Қазақ елінің жылнамасын жазған
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әнес Сарайдың «Еділ-Жайық» трилогиясының тұсаукесері өтті.
Теңіз жағасында қанатын қатайтқан жазушының 1963 жылы жарық көрген «Дауылда» атты тырнақалды әңгімесінен бастап «Еділ-Жайық» трилогиясына дейінгі барлық шығармалары теңіз тақырыбына арналып келді. Тіпті, жазушының қазақ әдебиетінде, өз қаламдастары арасында «теңіз жыршысы» атанып кеткендігі сондықтан. «Атырау» дилогиясы мен «Еділ-Жайық» трилогиясы – заман мен дәуір жүгін көтеріп тұрған шығармалар. Бұл туынды еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жазылғандықтан, кейбір тарихи көркем туындылардан өзгешелігі көп. «Жан берсек те жер беруге болмайды» дейтін трилогия кейіпкерлерінің ХХІ ғасырдағы өз замандастарына ой салары анық.
Романның негізгі жетістігі – Алашорда партиясына деген көзқарастың түзелген шағында жазылуы. Оны алашордашылдардың іс-әрекетімен бейнелеген автор Х.Досмұхамедовтың аузына «Дұрыс жол сілтей алдық па, жоқ па, білмеймін, әйтеуір сенің бақытың үшін аянып қалған жеріміз жоқ. Қатеміз болса, кешіргейсің, халқым!» деген сөзді тегін салмаған. Авторлық ұстаным Алашордаға іштарту мен Кеңес үкіметіне деген күмәннан байқалып отырады. Қазіргі таңда бұл роман жазушының ғана емес, қазіргі қазақ романының табысы ретінде жоғары бағаланып жүр. Қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыпты толықтырған «Еділ-Жайық» романы үшін Мемлекеттік сыйлық берілуі де сондықтан.
«Исатай мен Махамбет» зерттеуінің «Сөз басында» балалық шағын еске алған жазушы Махамбет ақынның өлеңдерін жаттап, Исатай батырдың рухын жан-жүрегімен сезініп өскенін айтады: «Қысқы ұзақ түндерде, өй-дөйт, Исатай көтерілісі туралы әңгіме шертілетін. Қанша әңгімелесе де тауыса алмай тарқасушы еді қариялар. Ол маған бас-аяғы жоқ, мәңгі бітпейтін «Мың бір түн» көрінетін».
Ығылман Шөреков, Қажым Жұмалиев, Берқайыр Аманшин сынды зерттеушілерден кейін Исатай-Махамбет көтерілісі туралы жазудың өзі оңай емес. Жазушының: «Имандай шыным: Кітап болсын, жарық көрсін деп жазғам жоқ, өзім үшін, өзім түсіну үшін жаздым» деген сөзінен көп нәрсе ұғуға болады. «Еңбекте Исатай, Махамбет өмірбаяны мен көтеріліс тарихына тақырып қойып, кезең-кезеңдерге бөліп жазғаныммен, жылнамалық тәсілді қатаң сақтай отырып, әріден бері қарай тіздім. Міне ғажап! Сөйткенімде, көтеріліс тарихының кей тұстардағы әр күн, әр апта сайынғы шындықтары қаз-қатар тізіле келіп, Исатай-Махамбет оқиғасының толық суретін қалыптастыруға мүмкіндік берді» дейді автор.
Әнес Сарайдың арнайы назар аударарлық зерттеуінің бірі – 2008 жылы жарық көрген «Көнеліктер» кітабы. Бұл зерттеуде «Адам атаның ұлағатты өмірі», «Қадым заман хикаялары», «Шу-мер (Сумер) және Шу тайпалары», «Юе-Чжи тайпалары және Кердері хан», «Жылан Бапы патшалығы», «Арғындардың тайпалық жыры», «Ежелгі адайлар», «Үйсіндер және оның төңірегі», «Дулаттар», «Алшындар», «Қаңлылар», «Қыпшақтар», «Қоңыраттар», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Тарих және шежіре» туралы толық мәлімет берілген. Қазақ халқының арғы тарихын қаламгер Адам ата жаралғаннан бермен қарай бір тұтастықта зерттеген. «Құран Кәрім» мен «Таурат» кітабына сүйене отырып, жер-дүниенің жаралуы туралы толғанады.
– Халқымызда «Жақсы ортақ, ай менен күндей, әмбеге бірдей» деген сөз бар. Жалпы, қазақ халқы қаншама қиын заманды басынан өткергені баршамызға да мәлім. Әнес ағаның халық үшін жазған еңбектерін оқыған жанның көкірек көзі ашылады, өз тарихына сергек көзқараспен қарай бастайды. Осының өзі қаламгер мұратының ақталғаны емес пе? — деген облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауқызы жазушыға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың Алғыс хатын табыс етіп, иығына шапан жапты. Қаламгердің жары, белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағановаға да сый-сияпатын ұсынды.
Жазушының «Еділ-Жайық» трилогиясының тұсаукесер рәсімін жасау құрметіне Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қажығали Мұханбетқалиев пен Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулетов ие болды.
– Әнес Сарайдың қазақ тарихы туралы, көк түркілерден қозғап, Ноғайлы жұртының шежіресін баяндаған еңбектерінің құндылығы күннен-күнге арта бермек. Бұл кісінің өте еңбекқорлығына бәріміз тәнтіміз. Қалам қуатының арқасында талай романдар мен хикаяттарды, әңгімелерді берді. Олардың бәрінен де ұлттық рух самалы есіп тұрады, — деді Қазақстан жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулетов.
– Ол – бүгінгі қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі. «Еділ-Жайық» трилогиясы бүгін қолдарыңызға тиіп жатыр. Көп арналарға өз кемесін салды. Исатай-Махамбетті зерттеп, жазды. Әбіш Кекілбаев өз туындыларында Сараевтың еңбектеріне сілтеме жасайтын. Осыдан-ақ Әнекеңнің қандай жазушы екенін тануымызға болады. Көк түркілер тарихынан бастап, Ноғайлы жұртының тағдырын танытты. Сөйте жүріп, «Туған ауыл түтіні», «Еділ бойы саздары» деген хикаяттарын да дүниеге әкелді, — деп толғанды жазушы Қажығали Мұханбетқалиев.
Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов қаламгердің шығармашылық қырларына тоқталды.
– Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінде Әнес Сарайдан биік, Әнес Сарайдан терең, Әнес Сарайдан кең ешкім жоқ. Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаевтан кейінгі ғұлама жазушы. Бұл кісі шығармалары арқылы өзіңнің қазақ екеніңді ұқтырады. Кейде қазаққа көңіл толмайтын кез болады ғой, сондайда осы кісіні оқу керек. Ол кісіні оқығанда қазақ болғаныңа арқаланып, жалданып кетесің. Қай еңбегін алсаңыз да соның бәрі – қазаққа сіңірген еңбек. Бұл кісі – тұтас бір институт қызметкерлерінің жиылып кеп жаза алмайтын жұмысын жалғыз өзі жазған кісі. Көк түріктер тарихы, Ноғайлы тағдыры, Исатай-Махамбет шежіресі – осының айғағы. Алдағы уақытта бұрын жазғандарыңыздан да керемет дүниелер жазарыңызға сенемін, — деді Мереке Әбдешұлы.
Кеш соңында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарай ұйымдастырушылар мен оқырмандарға өз ризашылығын білдірді.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА