АТЫРАУДА ЖОҒАЛҒАН ҚЫЗ 11 ЖЫЛДАН КЕЙІН ТАБЫЛДЫ
Атырауда жоғалған қырғыз қызы 11 жылдан кейін табылды.
Ол туыстарына ренжіп, байланысын үзген, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қырғызстан Республикасынан 2011 жылы Атырауға келген туыстарымен ренжісіп қалған.
«Қырғызстан Республикасынан екі азамат 2011 жылы Атырау қаласына киім-кешек сатып, саудамен айналысуға келген. Сол жылы Атырауда біраз уақыт болған соң әпкесі еліне кері оралмақ болып, ал, сіңлісі осы қалада қалуға шешім қабылдайды. Екі бауырдың арасы сол жылы ажыраған. Ал, 2013 жылы соңғы рет екеуі телефон арқылы сөйлесіп, содан кейін сіңлісі байланысқа шықпаған. Апалы-сіңлілер арасындағы байланыс 9 жылға үзілген», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осы дерекке байланысты облыстық полиция департаменті бастығының бұйрығымен құрылған арнайы жедел іздестіру тобы жоғалған қырғызстандықты іздестіру жұмыстарына кіріскен. Кейін белгілі болғандай, қырғызстандық әйел туыстарымен ренжісіп, байланысты үзуге бел буған. Туыстары оны Атырауға бірнеше рет іздеп келгенімен, еш нәтиже шықпаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жоғалған қырғыз қызын іздеу іс-шарасын нәтижелі жүргізді. Қазір ол әпкесімен, отбасымен қауышты.
«Бір-бірімізді 11 жыл бойы көрмеген едік. Онымен кездесуді 11 жыл бойы армандадым. Кездесуді асыға күттім. Қуанышымда шек жоқ», -деп көзіне жас алды сіңлісімен кездескен әпкесі.