Жарнама
Қоғам

Атырауда заңды тұрғын үй кешендері анықталды

Жылдар бойы сарылып кезегін күтіп, баспанаға қол жеткізе алмай жүргендер әлі көп. Оның үстіне қазір нарықтағы тұрғын үйдің бағасы еселеп қымбаттамаса, арзандай қойған жоқ. Жуырда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңірлерге сапары кезінде елімізде «9-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жасақталып жатқанын, онда ең алдымен жастарға басымдық берілетінін айтқан еді. Осы мақсатқа 150 млрд. теңге қарастырылатынын да жеткізді. Жаңа бағдарлама наурыз айында іске қосылмақ. Ал, бүгінде пәтер алудың жолдары қандай?

50/50 талаптарында өзгеріс бар

Баспана институтына айналған «Отбасы банкі»  АҚ Атырау филиалының директоры бүгінде екінші нарықтан үй алудың ең тиімді жолы «50/50 бағдарламасы» екенін атап айтады. Оның үстіне ақпанның 15-інен бастап оған да өзгеріс енгізілетінін жеткізді. Енді несие беру талабы бойынша бағалау көрсеткіші (ОП-автор) 5 балл болуы тиіс. 

«Негізі бұл өзгеріс жұртшылықтың ақша жинау қабілетін жақсарту мақсатында енгізіліп отыр. Яғни, жинақтау жүйесінің саясаты жаңарады. Мәселен, біздің банк депозиттің мерзіміне, заемнің жартысын жинақтауға, жылдық сыйақы бағалау көрсеткішіне, жинақтың алты ай бойы тұрақты салынып тұруына айрықша мән береді. Жалпы, осы шарттарды орындаған тұрғын тиімді пайыздық мөлшерлемемен үй ала алады» дейді сұхбаттасушымыз.

Ал, Атырау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Ләйла Қуанбаева соңғы жылдары «Отбасы банктің» қызметі қолжетімсіз болып бара жатқанын жасырмады.

– Бізде қалай? Көп ретте тұрғындар 50/50 бағыты арқылы несиені екінші нарықтан пәтерін кеңейту үшін алады. Оған қол жеткізу үшін артық жинағы болмағандықтан басындағы бір немесе екі бөлмелі пәтерін сатып, үй жалдап жүруге мәжбүр. Ал, «50/50»-дің пайыздық мөлшерлемесі төмен саналғанымен, бағдарлама қолжетімсіз болып барады. Яғни, депозиттің ашылғанына үш жыл болуы керек. Сондай-ақ, алты бойы тұрақты түрде ақша салып отыруы қажет. Міне, осы уақыт аралығында онсыз да пәтеріне қаражатын жеткізе алмай жүрген тұрғын тағы да шығынға батады.

Біздің екі бөлмелі пәтерімізді сатып, үй іздеп жүргенімізге 5 ай болды. Бүгінде бұрынғы баспанамызды жалдап отырмыз. Көпбалалы отбасы болғаннан кейін кем дегенде үш немесе төрт бөлмелі үй қажет. Қазір екінші нарықтағы баспананың бағасы 40 млн. теңгеден басталады. Шыны керек, бұған дейін депозитте ақша жинауға мүмкіндігіміз болмады. Өйткені, бұрынғы пәтерімізді де несиемен алғанбыз. Оның үстіне, қымбатшылық тағы бар. Сондықтан, осы бағыттың талаптарын өзгерту керек сияқты. Бұл біздің басымыздағы ғана емес, тар пәтерін кеңейте алмай жүрген талай отбасының басындағы проблема,- дейді Ләйла Қуанбаева.

Пайызы жоғары, үстемеақысы да көп

Иә, қазір кез-келген екінші деңгейлі банк арқылы ипотекамен баспана сатып алуға мүмкіндік бар. Қалаған үйіңіздің 20 пайыз бастапқы жарнасын төлесеңіз, қалған соманы несие арқылы бірнеше жыл бойы өтеуге болады. Алайда, мұндай ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі жоғары, үстемеақысы да көп. Айталық, пәтерді 25 миллион теңгеге сатып алсаңыз, оны екі, тіпті кейбір жағдайларда үш есе етіп қайтаруыңыз ғажап емес. Сондықтан, көпшілік арнайы мемлекеттік бағдарламаларды таңдайды.

Өңірде 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарламасы бекітілген болатын. Яғни, облыс орталығында жылдық мөлшерлемесі 5 пайызбен 18 млн. теңгеге дейін, аудандарда 13 млн. теңгеге дейін қарыз беру қарастырылған. Бұл бағдарламаның тағы бір тиімділігі – 10 пайыз бастапқы жарнасында. Оны жүзеге асыру үшін 1 млрд. теңге қаражат бөлінген. Қанатқақты жоба шеңберінде 100-ден астам жас маман баспанамен қамтамасыз етілген. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мамандары бұл бағдарлама биыл да жалғасатынын айтып отыр.

 Ал, «Отбасы банкі» АҚ Атырау филиалының директоры Нұржан Мұғалімов нарықта пәтер бәсінің өсіміне байланысты несиені 20 млн. теңгеге дейін көтеруге ұсыныс жасағанын жеткізді.

– Биыл әлі қаражат бөлінген жоқ. Банк былтыр жүзеге асқан бастамаға бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды. Мәселен, бағдарлама талабы бойынша жас мемлекеттік қызметшілердің тізімін нақтылауға, үйдің бағасын 20 млн. теңгеге көтеруге өтініш жасадық,- дейді Нұржан Ғилажұлы.

Өтінім қабылдау басталды

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасынан алған мәліметке сүйенсек, 15 қаңтар–10 ақпан аралығында «Бақытты отбасы – Атырау» өңірлік бағдарламасына өтінім қабылданады. Бұл тізімге тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар, тұрғын үй кезегінде тұрған және ерлі-зайыптылардың біреуінен айырылғаны туралы расталған құжаттары бар азаматтардың барлық санаттары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді. Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз, бастапқы жарнасыз беріледі. Несиелеу мерзімі – 19 жыл. Аталған бағдарлама аясында бірінші және екінші нарықтан да тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі беріледі.

«Арзанның сорпасы татымас»

Қазақстандықтарға бірыңғай жинақтау қорындағы қаражаттың белгілі бір мөлшерін баспана алуға жұмсауға рұқсат берілген кезде тұрғын үй нарығында баға негізсіз шарықтап кетті. Құны 7 миллион теңге тұратын бір бөлмелі пәтер 10-12 миллион теңгеден бір-ақ шықты. Жалпы, осы шақта баспана бәсі айтарлықтай өсті. Сол уақыттан бері үй құнының арзандаған кезі болған жоқ.

Осы кезде депозитінде аз-мұз жинағы бар салымшылардың көпшілігі кооперативтерге, тұрғын үй кешендеріне үлескер ретінде ақша салды. Алайда, инфляцияның өсуі, әлемдік геосаяси шиеленіс, санкциялардың салдарынан құрылыс материалдары қымбаттап кетуіне байланысты кейбір компаниялар банкроттыққа ұшырады. «Арзанның сорпасы татымас» демекші, қаржылық сауатсыздықтың кесірінен айла-шарғысы шаш етектен асатын кооперативтерге сенемін деп сан соғып қалды. Үлескер боламын деп еңбектеніп тапқан қаржысын жоғалтып тынды.

Жақында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өңірдегі заңды тұрғын үй кешендерінің тізімін жариялады. Олардың қатарында «New City» «Talan», «Elorda Residence», «Brooklyn», «Samal town», «Park Avenue», «Каспиан парк», «Французский квартал», «Алтын заман», «Асыл Парк» тұрғын үй кешендері бар. Яғни, бұл құрылыс салушыларға үлескерлерден ақша алуға рұқсат берілген.

Сағымға айналған «Ұмай»

Жасыратыны жоқ, елімізде әйелдерге арналған ипотеканы жұртшылық жылы қабылдаған болатын. Бірақ, ол бүгінде сағымға айналып бара жатқандай. Олай дейтін себебіміз, несиеге бөлінетін қаржы мөлшері санаулы. Қаражат бөлініп, бағдарлама бойынша өтінім қабылдайтын кезде минут түгілі, секундпен жарыса құжат тапсыруға тура келеді. Себебі, санаулы минуттарда бағдарламаға бөлінген қаржы игеріліп кетеді. Оның үстіне, бүгінде бұл бағдарлама бойынша моноқалаларға көбірек басымдық берілетін көрінеді. Содан кейін барып Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларына  бөлінеді екен.

– Біз «Шаңырақ» пен «Бақытты отбасы» бағдарламаларын біріктіріп, басқа концепция жасақтадық. Нақтырақ айтсақ, әкімдік салған нысандарды несиелеуге дайынбыз. Баршаңызға белгілі, өткен 2022-2023 жылдары салынған Талғайраң елді мекеніндегі көпқабатты үйлердің құжаттары дұрыс болмауына байланысты әлі күнге пайдалануға берілмей отыр. Сол үйлер тұрғындарға ұсынылса, біз несиелеуге әзірміз,-дейді «Отбасы банкі» АҚ Атырау филиалының директоры Нұржан Мұғалімов.

Р.S: Елімізде баспанаға мұқтаж жандар саны екі миллионнан асып жығылады. Урбанизация қарқынын ескерсек, алдағы уақытта көрсеткіш бұдан да асып түсуі ықтимал. Бұл үрдіс мұнайлы өлкеде де байқалады. Десек те, өңірде баспана алу жолдары аз емес. Тек оны саналы түрде сауатты пайдалана білуіміз керек. Ысырапшылдыққа бой алдырмай, әлемнің озық елдері секілді үй алуға ақшаны бала кезден бастап жинақтауды дағдыға айналдырған жөн. Ал, жаңа бағдарламаның жай-жапсары тұрақты біздің назарымызда болады.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button