Ауыл әйелі: ұмтылыс пен құлшыныс

552743b0 ab21 4466 8557 fb7a42fe0ee2 Қоғам

Елордада жүздеген әйел көшбасшының басын қосқан Ауыл әйелдерінің VI республикалық Форумы аясында ауыл шаруашылығы, ауылдық жерлерді тұрақты дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, өзін-өзін жұмыспен қамту мәселелері кеңінен талқыланды. Делегаттар өз тәжірибесімен бөлісіп, шалғай аудандардың табысты даму формуласын, ауылдар мен ауылдық аумақтарды, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысу арқылы өмір сүру сапасын жақсарту және әл-ауқатты арттыру туралы пікір алмасты. Аталған шараға Атырау облысынан іскер, белсенді деген 21 әйел қатысып қайтты. 

Нәзікжандылардың ерекше үлесі

Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде нәзікжандылардың үлесі орасан зор. Ғұмыры әйелден басталып, тамыры ауылдан тарайтын қазақ үшін екі атау да қастерлі, қасиетті. Сондықтан да ауыл әйелдерінің әлеуетін күшейтуге ерекше мән беріліп келеді. Бір жағынан, ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі. «Тұрақты даму басымдықтарын қалыптастырудағы ауыл әйелдерінің рөлі» атауын арқау еткен  форумда әйелдердің өз кәсіпорындарын ашып, шаруа қожалықтарын басқарып, бірегей өндірісті іске қосып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырғаны да айтылды.

Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы және  Әлеуметтік динамика қоғамдық қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Coca-Cola халықаралық қорының қолдауымен ұйымдастырылған шара қатысушылары бір-бірімен тәжірибе алмасып, шеберлік сыныптарына қатысып, панельдік пікірталастарда ойларын ортаға салды.

Аталған іс-шараның ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің ІV, V, VI шақырылымдарының депутаты Майра Айсина айтып өткендей, алтыншы жыл қатарынан өтіп отырған Қазақстан ауыл әйелдерінің форумы республикалық деңгейде ауыл тұрғындарына қолдау көрсетіп отырған, өзін танытқан алаң.

df7e7d9e 87a1 413b b2c1 3d35055658d9

– Форум әйелдер арасын-дағы, оның ішінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетеді. Ауылды бизнеске жақындату жолында жүйелі жұмыс жүргізіп, ауылдағы аналар мен әйелдерді жинап, бизнеске бейімдейік деген ниетпен жасалған жобамыз. Биыл біз елдің барлық өңіріне барып, ауқымды жұмыс жасадық.  Қазір елді біріктіретін және мұқият назар аударуды қажет ететін мәселелерді көрсету үшін күш біріктіруге дайынбыз. Бұған дейін де 3 пайыздан аспайтын жеңіл несие жөнінде жиі айтып жүрдік. Сөзіміз жоғарыға жетті. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы өмірге келді. Алда міндеттер көп, бұл бізді біртұтас және жақсы нәтижеге жетуге сенімді етеді, – дей келе әйел-аналардың барлық салада, соның ішінде кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес саласында да нәтижелі еңбек етіп отырғанын атап өтті. 

Үміт күттірген жоба

Шағын және орта бизнестің дамуында әйелдер кәсіпкерлігі ерекше рөл атқаратыны белгілі. Қоғам қайраткері Салтанат Тұрсынбекова, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтер баяндама жасап, еліміздегі әйелдердің ахуалы, олардың кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметтегі орындары туралы сөз қозғады.

7ee14a08 253d 4715 af38 9cea6acc611e

Елде тіркелген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің саны 317 мыңды құраса, оның 88,2 мыңға жуығы немесе 27,8%-ын әйелдер басқарады екен. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауовтың айтуынша, іс жүзінде сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отырған әйелдер басқаратын табысты кәсіпорындар көп. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Оның шеңберінде 17 мыңға жуық жеңілдікті микронесие беру және ауылда 18 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарымен осы жылы 100 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда шамамен 55 млрд. теңге сомаға 8,9 мың микронесие берілді, оның 35-40%-ын әйелдер өз бизнесін ашу үшін алды.

Жобаны табысты іске асыру көптеген ауыл тұрғындарының табысы өсуінің сөзсіз катализаторы болады және ауыл тұрғындарының жартысынан көпшілігін, әсіресе, бірінші кезекте әйелдерді кәсіпкерлікке тартуға мүмкіндік береді. Биыл 100 млрд. теңге сомасына бюджеттік несиелер бөлінді, соның есебінен жалпы қуаттылығы 373 мың тонна болатын 65 тауарлы-сүт фермасының құрылысы қаржыландырылады. Негізінен әйелдер құрайтын шамамен 1,6 мың жұмыс орны құры-лады, – деді вице-министр. 

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша «Іскер» бағдарламасында да осындай тәсіл бар. Онда ауыл тұрғындары, оның ішінде әйелдер де агроөнеркәсіптік кешенде бизнес-жобаларды іске асыруға несиелер/микронесиелер ала алады екен. 

Салық төлемдері қысқарады

Үкімет әкімшілік жүктемені азайтып, қолдау көрсету арқылы, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша жүйелі шараларды іске асыруда. Қазіргі таңда осы мақсатта бірнеше заңнама жобалары дайындалып жатқаны белгілі болды. Мысал ретінде «Таза парақтан реттеу» заңнамасы мен Жаңа салық кодексін айтуға болады. Ол жөнінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков  кеңірек тоқталып өтті. 

– «Таза парақтан реттеу» қағидаты аясында 10 мыңнан астам өзекті емес талап анықталып, оның 9 мыңы заңға сәйкес алынып тасталды. Ал, қалғандары Парламент  Мәжілісіндегі заң жобасы шеңберінде жыл соңына дейін алып тастауға жатады. Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады, ол 2024 жылғы 1 қаңтарға қарай адамның қатысуынсыз тексерулерді тағайындауға мүмкіндік береді.  Соның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру және айыппұлдар саны 2 есе азаяды.

Жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушіге бағдарланған әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетін болады. Салық төлеушіге тіркеуден бастап оны есептен шығаруға дейін фискалдық көмек көрсетіледі деген сөз. 

Мемлекеттік кірістер комитеті (БКМ, POS терминалдар және банктік шоттар) деректер базасы негізінде салық органдары салық төлеушіге (микро, шағын бизнес, алдын ала толтыру) салық есептілігінің жобасын дайындайтын болады. Қарызды өндіріп алу кезінде шоттарды тыйым салу тетігі қайта қаралады, – деген ол қолданыстағы ынталандыруды сақтай отырып, бизнесті қолдаудың жаңа шараларын ұсынатындарын жеткізді.  

Баяндамашыдан білгеніміз-дей, салық есептілігі 30%-ға, салық төлемдері 20%-ға қысқарады. Бұдан басқа, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар үшін 3 жылға жеңілдіктер берілетін болады. 

Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге еліміздің экономикалық прогресі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет екенін ерекше атап өткен еді. 

Экожобалар – қоғам назарында

Іс-шара кезінде «CocaCola белестерi» байқауының жеңімпаздары анықталды. Яғни, 20 келіншек арнайы грант ұтып, өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Әлеуметтік жоба аясында 70 мың адам арнайы оқытудан өткен.  Қайта өңделген шыны мен керамика өнімдерін сонау Өскеменнен ала келген форум қатысушысы Людмила Евженкова 4000 доллар көлеміндегі грант ұтып алды. 

– Біз салқын өңдеу технологиясын қолданамыз, яғни материалды балқытпаймыз. Бұл экологиялық таза тәсіл саналады. Шыны мен керамиканы ұсақтап, қалыптарға құямыз. Яғни, балқыту үшін температураны қыздырмаймыз, демек атмосфераға зиянды қалдық бөлмейміз, – деген ол бұл қолдау-көмектің кәсібін нығайтуға, аяққа тұрғызуға үлкен көмек екенін айтты.  

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл байқауға 300-ден астам әйел қатысқан. Бәрі де Business Team жобасы аясында тегін оқытудан өтіпті. Орталық Азия және Кавказ елдеріндегі Coca-Cola компаниясының корпоративтік байланыстар және коммуникациялар жөніндегі менеджері Александра Аккирман аталған жоба аясында әйелдер кәсіпкерлік, қаржы, есеп, маркетинг және әлеуметтік желідегі сатылым негіздерін үйренетінін жеткізді. 

«Бизнес жоспар құрып, табысты есептеуге, оны еселеуге қажет дағдылар. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы жылда 20 жеңімпазды жариялады. Осылайша, ауылдағы кәсіпкер келіншектер грантқа ие болды» десе, әріптесінің сөзін жалғаған «Әлеуметтік динамика» ҚҚ директоры Елена Ожго біліктілігін арттырған қатысушылар бизнесін жолға қойып, жұмыс орындарын құрып, шығындарын есептеп, жобаның табыс әкелетініне көз жеткізуі тиіс екенін айтты.  Айта кетейік, «CocaCola Белестерi» жобасы аясында бөлінетін грант сомасы екі мыңнан төрт мың долларға дейін жетеді.

Жыл сайын ауыл әйелдерінің онлайн платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы жаңа білім алуға деген қызығушылығы артып келеді екен. 2020-2021 жылдары, пандемия кезінде бұл мәжбүрлі шара болса, қазір әйелдердің өздері отбасылары мен үй шаруаларын қалдырмау үшін онлайн оқуды жөн көретін көрінеді. Мұндай ақпаратты таратқан Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменовтен білгеніміздей, Farmerschool.kz сайтында 8 мыңнан астам әйел тіркеліп, оқудан өтіпті. Бұл сайтта бизнестің әртүрлі 23 бағыты бойынша бейне оқулықтар мен пайдалы ресурстар бар. 

Кешке дейін созылған форум жұмысы бұдан әрі пленарлық отырыстармен жалғасты. Онда кәсіпкер келіншектерге көрсетіліп отырған қолдаулар, әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, агротуризмді дамытудағы әйелдердің рөлі, ауыл әйелдері арасында көшбасшыларды шығару, жұмыссыз әйелдерді қолдау жөніндегі шаралар, отбасы құндылықтары мен қазіргі заманғы гендерлік саясат, ауыл шаруашылығымен айналысатын әйелдерге несие беру мәселелері сөз болды.

Форум барысында «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері/100 историй успеха сельских женщин Казахстана» атты бесінші кітаптың таныстырылымы өтті. Онда  әр ауыл әйелдерінің ауылды кешенді дамытуға қосқан үлесі мен жетістіктері, табысқа жетуі, әр әйелдің өз отбасында ғана емес, бүкіл мемлекеттің дамуына өзіндік үлесін қоса алатыны туралы жазылған.  Аталған кітаптан өз жетістіктерін көрсетіп, жұмыстарын адал жолмен жүргізіп, келешекте білікті, білімді, өнерлі, ұлт қамын ойлайтын саналы ұрпақ өсіру мақсатын көздеген 8 жерлесіміздің де есімдері мен олар туралы ақпаратты көруге болады. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Атырау–Астана–Атырау

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз