ӘУЛЕТ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Жаңа жыл қарсаңында біздің қолымызға тиген «Әбдірахмановтар – мұнайшылар әулеті» атты кітап Алматыдағы «Полиграфкомбинат» баспасынан орыс тілінде жарық көріпті. «Қазақ мұнайының ардақтылары» өмірбаяндық сериясы бойынша журналист Л.Монастырскаяның баспаға дайындаған кітабы Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының демеушілігімен жарыққа шығып отыр.
Бұл кітапта Қазақстанда мұнай өнеркәсібінің қалыптасу кезеңінің алғашқы бастауында болған, 1938 жылы сталиндік солақай саясаттың құрбанына айналып кете жаздап, жазықсыз жапа шеккен, өзінің жарты ғасырдан астам ғұмырын «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіндегі басшылық қызметке арнаған, қажырлы еңбегі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған Бақтияр Әбдірахмановтың өнегелі өмірі мен әке жолын таңдаған ұл-қыздарының мұнай саласын өркендетуге қосқан ерен еңбектері жатық тілмен, дерек-дәйектермен, түрлі-түсті фотосуреттермен әсерлі баяндалады. Туындыда атақты мұнайшы Бақтияр Әбдірахманұлының өз қолымен қазақша, орысша, арабша жазған естеліктері, мұнайлы өлкенің қарышты қадамдары жайлы және үлкен қызы – Ұлы Отан соғысының ардагері Гүлжамал апайдың, ұлдары Мұхиттың, Зинонның ғибратты ғұмыры, ұрпақтар сабақтастығы туралы көркем очерктер мен сыр-сұхбаттар да оқырман қауымды қызықтырмай қоймас деген ойдамыз.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Суретте: жаңа кітап.