Жарнама
Қоғам

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛҒАН АУЫРМАЙДЫ

Облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау  департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин өз сөзінде аймақтағы эпидемиологиялық маусымда тұмаудың және басқа да жіті респираторлық вирусты жұқпалардың эпидемиологиялық жағдайын баяндады.

— Облыста жіті респираторлық вирусты жұқпалардың 322 жағдайы тіркеліп, ауру көрсеткіші 56,9-ды құрады. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 157 жағдай анықталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 2014-2015 жылдардың эпидемиялық маусымында тұмаудың А (H1N1, H3N2) типтерінің айналымы болжанып отыр, — деді департамент басшысы Ө.Зинуллин.

Жыл сайын дүние жүзі халқының 10 пайызы тұмау ауруына шалдығып, дамыған елдерде аталмыш аурудан және оның асқынуынан 30-40 мың адам көз жұмады екен. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары тұмаудың жеңіл-желпі аурудың бірі емес екендігін, ол асқынған жағдайда «ұйықтап» жатқан ауруларды қоздыратынын ескертіп өтті.

— Биыл облыста эпидемиялық маусым бір айға ерте басталып отыр. Сондықтан, дәрігерлер бұл мәселеге өте мұқият қарауы тиіс. Халыққа бұл аурудың алдын алуды түсіндіру керек, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Тұмау вирусының қауіптілігі – ағзадағы созылмалы жүрек, өкпе, жүйке, тамыр жүйесіндегі ауруларды асқындыруы болып табылады. Вирус аурудың ағзасында ауру басталғаннан кейін үш-бес күн сақталады.

Департамент басшысы Өмірзақ Зинуллин тұмаудың алдын алудың бірден-бір жолы аталған ауруға қарсы екпе алу екендігін айта келе, осыған орай бірқатар мәселелер туындап жатқанын жеткізді.

— Облыс бойынша тұмауға қарсы вакцина алуға жергілікті бюджеттен 16 миллион теңге қаражат бөлініп, оған 22200 доза вакцина алынды. Аталған ауруға қарсы екпе сау адамдардың 70-80 пайызын тұмау жұқпасынан, 60 пайызын әртүрлі асқынулардан және 60 пайызын өлімнен сақтайды. Алайда, кейбір ата-аналар сәбилеріне екпе салдырудан бас тартады. Мәселен, биылғы жылдың он айында 380 бала екпе алмаған. Мұндай жағдайлар облыста қызылша сияқты аурулардың дүмпуіне әкеліп соғуда. Соңғы он жылда вакцинаның көмегімен қызылша ауруының көрсеткіші азайған болатын. Бірақ, биылдан бастап кері өсім байқалып отыр, — деді Өмірзақ Зинуллин.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қала және аудан басшыларына инфекциялық аурулардың алдын алу жөнінде қоғамның әлжуаз топтарына насихат жұмысын көбірек жүргізуді қолға алуды тапсырды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button