АЯЛЫ АЛАҚАН ҚАЖЕТ-АҚ…
Еліміз тәуелсіздік алған елең-алаңда мемлекеттің жалпы экономикалық, әлеуметтік жағдайы ауыр болды. Сонда да болса, қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі жалғызбасты қариялардың, көпбалалы отбасылардың, мүгедектер мен көмекке зәру қарттардың тізімін түрлі мекемелерге бөліп беріп, оларды әлеуметтік жағынан қолдауды міндеттеген еді. Яғни, мекемелер әлгі адамдардың қысқа дайындығын қамтамасыз етуге, азық-түлік әперуге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жауапты болатын. Одан бері біраз жылдар өткенімен, арамызда әлі де болса қамқорлықты қажет ететін адамдар қатары көбеймесе, азаймай келеді. Кейбір көпбалалы отбасылар үшін мектепке толық дайындықпен бару үлкен проблема болса, мүгедек жандар уақтылы ем-дом алып тұруға зәру. Аялы алақанды қажет ететін қарттарымыз да аз емес.
Өткен аптада күллі мұсылман үшін қасиетті де киелі мереке – Құрбан айт та өтті. Жүрегінде иманы бар қалталы азаматтарымыз қамқор жандарға қолдау көрсетті. Осы үрдіс күнделікті тұрмысымызда күн тәртібінен түспесе екен. Қазақ – қашанда мұқтаж жандардан қамқорлығын аямаған кең пейіл халық еді ғой…
Сүйеу СҮЛЕЙМЕНОВ,
еңбек ардагері, Атырау қаласының Құрметті азаматы.