Жарнама
ҚоғамСарапTime

Атыраулық бойжеткен мәһірге Hyundai Accent сұрады

МЕШІТТЕГІ НЕКЕ ҚИЮ СӘТІНДЕ БОЛАШАҚ ЖАРЫНЫҢ МӘҺІРГЕ ЕҢ ҚЫМБАТ АВТОКӨЛІК СҰРАҒАНЫНА ШАРТ КЕТКЕН КҮЙЕУ ЖІГІТ ОРНЫНАН ТҰРЫП, «ТОЙ БОЛМАЙДЫ!» ДЕПТІ ДЕ, ЕШКІМГЕ ҚАРАМАЙ ТАЙЫП ТҰРҒАН. КЕЙІН «ҚАЛЖЫҢДАП АЙТТЫМ» ДЕГЕНІН ЕСТІГЕН ОЛ ҚҰДАЙДЫҢ ҮЙІНДЕ ӘЗІЛДЕСКЕН ҚАЛЫҢДЫҒЫН КЕШІРМЕПТІ. ОСЫЛАЙША, ЕКІ ЖАС ҚОСЫЛМАЙ ЖАТЫП МЕШІТТЕ АЖЫРАСЫПТЫ-МЫС…

Әлеуметтік желіде тараған осы бір әңгімеден кейін желі қолданушылардың мәһірге, сол арқылы дінге деген пікірлері екі айырылды. Олардың бірі оны мүлдем қазақ дәстүрімен қабыспайтынын, енді бірі мұсылманшылықта бар бұл салттың ұлтымызға да жат дүние емес екенін талқылап жатыр. Шынында мәһір деген не? Ол қандай мөлшерде берілуі тиіс? Берілмесе, неке толық бола ма? Атыраудағы мәһірдің орташа құны қанша? Осы туралы білмек болып Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің ұстазы Наркес Бохановпен тілдесіп көрдік.

– Мәһір әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы, — дейді мешіт ұстазы.

– Алла Тағала «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер…» деп бұйырады. Шариғат бойынша мәһір беру – уәжіп, яғни міндет. Бірақ, ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмесе де қиылған неке дұрыс болып саналады. Ханафи мазһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он дирхамнан азы мәһір емес» деген. Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал, бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. Мәһірдің құны аталған мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін, — деді Наркес Боханов.

Ал, енді мәһірдің шекті құнына келер болсақ, оның жоғарғы шегі жоқ екен. Яғни, қалыңдық қалаған қымбат дүниесін сұрай алады. Оған ғалымдар мына аятты дәлелге алады: «Егер әйелдеріңмен ажырасып, орнына басқа әйел алып төсек жаңғыртуды қаласаңдар, ажырасқан әйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мәһір берген болсаңдар да, одан бір сабақ жіп алмаңдар…». Аяттағы «қинтар» деп аударылған сөз көп, мол, шексіз дегенді білдіреді. Бірақ, оны бірден беруге шамасы жетпесе, бір бөлігін алдын ала, қалғанын кейін бере алады» дейді мешіт ұстазы. Алайда, ол мәһірдің мөлшерін ер азаматтың материалдық деңгейіне қарай сұрап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген дұрыс деген пікірде. «Өйткені мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай кем болмауы керек» дейді діндар.

– Атырауда мәһірге көбіне-көп алтын алқа немесе сырға сұрайды. Ең көп сұрағандардың ішінен Hyundai Accent автокөлігін сұрағаны есімде қалыпты. Жалпы, жігіт те қиналып қалмауы үшін мәһір сыйлығының тым қымбат болмағаны дұрыс. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Ең қайырлы мәһір – аз болғаны» деген. Сондықтан да мешітіміздегі неке қию рәсімінде жастарға мәһірдің өте қымбатын сұрамауды насихат қыламыз. Жастар неке қиярдың алдында алдын-ала ақылдасып, бір мәмілеге келіп қойса да артық етпейді. Өйткені, неке қиылар сәтте айтылған сөз кері қайтарылмастан қабылданады. Олай дейтініміз, Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Неке қиюдың қалжыңы да шын, шыны да шын» деген» дейді «Иманғали» мешітінің ұстазы Наркес Боханов.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Коллаж: Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button