Біздің болашағымыз – ұрпағымыз
ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЛЫ БОЛУЫ ҮШІН «ТАРИХ – ТІЛ – ТӘРБИЕ» ҮШТІГІН ҰШТАСТЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ. ӨТКЕНІН БІЛІП, ТІЛІН ҚҰРМЕТТЕЙТІН, ҰЛАҒАТТЫ ТӘРБИЕМЕН СУСЫНДАҒАН ҰРПАҚ – ЕЛ ЕРТЕҢІНІҢ ЖАРҚЫН БОЛАРЫНЫҢ КЕПІЛІ. ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ОБЛЫС ӘКІМІ СЕРІК ШӘПКЕНОВТІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТКЕН «ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ: ТАРИХ, ТІЛ, ТӘРБИЕ БІРЛІГІНДЕ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ «ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ» ОСЫ МӘСЕЛЕЛЕР ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ. №34 КӨП САЛАЛЫ МЕКТЕПГИМНАЗИЯСЫНДА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ШАРАҒА ҚАЛАДАҒЫ КОЛЛЕДЖДЕР МЕН МЕКТЕПТЕРДІҢ ТАРИХ, ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНДЕРІНІҢ МҰҒАЛІМДЕРІ ҚАТЫСТЫ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Өйткені, біздің болашағымыз – ұрпағымыз. Тәуелсіздікті нығайтатын да, елі үшін қызмет ететін де солар. Тәуелсіздік – біздің баға жетпес құндылығымыз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке, — деді С.Шәпкенов.
Әлемдік тарихта талай ұлт болды. Солардың арасында жері жоқ, өз тілінде сөйлей алмайтындары да бар. Осы тәрізді маңызды мәселелерге тоқталған облыс басшысы Тәуелсіздік бізге бұйырған бақ екенін айрықша атап көрсетті.
– Өз еліміз, жеріміз, тіліміз бен әдетғұрпымыз бар. Осыларды сақтағанда ғана елімізді әрі қарай нығайтып, дамыта аламыз, — деді Серік Жамбылұлы.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген мәні зор тәмсілін келтірген Серік Шәпкенов осынау ұстанымның өміршең екенін, әсіресе дәл қазір ерекше маңызға ие екенін айтты. Тәуелсіздікті сақтау үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу, сол арқылы бәсекеге қабілетті ұлт ретінде алпауыт елдер арасынан өз орнымызды айшықтау керектігіне тоқталды. Мемлекет тарапынан жастардың оқып, білім алуына жағдай жасалып, мүмкіндіктер қарастырылған, сол үшін салаға қомақты қаражат та бөлініп отыр.
«Дөңгелек үстел» басында тақырыптық баяндамалар тыңдалды. «Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ» тақырыбын талдаған Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің тарих пәнінің зерттеуші-педагогы Сәуле Жұмаханова ұстаздық жолында оқушыларды тарихи оқиға ортасында отырғандай әсер бере отырып, олардың бойына ұлттық көзқарасты, мінез-құлықтағы адамдық тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыруды көздейтінін айтты.
– Жас ұрпақ – біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы өкілі ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Қазір біз өз елімізбен, тәуелсіздігімізбен мақтанамыз, — деді ол. Ал, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің әлеуметтік экономика пәнінің зерттеуші-педагогы Дина Лұқпанова білім мен ғылым – кез-келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші екеніне тоқталды. – Сондықтан, тәуелсіз ел атанған а лғашқы күннен баст ап білім, ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту мақсатын қойды. Білім беру мекемелерінің құзыреті кеңейді, жалпы орта білім және мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді, үш тілде оқыту жүйесі енгізілді. Шетел азаматтарына Қазақстан Республикасында білім алуға рұқсат берілді, — деді ол.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Идрисов жоғары оқу орны мен колледждер, мектептер арасындағы интеграция мәселесі жөнінде пікірін білдірді. Мұғалімдер дайындау барысындағы инновациялық технология, ерекшеліктер мен тың бағдарламаларды айтқан Саламат Нұрмұханұлы университет қабырғасында болашақ ұстаздардың тәрбие сіне де көңіл бөлінетіні, ғылымның дамуына жол ашылғаны туралы да атап көрсетті. Еркін пікір алмасу форматында өткен басқосу барысында көптеген ойлар мен ұсыныстар айтылды. Мәселен, спикерлердің бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәнін меңгеретін студенттерге ұлттық құндылықтарды насихаттау аса қажет екенін айтты.
Атырау өңірінде киелі жерлер көп. Тарихтың сырын бүккен көне орындарға оқушыларды мейлінше көбірек тарту да «дөңгелек үстел» басында көтерілген тақырыптың бірі. Оған қоса, музейлерге бару, архив құжаттарымен жұмыс жасау да кең көрініс алса, ұтарымыз мол. Қатысушылар қазіргідей геосаяси ахуалда елдің қуатты, біртұтас ұстанымда болуы маңызды екеніне де назар аударды. Қаңтар оқиғасынан, Конституцияға енгізілген өзгерістер және кезектен тыс өткізілген Президент сайлауынан кейінгі тарихи сананың жаңаруы, елдің ендігі дамуы бағыты жөніндегі сауалдарға да жауап айтылды. Шынында, тәрбиенің бастауы – отбасы. Ал, мектеп қабырғасындағы сапалы білім мен саналы тәрбие арқылы ұрпақтың ұлтжанды, Отаны мен тілін сүйіп өсуіне мүмкіндік туады. Алуан пікірлердің түйінді межелері осынау ұстанымға саяды.
Ш.Уәлиханов атындағы №9 мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Нұрбағыт Жеңісов тарих кабинетін мол мағлұмат беретіндей етіп жабдықтауды ұсынды. Оның ойынша, тарих кабинетіне ханбатырлар, би-шешендердің портреттері мен тарихи оқиғалар жылнамасы жазылған стендтерді іліп қойып, сабақ өткізудің заманы өткен.
– Қазіргі оқушыға заманға сай білім берілуі керек. Тек тақтаға жазумен шектелсек, оқушылар үшін пән қызықсыз болады. Сондықтан, проектор, компьютер болғаны жөн. Геймификацияны қолдану қажет. Яғни, тарихты оқытуда ойын үрдістерін пайдалансақ, оқушының қызығушылығы арта түседі, — деді жас маман.
Ал, №31 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Жанар Мәдиева оқулықтағы олқылықтар, тарихи мағлұматтарды мейлінше дәл берудің маңыздылығы жөнінде пікір айтты. Шара барысында облыс әкімі Серік Шәпкенов №34 көп салалы мектепгимназиясындағы «Koshbasshy» интеллектуалды элиталар одағының жұмысымен танысып, клуб мүшелерімен пікір алмасты, дебат ойынына да қатысты. Модератор, тарих ғылымдарының докторы Сайполла Сапановтың пікіріне қарағанда, жоғары деңгейде өткен жиынның маңызы өте зор болды.
– Облыс әкімінің ұстаздармен мектеп қабырғасында тақырыптық арнайы кездесуі – көп ұйымдастырыла бермейтін шара. Сондықтан, «Халық үніне құлақ ас атын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі осындай болады десек, артық емес. Ал, «Koshbasshy» одағының жұмысы – қазіргі еліміз ұстанған бағыттың бірі, яғни, саяси элита қалыптастырудың көрсеткіші. Талданған тақырып – анскулинг. Бұл – Батыс Еуропада кеңінен танылған тәжірибе. Алайда, кез-келген мемлекеттің білім берудегі біз үшін таңсық тәсілін таңдау міндетті емес, елдегі білім беру әдістемесіне сай келуін бағамдаған жөн. Сондықтан, тың технологияны қазақстандық білім беру форматымен сәйкестендіріп қолданса, жемісін көбірек берері анық, — деді саясаттанушы.
Гүлжан ӘМІРОВА
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ