АТЫРАУДАҒЫ «НАЗАРБАЕВ ОҚУЛАРЫ»
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Атырау қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада аталмыш басқарма басшысы Мейірім Қалауи сөз сөйледі.
— Көшбасшымыздың егемен мемлекетті қалыптастыру ісіндегі табысты бастамаларын жан-жақты зерттеудің маңыздылығын насихаттауда жыл сайын «Назарбаев оқуларын» өткізу біздің аймақта да дәстүрге айналуда, — деген Мейірім Жоламанұлы жастардың ел тұтқасын ұстар азамат болып қалыптасуларына тілек білдірді.
Шара барысында Елбасы туралы қысқаметражды фильм көрсетілді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне кезек беріліп, жүлделі үшінші орынмен Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің бірінші курс студенті Жәния Хайролла марапатталды. Екінші орынға Атырау мұнай және газ технологиялық колледжінің бірінші курс студенті Батырхан Сейдағалиев ие болса, бірінші орынды Елбасының сарабдал саясатын жан-жақты насихаттай білген Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, журналистика бөлімінің екінші курс студенті Диас Айбаров жеңіп алды. Жеңімпаздарға диплом мен бағалы сыйлық және гүл шоқтары табыс етілді. Марапат иелері Мемлекет басшысы туралы жазған туындыларын оқып, өз пікірлерімен бөлісті.
Шараға қатысқан меймандар да сөз сөйлеп, ел дамуындағы Президенттің рөлі туралы әңгімеледі.
«Әрбір азамат өз тарихын, жаңа Қазақстанның тарихын білуі керек. Сондықтан, «Назарбаев оқулары» жас буынға қажет. Алдағы уақытта да жастар мұндай шарадан тыс қалмауы керек», — деді облыстағы грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Зураб Бобохидзе.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.