Атырауда жаңашыл жастар жобасы қолдауға зәру

жастар форум 5 Жаңалықтар

Жуырда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Saraysiq. Upgrade» («Сарайшық. Жаңғырту») атты өңірлік жастар форумына Ақтөбе, Орал, Маңғыстау секілді еліміздің батыс өңірлерінен ғана емес, шекаралас Астрахан мен Орынбор аймақтарынан 150 жас қатысқан еді. Төменде осы жиында талқыланған мәселелерге сараптама жасауды жөн көрдік.

жастар форум (5)

Қоршаған орта қамқорлыққа зәру

 – Әдетте мұндай форумдарда экология мен медицина салалары назардан тыс қалып жатады. Бүгін осы олқылықтың орны толғандай болды. Өйткені, топырақ ластанып, мұнай төгіліп, атмосфера бұзылып, қалдықтар көбейіп, өрт лапылдап жатқанда қалайша үнсіз қол қусырып отыруға болады? Бұл табиғи және адами факторлар табиғатқа айтарлықтай зиян келтіруде. Осы бағытта жастар ұсынған жеті жоба зертханалық сынақтан өтті. Қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелермен жастар жақсы таныс екен. Олардың ішінен үздіктерін анықтау оңайға түспеді. Десек те, бірінші орынға Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Мақсат  Хобдабаев пен Айнұр Адайбаеваның дайындаған робот-машина жобасын лайық деп таныдық. Бұл робот жасыл желек егуге болатын топырақты, оның құрамындағы тұз мөлшерін анықтап, дәнді де өзі себеді. Мұндай жоба өндірісті өңір үшін өте қажет, – дейді тәжірибелі эколог Лаура Маликова.

Айта кетейік, Лаура – Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің түлегі. Мамандығы – инженер-химик, бес тілді еркін меңгерген. Швециядағы технология институтында білімін шыңдап, түрлі бағытта экологиялық зерттеулер жүргізген.

Тұрмыстық қалдықтанкірпіш

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан   аграрлық-техникалық университетінің студенті Әсем Иманғалиева қатты тұрмыстық қалдықтардан кірпіш жасау технологиясын ұсынған еді.

– Артық қалдықтарды азайтып, құрылыс материалдарын үнемдеуге жол ашатын осы жоба арқылы Қытай тау-кен ісі және технология университетінің магистратуралық білім грантын ұтып алдым. Бар құпия полистиролды қалдықтар мен техникалық резеңкені кәдеге жаратуда жатыр, – дейді ол.

Сол сияқты, жас ғалым, өнертапқыш Ержан Нұреденов осыдан бір жыл бұрын күн мен желден энергия алатын, ыстық пен суықтан қорғайтын «ақылды ағаш» жобасын ойлап тапқан. Онда тегін «Wi-Fi» ғаламтор желісі мен ұялы телефондарды қуаттағыш «USB» қондырғысы да іске асырылатын болады. Оған енді инвесторлар керек. Қондырғының жарамдылық мерзімі – 25 жыл, он жылға кепілдік беріледі. Әйтсе де, оны жүзеге асыруға ешкім қолдау білдірмегендіктен, кейінге шегеріліпті. Тіпті, «EХPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінен де кешігіп қалған.

жастар форум (4)

Бұл жолы бұрынғыдан өзгерек

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспан форумның жоғары дәрежеде өткенін жеткізді.

Бұлжыл сайын өткізілетін дәстүрлі форум, – деді ол.Бірақ, осы жолы оның тақырыбын жастардың өздері таңдады. Осылайша, кинематография, экология және медицинамен әуестенетін жастарды әлеуметтендіру мен интеграциялау мақсатында жаңа әдістемелер мен технологияларға негізделген арнайы алаңдар құрылды

Қатысушылардың бірі Эльвира Серікова жастардың басын қосатын осындай шаралардың маңызы зор деп санайды. Ал, Темірлан Серіков медицина бағытында өз идеяларын ұсыну үшін арнайы Орал қаласынан келгенін айтады. «Мұнайлы мекеннің тұнған тарих пен тылсым тағылымға толы жерлерін аралаудың өзі бір ғанибет» дейді ол. Ал, Астрахан мен Оренбург қалаларынан келген Диляра Баймұхамбетова, Николай Сергеевич пен Андрей Гранкин осындай шараны өз қаласында өткізгілері келетінін айтып қалды.

Кинематография бағытында дәріс алған маңғыстаулық Тілек Бақтыгереев пен Гүлзия Қылышбайқызы белгілі актер Санжар Мәдиев секілді өз ісінің білгірлеріне ризашылығын білдіріп жатты. Ақтөбелік Амангелді Әлимұхаммед пен атыраулық Олжас Аққалиевтің  алдағы уақытта да осы тектес шаралар көбірек ұйымдастырылса деген тілектері де өте орынды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз