Атыраулықтар Алғыс айту күнін атап өтіп жатыр
Бүгін көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Алғыс айту күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті. Облыстық халық шығармашылығы орталығында ұйымдастырылған жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы қатысып, ардақты ағалар мен ақ жаулықты аналарды, жалпы жиналған жұртшылықты атаулы мерекемен құттықтап, облыс әкімі Серік Жамбылұлының ыстық ықыласын жолдады.
– Қыстан аман шығып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағымен сүйіншілеп келетін, көктемнің алғашқы күні аталып өтетін 1 наурыз Алғыс айту күнімен баршаңызды құттықтаймын! Бұл айдың басында адамдар бір-біріне алғыс айтып, жүрекжарды лебізін білдіріп бастаса, алғашқы онкүндігінде нәзікжанды азаматтардың мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін атап өтеді. Биыл Президенттің тапсырмасымен Наурыз мейрамын кең көлемде ерекше мерекелік элементтермен өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, көктем айында III Ұлттық құрылтай біздің өңірде өтеді деп жоспарланып, еліміз үшін пайдасы зор басқосу болады деп күтіліп отыр. Бұл мереке жалпыұлттық бірліктің, татулықтың, әртүрлі этнос өкілдері арасындағы ынтымақтың нышаны іспеттес. Қазақ елінің пейілі мен мейірімі құдды дархан даласы мен шалқар көліндей, — деді Н.Жеңісбекұлы.
Мерекелік іс-шара облыс өнерпаздарының әсем әуені мен көркем биіне ұласты.
©️Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев