ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ҚАЛТҚЫСЫЗ БОЛСА…

немесе  көп  қабатты  үйлердегі  лифтілердің  жайы  қалай?

Халыққа көрсетілетін қызмет түрлерінің ішінде көп қабатты үйлердегі лифт жұмысының маңызы ерекше. Бұлай дейтін себебіміз, 15-16-шы қабаттарға дейін қол жүктеріңізбен жаяу көтерілу, немесе төмен түсу оңай шаруа емес. Жасыратыны жоқ, көп қабатты үйлерде қазір лифтілер жұмыс жасап тұр ғой десек те, кейде тұрып қалып, тұрғындардың өміріне қауіп тудыратын немесе уақытша қолайсыздық жағдайлар аз емес. Атырауда қазір 9, 12, 16 қабатты үйлер көптеп салынуда. Осы көп қабатты үйлерді лифтімен қамтамасыз ету жайы қалай? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

Бүгінгі күнге Атырау қаласы бойынша 428 лифт жұмыс жасап тұрса, олардың 266-сы тұрғын үйлерде орнатылған. Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы Заңына сәйкес көп қабатты тұрғын үйлердегі лифтілер тұрғындардың ортақ меншігі болып табылады. Сондықтан, мемлекет тарапынан лифтілерді жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына  қаржы бөлінбейді. Мәселен, Алмагүл шағынауданындағы көп қабатты №17-24 үйлерде жалпы саны 48 лифт бар. Бүгінгі таңда  24 лифт ғана жұмыс жасап тұр. Оның басты себебі, басқа лифтілер істен шыққан. Жөндеу бағасы арзан емес. Оны іске қосу үшін тұрғындар ақша жинаулары керек. Ал,  бұл әзірге мүмкін болмауда. Лифт ақысы, негізінен тұрғындардың тұрғын үй алаңының көлеміне байланысты төленеді. Бірінші, екінші қабаттар ғана заңға сәйкес төлемақыдан босатылған. Қалған қабат тұрғындары төлем жасауға міндетті.

«Біздің үйіміз, көріп тұрсыз, тоғыз қабатты. Шынымды айтсам, көп қабатты үйлердегі үлкен проблемалардың бірі – лифт жұмысы десем, артық айтқандық болмас. Әзірге лифт жұмыс жасап тұр. Бірақ, істен жиі шығады. Кей кезде 15-20 күн бойы  тұрып қалатын кездері де болады. Оның себебі, тұрғындардың уақытылы ақысын төлемеуінен сияқты. Сөйтіп, мезгілінде төлем жасап отырғандарға зияны тиіп кетіп жатады. Лифтілердің іші лас, электр шамы көбіне болмайды. Аталған қызмет түрлерін үлкендерден бастап, кішкене балаларға дейін пайдаланады». Алмагүл шағынауданындағы №10 үйдің тұрғыны Айша апай өз ойын осылайша ортаға салды.

«Лифтілерді күтіп-ұстауды ұйымдастыратын тұрғындар, жеке пәтер иелері және келісім-шарт негізінде техникалық қызмет көрсететін мекемелер. Әрбір тұрғын лифтілердің жұмыс сапасын, өз өмірлеріне қауіпсіз қызмет көрсетулерін және жыл сайынғы техникалық куәландыруды уақытылы өткізіп отыруын лифтіге қызмет көрсетіп отырған мекемеден талап етуге құқылы.

Тұрғын үйлердің лифтілері пәтер иелерінің ортақ меншігінде болғандықтан, қаржы негізінен тұрғындардың лифтіні пайдаланғанда төленетін ақысы есебінен қарастырылады. Демек, лифтіні күтіп-ұстауды ұйымдастыратын – жеке пәтер иелері және келісім-шарт негізінде техникалық қызмет көрсететін мекемелер.

Қай нәрсенің де ұзақ қызмет етуі күтіп-ұстауға байланысты. Сондықтан, лифті-нің ұсақ-түйек бөлшектері істен шыққан бойда ұйымшылдықпен ауыстыруға ниет білдірсе, іс тетігі табылар еді. Өкінішке орай, көбіне мұндай бастама қолдау таппай жатады. Әсіресе, тұрғындар мұндай ақауларды ай сайынғы лифтіні пайдалану үшін төленетін ақының ішінен есептесуді сұрайды. Ал, техникалық қызмет көрсететін мекемелер бұл төлемдердің ішкі, сыртқы шығындарын жабуға әзер жететіндіктерін алға тартады. Сондықтан, өз меншігің болғандықтан, әрбір тұрғын лифтіні сындырып, бүлдіріп кетудің алдын алып, жауапкерші-лікпен қарағаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, лифт – көп қабатты үйлердегі қозғалыс тірегі» – дейді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Арман Абулхайыров.

Бүгінгі күні қаладағы тұрғын үйлер мен мекеме, кәсіпорындардағы лифтілерге техникалық қызмет көрсететін бірнеше мекеме бар. Солардың бірі 2000-шы жылдардың басында алғашқылардың бірі болып құрылған «Атыраулифт» ЖШС. Бұл серіктестік «Каспий толқыны», Студенттер көшесі, Тұрғын үй қалашығы, Алмагүл шағынауданы сияқты бірнеше мөлтекаудандардағы 160-тан астам көп қабатты үйлерге қызмет көрсетіп келеді. Үш жерде лифт қауіпсіздігін тексеретін диспетчерлік пункт жұмыс жасап, электр механиктер тәулік бойы кезекшілікте болады екен.

«Лифт халыққа қауіпсіз болуы керек, сондықтан  қызмет сапасын жақсарту, диспетчерлер санын көбейту – негізгі мақсатымыз. Біздің басты көрсеткішіміз де осы. Осы орайда, барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, жұмыс жасап жатырмыз. 2013 жылға қарағанда 2014 жылы жұмыс қарқыны ойдағыдай болды. 20 лифтіге монтаж жасадық.

Қызмет сапасын жақсарту бағытындағы тағы бір қолға алған ісіміз – лифтілер біртіндеп кәртішкелік жүйеге көшіріле бастады. Бұрын абоненттік төлем болды. Әр тұрғын лифтінің пайдалану ақысын өз пәтерінің жалпы көлеміне сәйкес төледі. Ал, кәртішкелік жүйенің тиімділігі сол, лифтіні пайдаланғаны үшін ғана ақы төленеді, яғни лифтімен көтеріліп, түскені үшін ғана.  Екіншіден, төлемақыға ыңғайлы. Ай сайын кәртішкеңді толтырып аласың да, пайдаланасың. Шынын айту керек, лифтілердің ішін сындырып, бүлдіріп кететін кездер жиі кездеседі. Мүмкін, бұл сол үйдің тұрғындарының емес, сырттан келгендердің ісі шығар.

Бір қиындығымыз, Атырау қаласы  бойынша кәртішкемен төлеу қолданысқа жалпылама енбей отыр. Мүмкін, бұл тұрғындар арасында түсінік жұмыстарының аздығынан шығар.

Қазіргі қолданыстағы лифтілер негізінен АҚШ,  Белоруссия, Оңтүстік Кореядан алынған. Павлодарда да жақсы-жақсы модельдерді шығара бастады деп естідім. Заманауи үлгідегі сапасы жоғары қондырғыларды алудың тиімділігі жоғары екендігі белгілі. Сондықтан, біз бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз» деді бізбен әңгімесінде  аталған серіктестіктің директоры Жандос Жакуалиев.

Сөз саптауынан қызметіне төселіп қалған басшыны толғантқан тағы бір мәселе барға ұқсайды. «Тендерге түсу – мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес орындалуға тиісті заңмен көзделген іс. Оны жақсы түсінемін. Бірақ, көршілес облыстардан, мысалы  Орал, Шымкент облыстарынан ұсақ жеке кәсіпкер келіп аталған саланың қызмет түрін ұтып алып, жұмыстарын жалғастыра алмай, нысандарды аздырып жіберген кездері де болған. Тәжірибе көрсеткендей, лифт жұмысын жандандыру материалдық базасы қалыптасқан, жергілікті мекемелердің қолынан ғана келеді. Әрине, тәртіп, заңдылық ортақ. Бірақ, бұл да көңіл аударатын маңызды мәселе деп ойлаймын». Жандос Меңдешұлы осылайша өз ойын ортаға салды.

Қала халқына қызмет көрсетіп келе жатқан мекемелердің бірі – «Каспийлифт» ЖШС директоры Зағира Сағындықова да «Сапалы жұмыс – жұртшылықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты бағыты» екендігін айта келіп, былай деді: «Біз, ең бастысы мамандардың біліктілігіне көңіл бөлеміз. Өйткені, лифт қызметін пайдалану өте сақтықты қажет етеді. Кейде лифтілердің тұрып қалу фактілері кездесіп жатады. Оның басты себебі – жарықтың өшіп қалуынан, болмаса артық салмақтан, немесе уақытылы қаржы төленбегендіктен. Дер кезінде көмек береміз. Оған толықтай жағдай жасалған. Бүгінгі күні  бес адамымыз бар. Арнайы оқып, алты ай тәжірибеден өткен электр механиктер кәсіби жұмыс жасап келеді». Бұдан әрі Зағира Сүлейманқызы кәртішкелік жүйенің тиімділігі туралы да айта кетті.

Байқап отырғанымыздай, жұмыс жүріп жатыр. Бірақ, бізді бір ой мазалайды. Бұрындары тәжірибеде қызметтің бұл түрін бір жерден бақылап, реттеп отыратын мекемелер болған. Оған мемлекеттік бюджеттен қаржы қарастырылған. Сұраныс та, бақылау да бір орталықтан жүзеге асқан. Бізді толғандырған мәселеге қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Өмірбек Камалов та өз пікірін қосты: «лифт кондоминиум (бір объектіні, жылжымайтын мүлікті бірлесіп иелену) нысанында орналасқандықтан тұрғындардың жеке меншігі болып есептеледі. Ал, лифтілерге қызмет көрсету бәсекеге қабілетті ортаға берілген».

Ия, бұл бүгінгі күннің талабы шығар. Дегенмен,  жұмыс барысында көптеген «әттеген-ай» дегізетін тұстарды көрдік. Біріне бірі сілтеп, «бұл менің міндетіме жатпайды» деген сияқты алып-қашпа пікірлерге де куә болдық. «Мың қосшыға бір басшы» деген, кім біледі, мүмкін заңға сыйса өзгерістер болып қалар. Ол енді тиісті орындардың құзырында. Біздің айтарымыз, халыққа қызмет қалтқысыз көрсетілсе екен деген тілек қана.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз