Атыраулық әуесқой фотограф: «Әр кадрдан сұлулық іздеймін»
«Фотографтар үшін құстар – табиғаттың ең еркін әрі әсем қыры, оны суретке түсіру – табиғаттың рухын түсіну» дейді американдық фотограф Энсал Адамс. Иә, фотограф болу – бұл жай ғана суретке түсіру емес, әлемді ерекше көзқараспен қабылдау мен түсіну. Әсіресе, табиғат фотографиясында, соның ішінде құстарды суретке түсіруде әрбір кадр табиғаттың нәзік сәттерін дәл көрсетуі керек. Бұл өнер түрі фотографқа табиғаттың әрбір бөлшегіне терең үңілуге мүмкіндік береді.
Біз қаланың у-шуынан, кептелістен, қауырт жұмыстан, қарбалас тұрмыс-тіршіліктен бір сәт тоқтап, айналамызға көз жүгірте бермейміз. Қаладағы биік-биік ғимараттардан табиғаттың әсемдігін, айналадағы ерекшеліктерді аңғара да қоймаймыз. Ал, қоршаған орта біз ойлағаннан да ғажайып сәтке, таңғаларлық түске ие. Әрбір уақытымыздың санаулы болғаны сонша, ұшқан құс пен жыбырлаған құрт-құмырсқаны да елеп, ескеруден қалып барамыз. Десек те біз жуырда жануарлар мен құстарды суретке түсірумен айналысатын жергілікті фотографпен кездесіп, оның қызықты хоббиі мен ерекше кадрлары туралы әңгімелескен едік.
Ол Атырау қаласының тұрғыны – Филипп Циплёнков. Оның жұмыстары табиғаттың құпияларымен таныстырып, суретке түсірудің тек техникалық емес, шығармашылық жақтарына да назар аудартады. Ең қызығы, оның таңғажайып құстарға толы суреттерінің бәрі де өзіміздің Атырау қаласында түсірілген. Суреттерді алғаш көргенімізде осындай ерекше құстардың біздің қаламызды мекендейтініне таңғалғанымыз бар. Оның кадрлары табиғаттың әсемдігін, еркіндігі мен рухын көрсетеді. Әрбір сурет – бұл табиғаттың құпиясын ашатын, көрерменді таңғалдыратын ерекше сәттен тұрады.
Біз Филипптің түсірген суреттерін көріп, оның көзімен қоршаған ортаға басқаша қарай бастадық. Суреттері еркіндік пен жайлылықты, тыныштық пен қозғалысты көрсетеді. Кейіпкеріміздің мамандығы негізінен мүлде басқа, әуесқой фотограф «ҚазТрансОйл» АҚ-да технологиялық қондырғыларды жөндеу бойынша слесарь болып жұмыс істейді. Бірақ, бос уақытын тиімді әрі қызықты ету үшін өзінің сүйікті ісімен бір жылдан бері шұғылданып келеді екен. Суретінің басым бөлігі құстарға арналған.
Фотографтың сөзінше, оның құстарға деген қызығушылығы кездейсоқ пайда болған. Атыраулық жергілікті табиғат зерттеушісі және бердвотчер Юлия Вахмистрова өткізген экскурсияға қатысып, табиғаттың әсемдігін көре жүріп, оны құстар әлемі ерекше баурап алған көрінеді
– Суретке құстарды түсіретін себебім оларды бақылау және сәтті кадрды ұстау ұнайды. Бұл мен үшін таза ауа жұтқанмен тең. Дегенмен, бұл оңай іс емес, өйткені құстар қорқақ және әрбір құсқа ерекше тәсіл керек. Менің Instagram парақшамдағы құстардың барлығы дерлік осы Атыраудан, көбісі қала аумағынан түсірілген. Фламинго мен пеликан секілді қала сыртында тіршілік ететін құстар да бар. Дегенмен, оларды арнайы зерттемеймін, оған уақытым аз. Құс түрлерін де аса бір білмеймін. Менің негізгі мақсатым – ерекше немесе анық суреттер түсіру, — дейді Филипп өзінің қызығушылығынан сыр шертіп.
Санға емес, сапаға мән беретін ол суреттерді өзі өңдейді екен. Бұл істе тәжірибесі жоқ болса да өз қалауы мен талғамы бойынша суреттің өңін келтіреді. Кейде интернеттен дайын суреттерді қарап, соларға ұқсас етіп жасауға ұмтылатынын да жасырмады.
Әр саланы белгілі бір бағыт бойынша жеке зерттеген дұрыс-ақ. Сонда ғана іс нәтижелі болмақ. Біздің «болашақтағы жоспарларыңыз?» деген сауалымызға ол өзінің фотографтарға тән байыпты да қалыпты кейпінен танбай жауап берді.
– Жануарлардан түлкіні әсіресе, күшіктерімен бірге кездестіруді армандаймын. Соларды жақсы кадрға түсірсем деймін. Жануарлар туралы ойларым көп, бірақ олар далада өмір сүреді. Ал, менің көлігім болмағандықтан әзірге қаладағы кездескен жануарларға қанағаттанамын. Мүмкін біреуге ұнап қалар деп құстардың суреттерінен күнтізбе жасауды да ойлап жүрмін. Мен болашаққа үлкен жоспарлар құрмаймын, өмір ағысымен жүремін. Алдын-ала болжағым келмейді. Дегенмен, бір жерде тұрақтап қалатын адамдар қатарынан да емеспін. Өзімнің шабытым мен қызығушылығыма орай табиғаттың әдемілігін қағаз бетінде сақтаймын, — дейді ол.
Оның айтуынша, құстарды суретке түсіру – бұл тек техникалық шеберлік емес, сонымен қатар шыдамдылық пен табиғатқа деген сүйіспеншіліктің көрінісі. Құстарды зерттеу және олардың мінез-құлықтарын түсіну – бұл шығармашылық процесстің маңызды бөлігі. Әрбір суретте табиғаттың бір бөлшегі, оның әсемдігі мен ғажаптығы көрініс табады. Бірақ, құстарды суретке түсіріп, сәтті кадр жасау сіз ойлағандай оңай емес.
– Мен құстардың қимылына, қалай отырғанына ерекше назар аударамын. Жақсы сурет шығуы үшін дұрыс ракурс таңдау керек. Өйткені, олар бұтақтардың артына тығылып отырады. Әсіресе, құстарды ұшу кезінде түсіру менің сүйікті ісім. Қандай кадр боларын күту қызықты, кейде сәтсіз де болады. Дегенмен, әдемі көрінеді. Мұнда бастысы – шыдамдылық, кейде мен қалаған кадрды түсіру үшін жарты сағат бойы бір орында тұрып қаламын. Оларды үркітпей, оқыс қимыл жасап қорқытпай, асқан төзімділікпен суретке түсіру керек, — деді ол әңгіме барысында.
Бір қызығы, қоғамдағы болып жатқан түрлі қиындықтар оған өзгеше әсер етеді екен. Мысалы, су тасқыны кезінде көп аққұтан жиналған көрінеді. Сол кезде аққұтанның балық аулаған сәтін кадрге түсіріп үлгеріпті.
Кейіпкеріміздің негізгі мақсаты – фотосуреттері арқылы табиғаттың әсемдігін көрсету және оны көпшілікке таныстыру. Оның суреттері арқылы біз табиғаттың сұлулығын және оның нәзік сәттерін тереңірек түсіне аламыз. Ал, оның шығармашылығын болашақта көрмеден көре аламыз ба?
– Менің суреттерім көрмеге лайықты ма білмеймін. Бірақ егер қолайлы көрме болса суреттерді басып шығарып, көрсеткім келеді. Өйткені, табиғаттың сұлулығын басқалар да көрсін деймін. Мемлекет тарапынан әзірге қолдау жоқ, бұл туралы айтуға әлі ерте деп ойлаймын, себебі мен жай ғана әуесқой фотографпын. Ең бірінші нақты қадамдармен жетілген соң, түрлі жобалар өз есігін ашады деп ойлаймын, — деді Филипп.
«Фотография – бұл табиғаттың сұлулығын түсіну үшін дайындалған көзқарас» дегендей біз Филипп арқылы қаламызды мекендейтін сан түрлі құстардың барын білдік. Міне, осындай өзінің сүйікті ісі бар, шығармашыл жандар барда біздің әлемге деген көзқарасымыз түбегейлі өзгеріп, жаңа тынысымыз ашылары сөзсіз. Сондықтан айналамыздағы болып жатқан табиғаттың әсемдігінен сіз де құр қалмаңыз, оқырман!
Жайна МӘЛІМҚОЖА