Билетің бар ма, жолаушы?

daad7fbcd7f11cc22561a8b3218d7622 Жаңалықтар

Atr.kz/29 шілде, 2019 жыл. …Бізді күлімсірей қарсы алған жолсерік орнымызға жайғасуымызды өтінді. Құжаттарымызды тексеріп алды да, төрт көзіміздің түгел екенін, оның үстіне, жанымыздағы балаларды байқап «сәтті сапар» тілеуге аса бір құлық танытпады.

Көңіл-күйінің әп сәтте-ақ өзгергеніне таң қалғанымызбен, бастапқыда мән бере қоймадық. Мұның себебін кейін ұқтық қой. Ол билетсіз мінген жолаушылар үшін бос орындарды бақылап, қолында билеті бар жанмен келісе қойып, уақытша орналастыру жайын «реттеп» жүрген көрінеді. Сөйтіп, АтырауАқтөбе бағытындағы пойыз қозғала салысымен біздің вагон күтпеген «қонақтарға» лық толды. Тіпті, көбейгені соншалық, әрлі-берлі жүрудің өзі мұңға айналды.

Ауаның тарлығы, жағымсыз иіс шыдамдылықтың соңғы шегі болды. Жолсерікке сұрақты тікесінен қойдық. – Аға, «қояндарды» алуды қоймапсыздар ғой. «Резеңке» вагондар қайтадан пайда болған ба? -деп ренішімізді жеткізіп үлгердік. Оның да «тұрақты» жауабы дайын екен.

«Қайтерсіз, барлығы үйіне қайтқысы келеді. Көпшілігі – вахталық жұмыстан отбасына бара жатқандар. Билет жоқ екенін өзіңіз де білесіз» деді ол аянышты кейіппен…

«БАЯҒЫ ЖАРТАС, СОЛ ЖАРТАС…»

Иә, бұл – жақында бастан өткізген оқиғаның боямасыз шынайы картинасы. АтырауАқтөбе бағытындағы жолаушылар пойызының плацкарт вагонындағы жағдай. Ал, мұндай көрініске күн сайын жолға шыққан әрбір екінші жолаушының душар болатыны даусыз. Әсіресе, жыл сайын жаз айларында қайталана беретін тұрғындардың бас ауыртар «тұрақты» проблемасы – билет пен гигиена атаулы мүлде сақталмайтын лас вагондар жайы. Біз бұл жолы да осы мәселенің жуық арада шешімін таппайтынына көз жеткізіп, өкінішпен оралдық. Өйткені, әр жыл бойы осы жағдай конвейер секілді қайталана береді.

ЖОЛАУШЫЛАР ЖАНАЙҚАЙЫ

Жасыратыны жоқ, қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз да, «көк жәшікті» қосып, мерзімді баспасөзді шолып шықсаңыз да қазақстандықтардың теміржол қатынасына қатысты жанайқайларынан көз сүрінеді. Ел көлемінде сыбайлас жемқорлықтың жолын кесіп, алдын-алу мақсатында өткізілген «Жасырын тұтынушы» науқандық шарасы аясында да кемшіліктер анықталған еді.

Бірақ, оған құлақ асып жатқан тасымалдаушылар жоқ. Алматы қаласының тұрғыны Әбіләзім Абылай «Фейсбук» парақшасында мынадай жазба қалдырды. – Атырауда жұмыс істегініме осымен төрт жыл болды. Мен үшін ол жақта жұмыс істегеннің бір минусы – жолдың қашықтығы. Ауыл жаққа келіп кету қиын, әрі билеттер өте қымбат. Атырауға барғалы пойызға билет алудың маманы болдым.

Қандай тарифтер бар, билетті неше күн бұрын алсам арзан болады, қай пойыздардың сервисі жақсы дегендей. Жалпы, мұнайлы астанадан Алматыға екі пойыз жүреді. Бірі – тальго, екіншісі – жай пойыз. Жай пойызға қыста да, жазда міну өте қиын. Қысты күні вагондардағы көмір иісінен уланып қалуыңыз әбден мүмкін. Ал, жаз мезгілінде ыстықтан отыра алмайсыз. Алматыға дейін 52 сағат жүреді. Қысқасы, бұл пойыздың жағдайы нашар. Кеңес кезінен қалған ескі пойыз секілді. Соған қарағанда, «Қазақстан теміржолы» басшыларының өздері мұндай пойыздарға мініп көрмейтін сияқты.

Екінші пойыз – тальго. Іші өте тар, бірақ, жай пойыздан екі-үш артықшылығын атап көрсетуге болады. Купелерде кондиционер, вагондарда диспенсермен су бар және тезірек жүреді. Бұдан басқа артықшылығын көрген жоқпын. Алайда, билеттің бағасына қарасаң, адам шошиды. Пойыздың ішінде тегін тамақ беріп, жол бойы жанға жайлы қызмет көрсететіндей құн сұрайды. Билетті мен 45 күн бұрын аламын.

Кеше сол АлматыАтырау бағытына 19 тамызға билет қарасам, біреуінің құны – 32 000 теңге. 45 күн бұрынғы билеттің бағасы – осы. Олар күн сайын қымбаттай береді. Жақындаған уақытта билет алғыңыз келсе, купеге шамамен жоқ дегенде 50 000 теңгеге
билет алуға тура келеді.

Ал, былтыр дәл осы билет 19 000 теңге болатын. Сонда бір жыл ішінде билет бағасы 68 пайызға қымбаттап кеткен. Оның аспанға шарықтауының себебі неде екен? Ешқандай жаңа қызметтер қосылмаған, сол бұрынғы жолсеріктер, сервис тұрғысынан даму жоқ. Керісінше, пойыздар ескірген, әжетханаларынан жағымсыз иіс шыға бастаған. Халықтың жалақысы да бір жылда 70 пайызға көтерілмейді. Жалпы, қарапайым қазақстандық ретінде қынжылдым. Біз әйтеуір, бірнәрсе етіп билет алармыз. Бірақ, мүмкіндігі жоқ адамдар не істейді? Оны ойлайтын, халыққа шынайы қызмет ететін «Қазақстан теміржолы» қайда екен?

45 КҮН БҰРЫН…

Расында да, қарапайым жолаушының сұранысына сай қызмет ұсынып жатқан ешкім жоқ. Ал, билет «жыры» тіптен күрделеніп кеткенге ұқсайды. «Қырық бес күн бұрын Алматыға онлайн билет алайын деп таңертеңгі сегізде арнайы сайтты ашқаным сол-ақ еді. Санаулы орын ғана қалыпты. Оның өзі плацкарт вагондарға, орындар әжетхананың қасында орналасқан. Атырау-Алматы бағытындағы мұндай вагондарда салқындатқыш жоқ екен. Балаларымызбен үш тәулікке жуық уақыт бойы жаздың аптап ыстығында қалай жетер екенбіз?

Еңбек демалысымыз – демалыс емес, нағыз сынақ болайын деп тұр», – дейді Атырау қаласының тұрғыны Рая Иманғалиева. Ал, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне қарағанда, жолаушылар пойызына жаңа билеттер 45 күн бұрын сағат 7-ден бастап сатыла бастайды.

Алайда, жүйенің техникалық үзілісіне байланысты Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 4.50-ден 5.50ге дейін www.epay.railways. kz сайты арқылы электронды құжат алуға мүмкіндік болмайды. Сондықтан, сала мамандары қазір ұлттық тасымалдаушының барлық билет кассасындағы «Күту парақшасы» жаңа қызмет түрін пайдалануға кеңес береді.

Яғни, билет болмаған жағдайда жолаушы өтініш толтырады да, бос орын ашылған кезде электронды поштасына хабарлама келеді. Бұл жолаушы құжатын екі сағат ішінде кез келген билет кассасынан сатып алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай қызмет түрі электронды билеттер сайтында да іске қосылмақ. Тасымалдаушы компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңсыз билет сату деректеріне куә болсаңыз, нақты телімінен білгеніміздей, негізгі вагондардың барлығында салқындатқыш бар.

Ал, халықтың сұранысы бойынша қосылатын тіркеме вагондардың екеуінде салқындатқыш жоқ. Ескі вагондардың аккумуляторы мұндай қосымша қуатты көтере алмайды. Сондықтан, салқындатқыш орнатылмайды. Жуырда ұлттық тасымалдаушы Ресей технологиясына сай отандық «Тұлпар Тальго» зауытында құрастырылған жаңа 25 вагонды іске қосты.

Компанияның бас директоры Арман Сұлтановтың айтуынша, олар тұрақты түрде №377/378 «АлматыМаңғыстау» және «МаңғыстауАлматы» бағыты бойынша қатынайтын пойыздардың құрамына тіркеледі. Плацкарт вагоны 54 орынға есептелген. Қызмет ету уақыты – 40 жыл.

«Жылдың соңына дейін тағы 38 жаңа вагон сапарға шығады. Әр жыл сайын біз өзіміздің вагон паркімізді жаңа 100 вагонмен толықтырып отырамыз» – дейді компания басшысы Арман Сұлтанов.

Р.S

Сағат тілі 23.00-ді көрсеткен бойда ұйықтауға әзірленгеніміз сол-ақ еді, вагондағы күбір-күбір әңгіме көз ілуге де мүмкіндік бермей қойды. Таңды мігірсіз қарсы алуға тура келді. Қарама-қарсы орындағы «меймандарымыздың» «көңілді» отырысының өзі неге тұрады?

Тыныштықты бұзған мас жолаушыларды тәртіпке шақырып жатқан ешкім жоқ. «Резеңке» вагонға үсті-үстіне қосымша «қонақтар» алған жолсерік орын іздегендей кейіп танытып, жылтың-жылтың етеді. Қайтсін, үйіне асыққан жолаушыларға көмектескісіақ келетін болар. Бірақ, қалтаның қамы басымырақ сияқты.

Сөйтіп, қалаға жақындау орналасқан көрші облысқа алаңсыз жетемін деген жоспарым әдіре қалды. Одан да Нұр-Сұлтанға екі тәуліктік сапарым бұдан да сәтті әрі жеңілірек өткендей көрінді маған…

  • Билетті мен 45 күн бұрын аламын. Кеше сол Алматы-Атырау бағытына 19 тамызға билет қарасам, біреуінің құны – 32 000 теңге. 45 күн бұрынғы билеттің бағасы – осы. Олар күн сайын қымбаттай береді. Жақындаған уақытта билет алғыңыз келсе, купеге шамамен жоқ дегенде 50 000 теңгеге билет алуға тура келеді. Ал, былтыр дәл осы билет 19 000 теңге болатын.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз