышымыз су сепкендей басылып қалды. Бәрінен бұрын, мектепке қатынайтын балаларымыз үшін қиынның қиыны. Жаңбыр кезінде балшықпен мектепке жете алмай әуреге түседі, – дейді Ләззат Әлиева есімді ауыл тұрғыны.
Балшықтан жалыққан кейбір көше тұрғындары өз қаражаттарына қалдық тастар төсеп, жүруге ыңғайлап жол жасайды. Бірақ, бұл көше сәнін кетіргені өз алдына, балшықтан құтылуда одан да қайран болмай тұр. Асфальтталған орталық көшенің өзі тарлық етеді. Жаяу жүргінші жолының жоқтығы да тұрғындарды қинайды. Әсіресе, мектептегі балаларын сабаққа шығарып салған ата-аналар балалары үйіне қайтқанша уайымға түседі. Бұл мәселеге селодағы №32 орта мектептің директоры Берік Елеубаев та үн қосты.
– Жол мәселесі әлі де сын көтермейді. Жаяу жүргінші жолы мен жол белгілерінің жоқтығы қиын. Балалар үй мен мектеп арасына машина жүретін жолмен қатынайды. Өткен жылы соның салдарынан мектеп жасындағы үш бала мен бір мұғалім көлік апатына ұшырады. Нәтижесінде бір оқушы мүгедек болып, бүгінгі күні үйден дәріс алып жатыр. Мұғалім сегіз ай ауруханада жатып ем қабылдап шықты. Мұндай оқиғадан кейін де жол мәселесі шешімін таппай отыр, – дейді ол.

КӨШЕНІҢ ТҮНГІ
ЖАРЫҒЫ ТҮСКЕ ЕНЕДІ

Тұрғындар жауын-шашында балшықпен алысып әуреге түссе, түнгі уақытта көше жарығының жоқтығынан қиналады. Жұмыстан қайтқан халық үшін қараңғыда үйіне жету тағы қиын. Балшық кезінде көліктерін ауласына жеткізе алмай көшенің басына қалдырған тұрғындарда тағы маза жоқ. Көше жарығының жоқтығы ұры-қарылар үшін жасалған жағдаймен тең болды. Бұл аз болғандай, ауылда үйді тонап, ұрлық жасау қылмысы азаймай тұр. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде беймезгіл уақытта көше кезген жасөспірімдердің жүрісі қүдік тудырады. Тәртіпті қадағалап жүрген учаскелік полиция қызметкерлерін де көру қиын. Осындай мәселелер орын алып тұрған Көкарнада үлкендер жағы балаларын үйде қараусыз қалдырудан қорқады.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК
ЖЕТІСПЕЙДІ

Көкарнадан қалаға қатынайтын қоғамдық көлік мәселесі де мәз емес. Тасқаладан шыққан №51 маршрутты көрсеңіз, қашанда лық толы. Оған көкарналықтар сыймай қалып жатады. Дамбыдан қатынайтын №50, 57 маршруттар жолы көкарналықтар үшін алыс. Әупірімдеп ол жолға енді жеттім дегенде, автобусқа сыймай қалып жатады. Көкарнадан Авангард мөлтекауданына жүретін №65 маршруттың қозғалысы тасбақа жүрісінен кем емес. Аялдамаға тоқтаған маршруттардың кейбірінің мектеп оқушыларын итеріп, мінгізбей кетіп жүргенін де байқап жүрміз. Сөйтіп, мектеп оқушылары үшін бұл да үлкен проблемаға айналып отыр.

ТАҒЫ ДА ҚОҚЫС ХАҚЫНДА

Көкарналықтардың айтар тағы бір шағымы – қоқыс жайы. Қоқыс жәшіктерінің кейбір көшелерге қойылмауы салдарынан ойыс-қуыс жерлер қоқыс алаңына айналып отыр. Бұл жерлерге мал жайылып, қалдық арасынан қорек іздеп жүреді. «Арнаулы автобаза» коммуналды кәсіпорнына қарасты қызметкерлер қоқыс жәшіктерінің ішінен қалдықтарды өртеуге тыйым салынғанын ескермей, иісін шығарып өртеп жататын кездері де болады.
Балтырың сыздап, ауыра қалсаң бір ғана ине салдыру үшін Балықшы ауылдық округіндегі №4 емханаға баруға тура келеді. Мұндағы шексіз кезекті күткенде ауырған жерің еріксіз жазылып кеткендей болады. Осы орайда айта кетерлігі, ауыл орталығынан шағын медициналық бөлімше ашылса, бұл үлкендер мен аяғы ауыр әйелдер үшін шешімін тапқан іс болар еді.

КӨШЕ АТАУЛАРЫ БЕРІЛСЕ…

Бұл ауылда барлығы он үш көше бой көтерген. Қызығы сол, олардың бәрі бірдей нөмірленіп тұр. Және бір атаумен аталады. Бұған ауыл тұрғындары үйреніп кеткенімен, сырттан келгендер үшін кәдімгідей «жаңалық» болып отыр. «Тарихымызға зер салсақ, өңіріміздің атын асқақтатар атақты, зиялыларымыз көп емес пе? Ауыл көшелері осындай ел мадақтар ұлыларымыздың есімімен аталса, қандай мақтаныш болар еді»,- дейді тұрғындар.

БАЛАБАҚША ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАШАН БІТЕДІ?

Бүгінгі таңда ауылда екі қатарлы балабақша құрылысы жүріп жатыр. Үстіміздегі жылы іргетасы қаланған бұл ғимарат келесі жылы пайдалануға берілмек. Бүгінге дейін үш пен бес жастағы балалар мектеп қабырғасынан ашылған шағын топқа барып жүр. Ал, мектептің сыйымдылығы мұны көтермейді. (Бүгінгі таңда мектеп сыйымдылығынан 300 оқушы артық оқып жатыр). Ендігі уақытта екі жүз орынға арналған бұл балабақша өз уақытында іске қосылса игі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз