«АТЫРАУДАН» СОҒЫСҚА АТТАНҒАН

Сибат  Ғабдуллин  жөнінде  бірер  сөз

Ұлы Отан соғысына біздің «Атырау» газетінің қызметкерлері де қатысып, өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Абзал ағалардың есімдері ешуақытта ұмытылмайды. Солардың ішінде әңгімемізге арқау болып отырған – жауынгер журналист Сибат Ғабдуллин. 

 Бастау

…Таубалқан атамыздың отбасында Махмут, Сейдақ, Нұғыман, Ғабдолла атты үйелмелі-сүйелмелі бес бала әке-шешеден жетім қалғанда ең үлкені Махмут 12 жаста екен. Жоқшылық пен жетімдіктің тауқыметін ерте көріп өскен бесеуі де кейін балықшы болады. Ең кішісі Ғабдолланың үйінде Орпа ауыл кеңесінің Правда (ескі аты Қорық) колхозында 1916 жылы Сибат атты ұл дүниеге келген. Жайық бойындағы орыс кедейлерінің арасында өсіп, бір жыл орысша оқып сауат ашқан Ғабдолла баласын да орысша оқытады. Кейін Андрейдегі (қазіргі Есбол селосы) бастауыш мектепті бітіртеді. Сибат жасынан-ақ ғылым-білімге құштар, оқуда зерек, еңбекте ұқыпты және қоғамшыл болып өседі.

Інісі Әбуғали журналист, сол кездегі «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінде редактордың бірінші орынбасары болып қызмет етті. Кейін облыстық телеарнаны басқарды. Ал, Қайыржаны Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өмір бойы сабақ берді. Үшеуі де қазір арамызда жоқ. 

«Сибат  мектебі»

Сибат 1931 жылдың басында алғашқылардың бірі болып «Жаңаталап» балықшы колхозына мүше болып кірді. Болашақ журналист Жанбай ауылындағы Сарытөбе мектебінде екі жыл мұғалім болды. 1934-1935 оқу жылында Сибат халықты ұйымдастырып, өз алдына мектеп салуды қолға алды. Қызыл құмның ортасында құрылыс материалы қайдан табылсын. Сондықтан, әрбір отбасы бір-бірден түйеге артқан шабындық шөп, екі қаптан кірпіш илейтін саз балшық тасып береді, ал кемпірлер ши тоқиды. Көп түкірсе көл, Ғабдуллиннің бастамасымен салынған, қазір көзге қораш көрінетін осы бір үйді жергілікті халық әлі күнге «Сибат мектебі» деп атайды.

«Сибат Ғабдуллин құмда жүріп мұғалім болды, ауыл балаларын оқытуға бар күш-жігерін жұмсады. Оның бірден-бір айғағы – қазіргі Исатай, бұрынғы Новобогат ауданынан бой көтерген Сибат мектебі. Сонау 1932-1937 жылдары балаларға білім беру үшін тұрғылықты үй-жай атымен болмайтын. Ғимарат тұрғызатын тас та болмады. Бірақ, Сибат қолда барымен мектеп тұрғызыпты» дейді ардагер журналист Жаңбырбай Сұлтанғалиев. 

Жауынгер журналист

Сибат 1938 жылдан бастап Гурьев облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінде тілші болды. 1939 жылы кеңес армиясы қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеді. Енді ауылға оралам деп тұрғанда фашистер елімізге  шабуыл жасады. Ауылдағы жасы 18-ге толған ер-азаматтың бәрі де соғысқа аттанды. Халқын жаудан қорғау үшін Сибат та қан майданға араласып кетті. Алғаш рет Беларуссияның Рогачев қаласы маңындағы ұрыс даласынан 1941 жылғы 31 тамыз күні жазған хаты келді. Одан кейін «хабар-ошарсыз кетті» деген хабарлама алады.

Ол жиырма жасынан бастап газеттің «ауыл-село тілшісі» атанды. Сибаттың «Қыздарын қалың малға сатты» («Социалистік құрылыс» №64, 1937 жыл, 20 наурыз) деген мақаласының өзі бұрынғы Новобогат ауданының Жанбай ауылын дүр сілкіндірген еді. Отыз жетінші жылдың наурыз айының өзінде ғана Сибаттың төрт-бес мақаласы газетке шығыпты. «Дәрігер жәрдемі керек» (16 наурыз, №61) деген мақаласында «Еңбекшіл» ауылдық кеңесінде тұратын халықты медициналық қамтудың нашарлығын сынаса, «Мектепке көңіл бөлмейді» (28 наурыз, №71) атты мақаласында осы ауылдағы бастауыш мектепте парта, тақта және жазу-сызу құралдарының тапшылығын баяндайды. Ал, «Бейқам отырған колхоз» (6 сәуір, №79) деген мақаласында «Ортақшыл» колхозында көктемгі егіске әзірліктің нашарлығын сынайды. Автор көптеген мақалаларына «Колхозшы», «Шоқ», «Сибағат», «Қырағы» деген бүркеншік аттармен қол қойып отырған. 

Жиырма  бір жасында жесір  қалды

Небәрі 16 жасында тұрмысқа шыққан Сибат Ғабдоллаұлының зайыбы марқұм Салиха апай да өмірде көп қиындық көрді. Жолдасы әскерге аттанғанда 21 жастағы ол үйдегі жеті жанды бағып қалады.

«Сибат майданға аттанғаннан кейін қатты қиналдым. Кәрі ата-енем, қайын інілерім мен қайын сіңлім, екі жастағы ұлым маған қарап қалды. Бұларды асырау, бағып-күту, мектепке баратындарын оқыту менің міндетіме айналды. Қандай да істің шешімі – шыдам ғой, өзіме сабыр мен ұстамдылықты ғана серік еттім. Колхозға мүше болып кіріп, сол кезгі тәртіп бойынша жұмыстың қай-қайсысынан да бас тартпай, бел шеше атқардым. Бақташы болып мал бақтым, сауыншы болып сиыр саудым, пішен шауып, құдық қаздым, аула-қораны жөндедім» деп еске алатын-ды Салиха әжей.

Ол жолдасынан ерте айырылса да жалғыз ұлы Қадіржаннан сегіз немере сүйіп, олардан 27 шөбере, 11 шөпшек көрді. Тағдырдың жазуымен ұлы Қадіржан да, немересі Бауыржан да өмірден озып, тоқсан жеті жастағы кейуана үлкен шөбересінің қолында тұрды. Бес немересі осында, қалған үшеуі аналарымен бірге Оралда тұрады. Міне, Сибаттың хабар-ошарсыз кеткеніне де жетпіс төрт жылдан асты. Салиха әже содан бері қарай отағасы тұтынған әр затты қастерлеп ұстап, қара домбырасын төрге іліп, күміс дойыры (қамшы) мен үзеңгілерін көзінің қарашығындай сақтап отырған. 

Сарғайған  хатта сыр  жатыр…

«Журналисты в шинелях» жинағында Кеңес Одағы Журналистер Одағының мүшесі Сансызбай Оқасовтың «Соңғы нүктесі қойылмаған хат» атты мақаласы басылған болатын. Онда Сибаттың қалай қаза болғаны баяндалады. …1938 жыл Сибаттың өміріне маңызды жаңалық әкелді. Бұл кезде ол Гурьевтегі бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын курста оқып жүрген. Бір күні оқытушылардың бірі сабақ үстінде оған шақырту хатын тапсырып тұрып, былай деп әзілдейді:

– Сірә, сені барымтағалы келді-ау деймін.

Хаттың сыртындағы «редакция» деген сөзге көзі түскен Сибат әзіл-шынын араластыра:

– Мен одан тартынайын деп тұрған жоқпын, – дейді.

… Редактор оны күтіп отыр екен.

– Редакцияда жұмыс істегің келе ме? Ауыл шаруашылығы бөліміне қабылдар едік.

Сибат қуанышын жасыра алмай:

– Иә, бұл менің көптен бергі арманым ғой! – дейді.

Әлі күнге дейін сақтаулы тұрған қызметтік куәлікте былай деп жазылған: «Сибат Ғабдуллин 1938 жылдың 26 сәуірінен облыстық газет редакциясының ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істейді. Куәлік мерзімі 1939 жылдың 1 қаңтарына дейін». Ал, оның астыңғы бөлігінде қолмен жазылған мынадай жолдар тұр: «1940 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды. Жауапты хатшы Х.Бекмұратов». Оның алғашқы іссапары туған колхозы – «Ортақшылдан» басталды. Сол тұста бұл ауылдағы істің жайы өте мардымсыз болатын. Сондықтан, одан сын мақала жазу талап етілді. Ал, ауыл болса өзінікі. Бірақ, ол жауырды жаба тоқығысы келмеді.

– Әділ әрі шындыққа құрылған сыннан ешкім де зиян шекпейді, – деді Сибат колхоз басқармасының кейбір мүшелерінің «ауылдастарыңды сынағаның қалай?» деген реніштеріне тойтарыс беріп.  Көп кешікпей мақала жарық көрді. Әріптестері оны қызу құттықтады. 

Соңғы  дем

…Алғы шепке таяу тұстағы орман іші мүлгіген тыныштық күйде. Оның шетінен жау жаққа қарай кезелген зеңбіректердің ұзын мойны көрінеді. Әзірше үн қата қойған жоқ. Бірақ, әлгі атыс құралдарының маңынан зыр жүгірген солдаттардың қимылына қарағанда, фашистер жаққа әбігер салатын сәт таяу қалғанын аңғару қиын емес.

Таңғы елең-алаң шақ. Алып денелі Алексей есіней тұрса да, зор үнімен ертеңгілік тыныштықты бұза:

– Сибат, ащы терің шыққан шығар. Снарядты біршама жеткізген сияқтымыз. Аз-мұз тыныс ал. Бүгін, сірә, қатты ұрыс болатын шығар.

– Дем алуға әбден болады, – деп жауап қатты Сибат. Ол басын шалқайта ұстап, терекке сүйеніп тұр. Сірә, титықтаған болуы керек. Бірер минут көзін жұмып тұрды да, қалтасынан аяқталмаған хатты алды. Екі күн бойына соңғы нүктесін қоюға қолы тимей жүрген. Немістер кеше шабуылға тым қатты шықты. Сибат өзі жазған жолдарды қайталап оқып шықты. «1941 жылдың 1 тамызы. Қадірменді достарым! Жау біздің Отанымыздың жүрегі – Москваны алуға ентелеп келеді. Әрине, әзірше біз шегініп келеміз. Алайда, гитлершіл жендеттерді аямай соғудамыз, олар қазірдің өзінде біздің соққыларымызды сезіне бастады…» «Хатым үйге неше күнде жетер екен?» деп ойға қалған Сибатты сол сәтте жау оғы жұлып әкетті. Қолына бір жапырақ қағазын ұстап, өзі тыныс алып тұрған терекке сүйенген күйі көз жұмды. Ол небәрі 26 жаста болатын…

Қазір Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толу мерейтойын атап өтуге қызу дайындық жүруде. Ал, «Атырау» газетінің  ұжымы қан майданда қолындағы қаруымен Отанын қорғап, ал бейбіт күнде қаламымен адал қызмет еткен жандардың бірі – Сибат Ғабдуллин есімін ешқашан ұмытпайды.

Зүлипа Ғабдоллина,

ардагер ұстаз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз