Атамды ардақтаймын!

img 20220509 wa0077 Қоғам

1941 жылы тұтқиылдан басталған соғыстың зардабынан ақ жаулықты ана мен алаңсыз ойын баласының көз жасының көл болып, сағыныштан қан жұтқаны әмбеге аян. Қолына қару ұстап, жау тылында соғысуға қауқарлы азаматтардың барлығы бірдей майдан даласына аттанған еді. Солардың бірі – атамыз Қабдолов Қабдрахман еді.

Атамыз Қабдолов Қабдрахман (Қабдық) 1912 жылы Қызылқоға ауданының Бүйрек құмында, шаруа отбасында дүниеге келген. Мектепте оқып әріп танымаған. Бозбала шағында өзінен 12 жас кіші туған інісі Тәжен атамыздан әріп танып, жазуды және оқуды үйренеді. Алғырлық!
​1930 жылы Доссордағы қолөнер училищесінде білім алып, құрылысшы болып жұмыс істеген. 1933 жылы жүргізушілік (шофер) курсты бітіріп, Доссор автобазасында қызмет еткен.
​1941 жылы атамның анасы Шұға әжеміз үлкен ұлы Қабдрахманға қыз айттырмақ болып Қызылқоғаға кетеді. Осы тұста тұтқиылдан соғыс басталады. Әжемізге «ұлдарын соғысқа әкеткелі жатыр» деген хабар келеді. Үлкен әжеміздің етегі жасқа толып, елге оралғанша үлкен ұлы алғашқы лекпен соғысқа аттанып кеткен. Атамыз соғыс кезінде жау қоршауында қалып, тұтқынға түскен. Қоршаудағы азапты жылдар… Кейін шегініп бара жатқан жау тұтқынынан қашып шығып, Словакия тауларындағы партизан жасағына қосылады. Кейіннен Словакияны азат еткен Кеңес армиясына қосылып соғысты аяқтайды. Соғыс аяқталған соң бір жыл Украинаның Шахтинск қаласын қалпына келтіру жұмысында түнгі кезекте автомеханик болып жұмыс істеп, 1946 жылы елге оралады. Төзім. Сабыр. Ерлік.
​Атамыз елге келмес бұрын, соғыстың салған зардабынан анасы дүниеден озып кетеді. Бұл соғыс қаншама отбасыға ауыр қасірет әкелді… Елге оралған соң Қызылқоға ауданының атқару комитетінде көлік жүргізушісі болып 1960 жылға дейін еңбек етеді. 1960 жылы колхозға машина-трактор шеберханасының (МТМ) меңгерушісі болып ауысады. 1963 жылы ұжымшарлар (колхоз) бірігіп Абай атындағы кеңшар (совхоз) құрылғанда, автогаражда автомеханик қызметін жалғастырады. Осы қызметте 1972 жылдан зейнеткерлікке шыққанша адал еңбек етеді. Екі рет «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Балаларын да адал еңбек етуге үндеп, тәрбиелеген жан. Әжеміз Кәкима Қалуқызымен 6 ұл,
1 қыз тәрбиелеп, 1995 жылы наурыз айында 83 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
​Атамыздан бізге өнеге болып қалған адалдық, шыншылдық, еңбекқорлық, бауырмалдық, сабырлық сынды асыл қасиеттер кейінгі ұрпақтарының бойынан табылуы шарт! Атамыздың есімін, еңбегін, ерлігін құрметтейміз, үлгі тұтамыз, мақтан етеміз!
​Соғысқа аттанғанда атамыз 29 жаста болған. Жас өмірінде жаумен бетпе-бет келіп, қанды соғысты көрді, ауыр күндерді басынан өткерді. «Соғыс» атауын естігенде кеудеме еріксіз өксік тығылады. Жойылсын жалғыз сөз «соғыс» деген!

Балторғын СӘЛІМЖАНҚЫЗЫ,

Махамбет ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз