ЖИЫРМА БЕЛЕСТІҢ ЖЕМІСТЕРІ

Тәуелсіздігімізден тамыр тартып, егемендігімізден ерекше серпін алған, елдік мұраттар жолында еселі қызмет атқару үстіндегі Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органдары – Мәслихаттардың 20 жылдығы жер-жерде атап өтілуде. Біз осы айтулы оқиғаға орай аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхтар Кенғановқа жолығып, көптің көңілінде жүрген бірқатар сауалдарға жауап беруін өтінген едік.

 – Мұхтар Мұрынбайұлы, мәслихат өзі жүріп өткен жолда толайым бір кезеңді бастан кешірді десек, артық айтқандық болмас. Уақыт ағымында ол жаңару, жаңғыру сипатымен де айқындала түсті. Айтыңызшы, бұл органның бесінші сайлануындағы депутаттар корпусы сіздің ойыңызша қай деңгейде?

– Мәслихат жұмысындағы басты тұлға – депутат. Депутат – мәслихатты құрушы және оның беделін көтеру үшін қызмет етуші ғана емес, басты мақсаты – өкілетті органның атқаратын қызметін жоғары дәрежеде жүзеге асырушы. Әділін айту керек,  аудандық мәслихаттың депутаттары шетінен сайдың тасындай іріктелген, білімді, білікті, әрқайсысы нарық жағдайына бекем бейімделіп, кәсіпкерлік құрылым құлпының кілтін тапқан, инновация иірімдеріне бойлап, жаңашыл іс-әрекетке көшкен, өздері де бір-бір мекемені ұршықша иіріп отырған тұлғалар десе болады. Әйтеуір, әрқайсысының өзіндік пікір, толғақты ой-түйіндері бар. Соның бір мысалы – аудан өмірінің түрлі салалары бойынша тұрақты комиссиялардың күн тәртібіне қойылған қай мәселе болмасын, қызу талқысыз, өрелі тақырып өрісін таппай, ортақ бір шешімге келмей өткен емес. Бұл ретте өздерін сайлаушы жұртшылықпен тығыз байланысып, олардың алдында өз жұмысы жөнінде есеп беріп, ел алдында тұрған міндеттерді шешуге ыждағатты үлес қосып жүрген Ү.Жақашев, О.Ақдрашев, Б.Жайсаңбаев, басқа да депутаттардың белсенді қызметтерін атап өткен жөн. Мені хатшы ретінде халық қалаулыларының мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелер бойынша аудандағы атқарушы органдар мен ұйымдарға депутаттық сауалдар жолдап, сайлаушылардың өтініштерін қарап және оны мақсатты шешуге  жұмылатындары қуантады.

Айтулы оқиғаға орай, аудандық әкімдікте салтанатты жиын өтті. Ақадал қызмет атаусыз қалған ба?! Өз ісі бағаланып, жемісін көрген соң ба, халық қалаулыларының да мерейлері тасып, бір қуанып қалды. Имандай шыным, риза көңілім де болар, мәслихат хатшысы ретінде депутаттар мен осы сала ардагерлерін мерейлі датамен құттықтап, олардың әрқайсысының өңіріне өз қолыммен мерекелік медаль таққанымда толқынысты бір күй кешкенім бар. «Кемедегінің жаны бір» деген осы-ау. Олардың қатарында Сұлтанов Бауыржан,  Қонарбай Бағытжан, Майлыбаев Талғат, тағы да басқа бірқатар депутаттар бар. Сонымен қатар, мәслихаттың Құрмет грамотасымен де біраз депутат марапатталды. Мерекелік медаль алған сәтте, мәслихаттың бірінші шақырылымында хатшы болған ардагер, ауданның Құрметті азаматы Ермеков Қайырғалидың еңбектері атап өтілді.

Бұдан кейін халық қалаулылары мен осы сала ардагерлерін  аудан басшысы Мақсым Ізбасов құттықтап, облыстық және республикалық деңгейдегі марапаттауларды иелеріне табыс ету рәсімін жасады. Мәслихаттың бес бірдей шақырылымына куә болған зейнеткер Бектілеуов Сағынбай «ҚР Мәдениет ісінің үздігі», депутаттар – Шақпақ Ысқақ «ҚР Ауыл шаруашылығы ісінің үздігі», Сүлейменов Аманкелді «Мұнай саласына қосқан үлесі үшін» медальдарымен, ал, Жақашев Үмбетқали, Балжігітов Әлімжан, Әбдірахманов Бауыржан «Нұр  Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасымен марапатталды.  Осы марапатқа ие болған Жамалов Халелге облыс әкімінің  Алғыс хаты да табыс етілді.

– Мәслихаттың билікте маңызды буын екенін білетін жұрт оның өз мүдделеріне  ықпалдылығы мен құзыретін де тереңірек біле түскені абзал ғой…

– Жылыой аудандық мәслихатының бесінші сайлануында   жалпыға ортақ, тең, тікелей сайлау негізінде, құпия дауыс беру арқылы 14 депутат халық сеніміне ие болды. Олардың 13-і – «Нұр Отан», біреуі –  «Ақжол» партиясынан. Депутаттардың сапалық құрамы әр сайлауда белгілі бір өзгерістерге ұшырап отырады. 2012 жылы сайланған халық қалаулыларының барлығы жоғары білімді. Көпшілігінің техникалық білімі бар болса, бірқатары – ауыл шаруашылығы саласы, заңгерлік, медициналық және қаржы-экономикалық мамандықтарын игергендер.

Содан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Біз өз жұмысымызда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңды басшылыққа алып келеміз. Уақыт үрдісіне ілесу, индустрияландыру мен инновациялар негізіндегі экономикалық өсімге ықпалдылық таныту, Елбасы қағидаттарында көрініс тапқандай, әлемнің 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде заңның үстемдігімен қатар, жоғары құқықтық мәдениет ахуалын қалыптастыру – мәслихат  қызметінің алғышарты. Бұл – үлкен міндет әрі зор жауапкершілік.

–  Сессия шешімдері оның жүзеге асуымен құнды, әрі нәтижелі десек, оған қандай маңызды мәселелер арқау болып жүр?   

-Алдымен, әр депутат ел мүддесіне қатысты өзекті жайларды жіті аңғарып,  оны дер кезінде және қоғамдық деңгейде көтеруге қабілеттілік танытса, онда мақсатты қолға алған ісінің оңға басқаны. Бұл ретте біздің тарапымыздан мәселенің маңыздылығына байланысты оны сессияның, не тұрақты комиссия отырысының күн тәртібіне қоюға кеңес беру, бағдар сілтеу болатынын айтқым келеді. Осы негізде бірқатар өткір мәселелер, айталық әлеметтік қорғау, қоғамдық тәртіп, жаңа мектептер мен балабақшалар тұрғызу, жол салу, ауыз сумен қамту, тазалық және экология сияқты өзекті мәселелер үнемі көтеріліп отырды. Олар ауданның кешенді даму, сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын қабылдау кезінде ескеріліп, маңызды құжатқа дер уақытында еніп, тиімді көрініс тапты. Бұл бағдарламалардың мәтіні жергілікті басылым бетінде жарияланып, халықтың тікелей танысуына мүмкіндік туғызылып келеді. Мәселе көтерілуімен ғана емес, орындалуымен құнды екені рас, сондықтан, оның жүзеге асу барысына сессия жиі-жиі қайта оралып соғып отырады. Сол іргелі іс-шаралардың иінін тауып, бүгінде көз алдарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанына аудан тұрғындары куә.

– Арыз артында адам тұрса, әлеуметтен түскен ұсыныстардан да келелі бір шаруаның құлағы қылтиып тұрады емес пе?!

– Иә, кей реттерде солай… Мәслихаттың жұртшылықпен байланысының бір формасы – хаттар, ұсыныстар және арыздар ғой. Аудандық мәслихатқа 2012 жылы – 95, 2013 жылы – 282, 2014 жылдың тоғыз айында 181 өтініш-хат пен арыз түсті. Сол үш жылда сайлаушылар мен тұрғындар жолдаған өтініштерге талдау жасағанымызда, олардың қоғамдық маңызы бар мәселелерге бетбұрыс жасауға бейіл екенін байқадық. Ол – атап айтар болсақ, өңірдің экологиялық жағдайы, мәдениет пен спорт жайы, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, коммуналдық қызметке төлемақы, қоғамдық тәртіп, қала мен елді мекендерді көркейту, кәсіпкерлікті дамыту, көше жарығы, жол жөндеу, ауыз су және жылумен қамту, емделуге және дәрі-дәрмек алуға жеңілдік қарастыру, жұмысқа орналастыру, тағы басқа жайлар.

Бұл нені көрсетеді? Қоғам дамуында адамдар жақсы, жайлы өмір сүруі үшін  шешімін күткен күрмеулі мәселелердің әлі де жеткілікті екендігін.

Сайлаушылар өтініштерінің орындалуы – негізінен, атқарушы органдардың құзыретінде. Біз өз тарапымыздан мәселе шешімі тіреліп тұрған аудандық мекемелерге, қалалық әкімдікке ресми хат жолдап, оның орындалуына ықпал етеміз. Мәселе өзекті сипат алса, аудандық мәслихаттың сессиялары мен тұрақты комиссиялардың отырыстарында талқыланып, аудандық жоспарлар және әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына еніп жатады, оның орындалу барысы мәслихат тарапынан бақыланып отырылады.

Қаржау Оразбаев,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз