Тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір…

img15 Қоғам

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін көргенде риза кейіпте болатынымыз рас.

Қазақша сайрайтын татар

Мемлекеттік тілдің мерейін асырып, мақал-мәтелдетіп сөз алғанда Радик Құлшықов та алдына жан салмайды. Ұлты татар Радик «Қазтранском» акционерлік қоғамында жұмыс жасайды. Қызмет бабымен танысқан осы бір азамат жайлы жазғым келді. Бұған Радиктің Қазақ еліне деген құрметі, мемлекеттік тілді қадірлейтіні, айналасына қашан да ізгілік сыйлап жүретіні әсер етсе керек.   «Қазтранском» АҚ Редут желілік өндірістік басқармасының басшысы Самат Ешманов та қарамағындағы қызметкері жайлы жақсы пікір айтты.

«Радик Масхұтұлы – білікті маман, әріптестері арасында беделді, ол қазақша майын тамызып сөйлегенде, еріксіз риза боласың» дейді ол.

«Қазақ жерінде дүниеге келген қай ұлттың өкілі болсын, мемлекеттік тілді білуге, сыйлауға міндетті, – деген пікірде Радиктің өзі. – Жылыой ауданының Қосшағыл ауылында қазақ балаларымен бірге ойнап өстік. Ата-анам қазақ халқының әдет-ғұрыптарын сақтап, бізді қазақша тәрбиеледі. Жергілікті ұлт өкілдерімен аралас, сыйлас болуымыз біздің отбасылық өмірімізге де әсер етті. Біздің шаңырақты интернационал отбасы деуге болады. Мен Лариса деген орыс қызына үйлендім. Қарындасым Гүлфия қазақ отбасына келін болып түсті. Екі балам бар, үйімізде қазақша сөйлесеміз. Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі, оның сан қырлы қалтарыстарына терең бойлап, сөз мәйегін тапсаң, қызығушылығың одан бетер арта түседі».

Радик Масхұтұлы 21 жылдан бері бір мекемеде жұмыс жасап келеді. Ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәтижесі болса керек, «Қазтранском» АҚ бойынша «Өз мамандығының үздігі» атанған кезі де болды. Мені оның қарапайымдылығы мен Отанына деген сүйіспеншілігі тәнті етумен келеді. «Тілге құрмет – елге құрмет» екенін бізге Радик секілді азаматтар дәлелдеп жүргендей…

Қазақпен отасқан орыс қызы

Ал, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс қызы Людмила Боброва ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанады.

Оның бес ағасы қазақтың қызына үйленген. Ол қазақ халқының салт-дәстүрін жеңгелерінен үйренгенін айтып берді. Махамбет ауданында Сарытоғай аталатын ауыл бар. Мұнда қазақпен бірге өзге этностың өкілдері де тұрады. Солардың бірі – Бобровтар отбасы.

«Әкем Семён Сарытоғайдан қоныс аударған жоқ. Шешем Розаның ата-анасы Тәжікстан Республикасынан көшіп келген. Сарытоғайдағы орта мектепті бітірген соң қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ағылшын тілінің мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Мектепте орысша оқысам да қазақ тілін жетік білемін. Бұған мектептегі ұстазым Ізғали Қашаубаевтың қолдауымен қазақ тілі пәнінен білім олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленгенім себеп болғанын жасырмаймын. Мектепте музыкадан дәріс берген жергілікті композитор Қайыржан Ихсанов қазақтың халық әндерін орындауыма септігін тигізді. Қазақша әндерді әлі айтып жүрмін» дейді Людмила Боброва.

Оның айтуынша, бес ағасы бар. Ағаларының бәрі қазақ қыздарына үйленген.

«Үлкен ағайым қазақ қызына үйленгенде құда түсу, сырға салу дәстүрін жасадық. Бұл кейінгі ағаларым үйленгенде де жалғасты. Он бес жасқа толғанымда отбасымызға Жансұлу есімді жеңгем келін болып түсті. Сол кезде жеңгемнің 18-де еді. Жеңгелерімнен қазақ халқының салт-дәстүрі мен жөн-жоралғыны үйрендім. Жансұлу жеңгем Көрісу күні – 14 наурыз бен Ұлыстың ұлы күні – 22 наурызда ұлттық тағамдарды пісіріп, ерекше дастархан дайындайды» деп ағынан жарыла әңгімеледі ол.

Людмила Боброва 18 жыл бұрын қазақ жігіті – Ғалымжан Жиенқұловқа тұрмысқа шыққан. Қазір Талдыкөл ауылында тұрады.

«Шынымды айтсам, бала күнімнен қазақ балаларымен бірге ойнадым. Бірақ, отбасылық өмірімді қазақ жігітімен байланыстырамын деп ойламаппын. Ғалымжанмен шаңырақ көтеруге сөз байласқанда, бұған әке-шешем де, ағаларым да қарсы болмады. Сөйтіп, қазақ отбасының табалдырығын аттадым. Ата-енем мені өз қызындай бауырына тартты. Олар – өте мейірімді, адал, сабырлы, ауылдастарымыз сыйлайтын қарапайым жандар. Менің жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып, қолдау көрсеткенін жадымнан шығармаймын. Үлкен енемнің өз сырғасын құлағыма салып, бауырына тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Кіші енемнен де көп нәрсені үйрендім. Үнемі батасын беріп отыратын. Ата-енем – 7 бала тәрбиелеген көпбалалы отбасы. Қайынағалар мен абысындарым, қайынапа-қайынсіңлілеріммен татулығымыз жарасқан» дейді қазақтың келіні.

Қазір Ғалымжан мен Людмиланың бір қызы, төрт ұлы бар. Балаларының үлкені колледжде оқиды. Күйеуі «ҚазСушар» РМК-ның Атырау филиалында жұмыс істейді. Ал, Людмила – мектептің мүғалімі.

«Жаңа түскен келінге құрмет көрсетіп, келіншайға шақыратын жоралғы қазақтан басқа ұлтта жоқ. Қазақ халқының әр салт-дәстүрі мен жоралғысының астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Енемнің өмірден өткені өкінішті-ақ. Қазір атамызбен бір үйде тұрамыз. Үйімізден әлі күнге қонақ үзілген емес. Ұлыстың ұлы күнінде ағайын-туысқа Көрісу шайын беруге дайындалып жатырмын» дейді Людмила Боброва.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз