
Атыраудың ауылдары ажарлы
Құрманғазы ауданының қиырындағы Сафон ауылы – кешегі кеңестен қалған бір түйір шежіре. Сағындырған самал желі мен сонау бала күннен көзге таныс қара жолдары осы ауылдың қарапайым тіршілігінен сыр шертеді. Сол ауылдың бүгінгі ажарында жаңа тыныс, жаңа рең бар. Бұл – сөз жоқ, осы округке басшылық жасап келе жатқан әкім Роза Камзаеваның тынымсыз еңбегінің көрінісі.
Кей ауылдың сәні – көкмайса шөбі, енді бірінің көркі – тарихқа тұнып тұрған көне мекені. Ал Сафонның ең үлкен байлығы – жұмылған жұрты бар. Сол халықтың аманатын арқалап, сенімін серік еткен Роза Камзаева бұл округке басшылыққа келген күннен бастап «Ауыл – ел бесігі» деген ұлы ұғымның қадірін күнделікті іспен дәлелдеп келеді.
Расында бұл ауыл – табиғаты шырайлы, халқы еңбекқор, тіршілігі тұрақты мекен ғана емес, сонымен қатар жан-жақты дамып, жаңарып келе жатқан өңір. Роза Шамарқызы – мемлекеттік қызмет саласында 42 жыл еңбек етіп келе жатқан ардагер маман. Жалпы еңбек өтілі – 43 жыл. 2017 жылдан бастап Сафон ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарып келеді. Ел сенімін арқалаған басшы 2021 жылы қайта сайланып, ауылды басқару ісінде жаңа белестерге жетуде. 2022 жылы облыс бойынша «Үздік ауыл әкімі» атағына ие болуы – осының айқын дәлелі.
Роза Шамарқызы – әкім ғана емес, осы ауылдың тумасы. Тамыры тереңге кеткен, еңбек пен адалдықты ту еткен әулеттен шыққан. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстан аман оралған соң ауыл шаруашылығында есепші болып еңбек еткен. Анасы – 1924 жылғы, отбасының ұйытқысы болған мейірімді жан.
Басшылық – бедел емес, борыш
Роза Камзаева – билікті биікке балап, басшылықты бедел деп емес, ел алдындағы үлкен борыш деп білетін жан. Жұрттың жайын ұғатын, ауылдың мұңын сезетін, әрбір адамның сөзіне құлақ асып, көңілге түйетін бұл әкімнің ерекшелігі – әрекетінде. Ол округке келгелі бері Сафон ауылдық округінің тіршілігі бір арнаға түсті. Тозығы жеткен жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылып, ауылдың инфрақұрылымы біртіндеп жаңара бастады.
2017 жылы жаңа әкім келгелі ауылда көзге көрінетін өзгеріс пайда болды. Жыл өткен сайын ауылдың ажары кіріп, әр ісінен үйлесім, әр қадамына серпін біткен. Бұл – үлкен жоспарлар мен нақты әрекеттердің жемісі.
Сафон – бір ғана елді мекеннен тұратын округ. Қазіргі таңда мұнда 363 тұрғын үй бар, 1756 адам тұрады. Ауыл толықтай көгілдір отын мен таза ауыз сумен қамтамасыз етілген, түнгі жарықтар тартылған, көшелері асфальтталған. Ауыл ішінде 11 шақырым жол мен 7 шақырым жаяу жүргінші жолы салынған. Қазіргі таңда ауылда шешімін таппаған өзекті мәселе жоқтың қасы. Тазалық, тәртіп, тұрмыс сапасы – бәрі де бір жүйеге түскен.
Жуырда ғана Сафон ауылдық округі республикалық деңгейдегі байқауда «Қазақстандағы ең таза ауылдық округ» номинациясы бойынша екінші орынды иеленді. Бұл жетістік ауылды көгалдандыру, санитарлық тазалық, экономикалық көрсеткіштер және тұрғындардың белсенділігі сияқты критерийлер бойынша бағаланды.
Ауылда әлеуметтік нысандар да халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы білім беретін орта мектепте 52 мұғалім еңбек етеді, мектепте барлығы 100-ден астам адам жұмыс істейді. Екі қабатты мәдениет үйі, медициналық пункт халық игілігіне қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, ауылда орман шаруашылығы мен «Каспий Таңы» өндірістік кооперативі жұмыс істейді. Кооператив балық шаруашылығымен айналысып, ауыл экономикасына серпін беріп отыр.
Шам жанып тұрса – үміт өшпейді
Кешкілік кезде Сафонға кірген адам алыстан жарқыраған көше шамдарына көз тастап, алыстағы ауылда емес, аудан орталығында жүргендей әсерге бөленеді. Бұл жарық – жай ғана шам емес, ауылдың болашағына жағылған үміт шамы. Ауыл тұрғындары да әкімдеріне дән риза. Әрқайсысы оның қарапайымдылығы мен елмен етене араласа білетін қасиетін ерекше айтады. Көп жағдайда ауыл әкімін «қағаздың адамы» деп білетін жұрт Роза Шамарқызының әрдайым халықпен бірге екенін көріп, пікірін өзгерткен.
Әкім болу – тек басқару емес, бағыт беру. Мемлекеттік қызмет – шексіз төзім мен табандылықты қажет ететін сала. Роза Камзаева осы қасиеттерді бойына жинаған, мейір мен мінезді үйлестіре білген әйел басшы ретінде көпке үлгі. Оның әрбір күні – халық үшін атқарылған қызмет, әрбір айы – жоспарланған шаруаның орындалуы.
Бүгінде Сафон – өз тынысы бар, тіршілігі жүйелі ауыл. Оның бұл дәрежеге жетуінде Роза Камзаеваның қолтаңбасы, ізгілігі мен ізденісі бар. Ол – билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір бола білген басшы. Ауыл әкімінің қызметі – күн сайын ел игілігіне бағытталған қадам, халыққа жасаған құрмет.
Мемлекеттік қызметшілер күні – ел үшін еңбек етіп жүрген, өз ауылының болашағына алаңдайтын, әр басқан қадамын халқы үшін жасаған осындай тұлғаларды бағалау күні. Роза Камзаева – сондай абыройлы жандардың бірі. Ендеше, оның еңбегі – ауылдың жарқын болашағына жазылған шынайы шежіре.
* * *
Шырайлы ауыл, шырақ жаққан әкім
Жарсуат ауылы – Индер ауданының табиғаты тұнық, халқы еңбекқор мекендердің бірі. Алайда ауылдың бүгінгі жарқыраған келбеті, айнадай жолдары мен кешкі жарығы түн қараңғысында алыстан көз тартар келісті көрінісі – бұл жай ғана табиғаттың сыйы емес. Бұл – білікті басшы, білікті ұйымдастырушы, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын жүрекпен ұғатын әкім Ербол Бөкеевтің еңбегі мен елге деген жанашырлығының нақты жемісі.
Ербол Ержанұлы – мемлекеттік қызметтің ауыр жүгі мен үлкен жауапкершілігін иығына артып жүрген азамат. Ол 2021 жылдан бері Жарсуат ауылдық округін басқарып келеді. Елде алғаш рет халық сайлауы енгізілген кезде өзін өзі ұсыну арқылы додаға түскен азамат көпшіліктің сеніміне ие болып, ел басқару ісіне кірісті. Жаңа тәсілмен сайланған әкімнің бұл қызметі – тек билік емес, халықпен етене жұмыс істеудің, елмен бірге тыныстап, болашаққа бірге қадам басудың үлгісі бола білді.
Ол ауыл тізгінін ұстаған сәттен бастап, Жарсуатты жаңаша бағытқа бұрады. Елді мекеннің тыныс-тіршілігіне серпін беріп, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, мәдени мәселелерді біртіндеп шешуге кірісті. Нәтижесі бүгінде көз алдымызда: жаңартылған жолдар, кешкісін жаппай жанып тұратын көше шамдары, тәртіппен түзілген ауыл келбеті – мұның бәрі Ербол мырзаның әкімдік қызметке келгеннен бергі бірнеше жылдағы тынымсыз жұмысының нәтижесі.
Жарсуатқа сырттан келе жатқан адам трассамен түнде жақындаса, алыстан көз шағылыстырар көше шамдарын көріп, аудан орталығына аяқ басқандай әсер алады.
Тегіс жол – тұрғындар тыныштығы
Ауыл ішінде жолдар тегістеліп, тақтайдай асфальт төселген. Бұрын шұрық-тесік, шаң көтерілген көшелер бүгінде көз қуантады. Жаяу жүрген тұрғын да, көлік тізгіндеген жүргізуші де бұл игіліктің шынайы пайдасын көріп отыр. «Жол – өмірдің күретамыры» десек, Жарсуаттың бойына қан жүгіріп, тіршілігі тасығанының бір дәлелі осы.
– Бұл – бұған дейін «қараңғы ауыл» атанған мекен үшін үлкен жетістік. Жергілікті халықтың өзі «Бұрын кеш түсе үйден шығуға жүрексінетінбіз, балаларымыз далада еркін ойнай алмайтын. Қазір ауылымыз кешке дейін жарық, қауіпсіз, жайлы. Шыны керек, қаладан кем түспейтін жағдай жасалып жатыр. Ауыл ішіндегі басты көшелердің барлығы толықтай асфальтталған. Шұрық-тесік жол, шаңын бұрқ еткізер топырақ жол – енді өткеннің еншісінде. Осындай қолайлы жағдайлар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін оятуда» дейді ауыл тұрғыны Мауыт Есқалиев.
Жарсуат ауылдық округіне бірнеше елді мекен қарайды. Атап айтқанда – Жарсуат, Құрылыс, Қызылжар, Ақтаң және Кетебай елді мекендері. Ауыл шаруашылығы, мал және егін шаруашылығы – округ халқының басты кәсібі. Орталықтан 35 шақырым қашықтықта орналасқан округ бүгінде инфрақұрылымы жағынан толық қамтамасыз етілген. Ауыл ішіндегі көше арықтары, жарықтандыру жүйелері, асфальт жолдар – бәрі де заман талабына сай жаңартылып келеді.
Құрылыс ауылында өткен жылы жазғы су құбыры жүйесі толық жаңартылып, көшелердегі шамдар толық LED жарыққа ауыстырылды. Бұл – ауыл тұрмысының жаңарып, сапасы артып келе жатқанының нақты көрінісі.
Одан бөлек, Ербол Бөкеев ауыл жастарының болашағына да баса мән беріп келеді. Соңғы жылдары спорттық алаңдар салынып, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын және демалыс орындары пайда болды.
2023 жылы Жарсуат ауылында заманауи спорт кешені ашылды. Өткен жылы Құрылыс ауылында, 85 миллион теңгеге үлкен спорт және балалар ойын алаңы бой көтеріп, ауыл балалары мен жастары үшін жаңа демалыс орнына айналды. Мәдени іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстардың жандануына да ықпал етіп отыр. Жастар бос уақытын тиімді өткізіп, ауыл тіршілігіне белсене араласатын деңгейге жетті. Алдағы уақытта тағы да заманауи үлгідегі балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр.
Ауылдың сәулеттік келбеті де назардан тыс қалған емес. Көше аншлагтары жиі жаңартылып, ауыл келбеті мәдениеттілікпен үйлесім тапқан. Облыс көлемінде өткен «Таза Қазақстан» акциясы аясында округ үшінші орын иеленіп, тазалық пен тәртіптің жарқын үлгісін көрсетті. Сонымен қатар Жарсуатта облыстық деңгейде семинар өтіп, келген қонақтар ауылдың тазалығын, жол жүйесінің дұрыс орналасуын жоғары бағалады.
Ауыл үшін үлкен жаңалық – апатты жағдайда тұрған 34 үйдің мәселесі шешімін тауып келеді. Оның ішінде 26 үй – апатты үйлерді алмастыру үшін, ал қалған 6 үй – жас мамандарға арналып салынып жатыр. Бүгінде бұл үйлердің іргетасы қаланып, құрылыс қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ өткен жылы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға он үй берілді.
Округ бойынша қазіргі уақытта 3017 адам тіркелген. Халық саны жыл сайын артып келеді. Бұл – ауылда өмір сапасының артқанының дәлелі. Жергілікті тәртіп те тұрақты. Ерекше атап өтерлік бастама – округке қарасты Құрылыс ауылы облыста алғаш болып “Ішімдіксіз ауыл” ретінде жарияланды. Ауылдағы екі дүкенде алкоголь мүлдем сатылмайды. Бұл – жергілікті халықтың тәрбиесі мен мәдениетінің, салауатты өмір салтын қолдайтын көзқарасының айғағы.
Жарқыраған ауыл – жанашыр әкім еңбегінің айғағы
Жарсуат бүгінде тек сыртқы келбетімен емес, рухани тынысымен де жаңарып келеді. Мектеп, балабақша, медицина, мәдениет салаларында да оң өзгерістер байқалады. Әкімдік халықпен ашық жұмыс істейді. Жиналыстар, қоғамдық тыңдаулар, сауалнамалар арқылы тұрғындармен кері байланыс орнатылған. Бұл – нағыз халық әкімінің белгісі.
Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында осындай ел үшін елеулі еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеу – парыз. Ербол Бөкеевтің еселі еңбегі мен ауылға деген адалдығы – өзінен кейінгі жастарға үлгі, ал ауыл тұрғындары үшін – сенім мен үміттің нышаны.
Өйткені ауыл – ұлттың діңгегі. Ал сол ауылды өркендетіп, дамытатын – өз ісіне адал, жүрегі халықпен бірге соғатын, басшылықты бедел емес, борыш деп білетін азаматтар. Жарсуаттағы шырақтар – сол адалдықтың жарқыраған белгісі. Жарқыраған шамдар мен тегіс жол – жай ғана инфрақұрылым емес, ауылдың болашағына бағытталған жарқын жол. Бұл жолды Ербол Бөкеев сынды басшылар салып жатыр. Ендеше, ауыл болашағы – сенімді қолда деп сеніммен айта аламыз.
Рита ӨТЕУҒАЛИ