АУРУДЫҢ БӘРІ – ТАЗАЛЫҚТЫ САҚТАМАУДАН
Жыл ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы біршама жақсарды. Қала, аудандардағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармалары өздеріне қатысты аймақтарда санитарлық-гигиеналық тазалық жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуіне біршама көңіл бөлді. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемелері білікті мамандармен біраз толықты.
ҚР ДСМ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Атырау облысы бойынша департамент директоры Өмірзақ Зинуллин жыл ішінде атқарылған осындай жұмыстарды тілге тиек ете келіп, денсаулық саласында орын алған кемшіліктер мен шешімін күткен мәселелерді де ортаға салды.
— Жасыратыны жоқ, — деді Өмірзақ Зиноллаұлы, — облыстың көптеген емдеу мекемелерінде инфекциялық бақылау өз деңгейінде емес. Осы ретте облыстық, аудандық ауруханалар медициналық қалдықтарды уақытша сақтау орынжайларын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендірмей отыр.
Аймақта жыл сайынғы көктемгі, күзгі санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, жүргізілгенімен, Атырау қаласы мен аудан орталықтарының санитарлық жағдайы әлі де жақсартуды талап етеді.
Қазіргі кезде облыста апаттық жағдайдағы 12 мектеп бар, олар Махамбет, Индер, Жылыой аудандары мен Атырау қаласында болып отыр. Білім және денсаулық сақтау басқармалары басшыларының қаперіне беретін тағы бір мәселе — облыс бойынша 59 мектепте, соның ішінде 38 қалалық типтегі және 16 селолық жобадағы мектептердің медициналық кабинеттерінің құралдармен жабдықталуы талапқа сай емес, медициналық қызмет көрсетуге лицензиялары жоқ.
Жүргізілген тексерулер барысында бактериологиялық көрсеткіштерге 3554 тамақ сынамасы және химиялық көрсеткіштерге 3712 сынамалар алынып, гигиеналық қауіпсіздік талаптарына сәйкессіздіктер анықталды. Ал, кейбір нысандар, олардың ішінде эпидемиологиялық маңызды нысандар тұрақты жұмыс істемейді және алуға міндетті рұқсат құжаттарын заңдастырмаған.
Алқа мәжілісінде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының директоры Өтеміс Апуов орталықтың өткен жылдағы жұмысының қорытындылары, Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Айбарша Мұратова МСЭҚБ өткен жылдағы атқарылған жұмыстары туралы баяндады. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан Өтепқалиев өткен жылда денсаулық саласында біраз жұмыстардың жасалғанын айта келіп, Елбасының 2050 стратегиялық бағдарламасы негізінде облыс халқы денсаулығының салауатты болуы жолында медицина қызметкерлерінің алдында жауапты міндеттердің тұрғанын алға тартты.
Алқа мәжілісіне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары мен ұйымдарында жыл ішінде атқарған оң істермен қатар, кемшіліктердің барын атап өтті. Қала, аудандардағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармалары қала, аудан әкімдерімен ұдайы байланыс жасап, санитарлық-тазалық жұмыстарына жоғары жауапкершілікпен қарауға тиісті екендіктерін қаперге берді.
Ғ.ЗИНУЛЛИН.