«АУРУ – АСТАН…» ДЕГЕН ДЕ БАР
Бірақ Қазақстан үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар. Ол – тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасайтын қадамдарға бару. Шүкір, астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына еніп отырмыз. Бізде әлеуетті ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз. Былайша айтқанда қоғам дамуына қажеттінің бәрі бар: іс те, күш те, бірақ, түпкі нәтиже үнемі солай бола бере ме?
Атыраудың өзін алыңыз — аса ірі өндіріс ошақтары шоғырланған іргелі де әлеуетті облыс екені белгілі. Отандық, шетелдік корпорациялар жетерлік. Инвесторлар жерасты байлығын алып жатқан соң өндірістер мен зауыттардың қоршаған ортаға тигізіп отырған зардабы да зор. Бұл мәселе, әсіресе, Жылыой ауданында облыстық әкімдіктің жанындағы қоршаған ортаны қорғау мәселесі жөніндегі комиссиямен де жиі қозғалып жүр. Жайық-Каспий экология басқармасы мәліметіне сүйенсек, 30-дың үстінде мұнай-газ кен орындарында 10-15 мекеме мұнай өндірумен шұғылданады. Тұрмыстық ақаба сулар тазалаусыз жіберіліп, қоршаған ортаға залал, салынған айыппұлдар мемлекет пайдасына өндіріліп келгенін ұмыта қойған жоқпыз. Зиянды өндірістік зардабы жұмысшылардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Мысалы, кеніште экспортқа шығарылатын мұнай, сұйытылған газ, күкірт сияқты улы газдардан босап келетін темір жол қазандары Құлсары қаласындағы тұрғын үйлерге жақын темір жол тұйықтарында уақытша тұрып, зиянды, жағымсыз иістерімен тұрғындардың орынды наразылығын тудырып келді.
ТЕҢІЗ ТҰНШЫҚТЫРА БЕРЕ МЕ?
Биылдың өзінде Жылыойда санитарлық тазалық, оны бақылап, алдын алудағы семинар-кеңес облыстық деңгейде үш мәрте – екеуі Теңіз кенорны аймағында, енді, міне, Құлсарының өзінде өтті. ҚР ДСМ МСЭҚК-нің Атырау облысы бойынша департаментінің тамақ нысандарын қадағалау бөлімінің бастығы Мария Меңдіғалиеваның баяндамасына сүйенсек, қоғамдық тамақтандыру орындарында астан улану, ішек ауруларының туындауы қазақстандықтар арасында әлі өткір күйінде қалып отыр. Бұл — біздің өмір-тұрмысымыздағы зардапты тұсымыз. Мысалы, 2012 жылы тамақтану сипатында 11 аурулық оқиға тұтанып, одан 296 адам зардап шекті, ал, алдыңғы жылы осындай алты оқиғадан зардап шеккендер саны – 91. Зерттеулер көрсеткендей, тамақтан улану мен ішек ауруларының туындауы – тиісті талаптарды өрескел бұзу болып отыр. Яғни, ол – тамақ дайындаудағы технологиялық талаптардың сақталмауы, жұқпалы ішек ауруларын тасып жүретін адамдардың тамақ дайындау ісіне кіріп кетуі, салқындатқыш жабдықтардың уақытында жөнделмеуі, т.б. Атырау өңіріндегі осындай оқиғалардың көрсеткіші жыл сайын өсіп отыр. Мысалы, улану оқиғасы 2005 жылы — 16, 2006 жылы — 18, 2007 жылы 497 рет болған. 2008 жылы Теңіздегі «Шаңырақ» вахталық поселкесінде 215 адам зардап шеккен оқиға әлі ұмытылған жоқ. Кремдік кондитерлік тағамдар рұқсатсыз пайдаланылыпты. Алдыңғы үш оқиға Каспий теңізінде «Каспийская принцесса», одан кейін екі мәрте «Карабатан» асханаларында орын алды. Сөйтсе, тамақтандыру орындары рұқсатсыз жұмыс істеп келіпті. Жарамсыз технологиялық жабдықтардың кесірінен 4-5 сағат ішінде азық-түліктер бүлінбей тұра ма?
Ағымдағы жылы департамент қызметкерлерімен Теңізде орналасқан «Ариадна», «Сенімді құрылыс», «Шака», «Карат» сияқты ЖШС мекемелері асханаларында жоспарлы тексерулер жүргізілді. Анықталғаны – санитарлық тәртіп пен нормалардың өрескел бұзылып отырғандығы. Тамақ дайындау үшін технологиялық карта жоқ, ас мәзірі көрсетілмейді, кәсіптік дайындығы, мамандығы жоқ адамдар өріп жүр. Күнделікті бақылап отыратын медқызметкерлер ай қарап жүр ме? Бір қызығы, азықтар – мерзімі өтіп кеткен сақтау орындарында, оны айтасың, қолдану мерзімі көрсетілмеген. Бұл ретте «Ариадна» ЖШС алдына жан салмайды. Ас үй ыдыстары бір ғана раковинада былығып жатыр, жұмыртқалардың өңделген-өңделмегенін адам білмейді, таза сальмонеллез. Ол жерде жұмыс киімдері де ілулі тұр. Лабораториялық зерттеулер бұл асханаларда ішек таяқшалары бактериялары тобы орналасқан деп тапты. Аталмыш асханаларға және жауапты қызметкерлеріне айыппұл санкциялары салынып, ол 651999 теңгені құрады.
ҚАРАБАТАННЫҢ
ЖАЙЫ БҰДАН ДА БЕТЕР
Мария Махиқызының соңғы жаңалығы «БТ ойлкорпорация», Теңіздегі «Интеграл Құрылыс» пен «Жоларис», «Казпетротранс», «Мако» «Матен петролеум» сияқты жиырма-отыз шақты мекеме қызметкерлерінің құлақтарын елең еткізді. Қарабатанның қоғамдық тамақтандыру нысандарында («Алмата Ист» Вест Групп» және Бонатти С.П.А. Қазақстан») қызметкерлер арасындағы «өткір жұқпалы аурулар, сальмонеллез» топтық аурулары дүр сілкіндірді. Бір емес, 11 адам бірдей денедегі жоғары қызу, бас айналу бойынша арыз айтып келген. «Алмата Ист Вест Групп» ЖШС асханасында тамақтанып келген бұл адамдар саны кейін 14-ке жетті. Зерттеу көрсеткендей, 500 орындық асханада түстік кезінде 680-720 адамға дейін тамақтанып келген. Ыдыс-аяқтарды жуу режимі өрескел бұзылған, ыстық су тиісті деңгейде жылытылмайды. Асханада технолог маманы деген жоқ. Ас әзірлейтін адамдар тиісті дайындықтан өтпеген, азық-түлік режимі сақталмай, бұзылған. Сальмонеллезбен ауырғандар тиісті емдеу курстарына жіберілді.
ТОЙҒА БАРСАҢ, ТОЙЫП БАР!..
Осыларды айтқанда, көз алдыңа қазақы той-садақалар көрінісі келеді. Кез келген той уақытынан 4-5 сағат кеш басталатыны үйреншікті жайт. Одан да асып түсетіні сорақы. Осы уақыт арасында не болмайды? 8-9 сағаттың ішінде үстелге жайылған тағамдар бастапқы сапасын жойып бітпей ме?! Әсіресе, тез бұзылатын жеміс, салат түрлеріне обал-ақ. Етті кез келген адам турай береді. Қызылқоғада бір қызық оқиға болды. Түннің уақытында ауылдан қалаға қайтқан қонақтар әдеттегідей сарқыт алып қайтпай ма?! Сөйтсе, соншама жерден апарған тағамдарына ауыз бармай қалған. Жарамсыз. Бұл – қызық емес, шыжық қой!
Семинарда Жылыой аудандық санэпидстанция бастығы Алмажай Қалмұқанқызы топтық тамақтан уланудың алдын алу мақсатындағы қажетті шараларға кең тоқталды. Ауданда 140 асхана бар, оның 37-сі — Теңіз кен алаңында. Қазіргі күні әрбір адам қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының кең жүйесі – асханалар, мейрамханалар, кафе, шайханаларды кең пайдаланады. Бірақ тамақтың құндылығы, гигиеналық, эпидемиялық қауіпсіздігіне онша мән беріле бермейді. Бұл ретте медициналық бақылаудың негізгі міндеттерін жете білу керек.
Хабарламашы баяндағандай, биыл 1 шілдеде Кеден одағының ТР ТС 021/2011 «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне енді, ол ХАССП жүйесін енгізуді міндеттейді. Мақсат та айқын, жүйені енгізу 12 кезеңнен тұратынын есте сақтау және барлық нысандарға түсіндіріп жүру тапсырылды. Ол, сонымен қатар, бақылау мен есептің жазбаша тәсілін орнату мәселесіне тоқталды.
Әрине, айтылған әңгімелер құлаққа жылы естіледі. Еріксіз ойланасың. Осы тұрғыда өрісті мәдениетімізге өріс ашатын және ол мақсатты жүзеге асатын кешенді бір шара неге қолға алмасқа?! Ас үйден бастап ауамыздың, қаламыздың, даламыздың тазалығына, экологиясына ықпалды әсер ететін бір тегеурінді тетік керек-ау? Қазақстанда келешегі зор қалалар шоғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады, оның ішінде Атырау жоқ. Неге? Басты бір себеп — экологиялық жағынан өте қиын өңірдеміз.
Ашығын айту керек, өңірде санитарлық айлықтар мен сенбіліктер өткізу ежелден қалыптасып, бойымызға әбден сіңіп кеткен ескі дәстүр бар, оның осы уақытқа дейін бір озығы мен тозығы болмай ма? «Артыңда мал қалмасын, тал қалсын!» дегенді де теріс түсінеміз. Оған оң ниет, адал көзқарас керек. Бір тал ексең, бұрыштан шыққан қараусыз мал жайлап кетеді.
«Қамыскөл көлін демалыс орнына айналдырайық» деген әңгіме жылда айтыла-айтыла жауыр болды. Көлге су келмей, шіріп кетуге айналды. Құрт шықты. Жылдар бойы Жем арнасына топырақ үйіліп, шабындықтар мен жайылымдықтар тоң-тозға айналды. Өзі өскен өңірге әкім болып Мақсым Шафиыхұлы келгелі оңды іс орнынан қозғалды. Құрсай өзегі тереңдетіліп, Қамыскөлге су келді. Тасшағыл, Мойнақ, «Қосжан түбек» және Піл бөгеттері қалпына келтіріліп, малбегілер мен егіншілер бір қуанып қалды. «Бар үмітіміз – алдағы көктемде су шығады» деп отыр.
ҚАУЛЫЛАРҒА ДА ПӘРМЕН КЕРЕК
Бүгінде алынып жатқан қаулылар мен жиын-басқосуларда айтылып жатқан сөздерде есеп жоқ. Әуелі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік Бас санитарлық дәрігерінің «Өткір ішек ауруларының және тамақтан уланудың алдын алуды ескерту бойынша эпидемияға қарсы шаралар өткізу туралы» қаулысы шықты. Одан туындайтын облыстық деңгейде халықтың арасында жұқпалы ішек ауруларының және жаппай тамақтан уланудың алдын алу туралы қаулы тағы бар. Ел іргесіндегі Қырғызстандағы оба ошағы да елеңдетеді. Ал, санитарлық мамандар ел арасына қайта-қайта шабады, түсінік жұмыстарын жүргізеді, бір тақырыпты талмай қаузап жатыр. Енді мақсатты іс керек, іс!
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
Жылыой ауданы.