Жарнама
Қоғам

Атырауда қарилар саны артады

ЕЛ ЕГЕМЕНДІК АЛЫП, ЕҢСЕ ТІКТЕП ЖАТҚАНЫН ЕСТІГЕН ШАҚТА ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫСЫ ХАЛИФА АЛТАЙ АТАМЫЗ ҚАТТЫ ҚУАНҒАННАН ЖҮРЕГІ ТОЛҚЫП, ШҮКІР СӘЖДЕСІН ЖАСАҒАН ЕКЕН. СОДАН БЕРІ ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АРҚАСЫНДА ЖОҒАЛҒАНЫМЫЗДЫ ТҮГЕНДЕП, КЕМ-КЕТІГІМІЗДІ ТҮЗЕП КЕЛЕМІЗ. АЗАМАТТАРДЫҢ ДА ДІНИ СЕНІМ ҚҰҚЫҚТАРЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ЗАЙЫРЛЫ НЕМЕСЕ ДІНИ БІЛІМ АЛУЛАРЫНА ЖАН-ЖАҚТЫ МҮМКІНДІК БАР. БҮГІНДЕ ОҚИМЫН, ІЗДЕНЕМІН ДЕГЕН ТАЛАПТЫ ЖАСҚА ҮЛКЕН ЖОЛ АШЫЛҒАН.

БЕРЕКЕДЕГІ ОРТАЛЫҚ

Былтыр Береке (бұрынғы Память Ильича) ауылынан «Иманғали» мешітіне қарасты Құран жаттау жəне діни сауат ашу орталығы ашылып, алғашқы талапкерлерін қабылдаған еді. Қала іргесіндегі шағын ғана ауылдан ашылған орталықтың орнында бұрын мейрамхана, дүкен болған екен. Жергілікті кəсіпкердің көмегімен жаңаша сəн түзеген еңселі ғимаратқа барып, орталықтың жұмысымен танысудың сəті түсті. Жылы ықыласпен қарсы алған орталықтың жауапты ұстазы Олжас Сқақов шығыстағы Күршім ауданының тумасы екен. Орталық ашылғанда қонақ ретінде шақырылған «Нұр-Мүбəрак» университетінің түлегі ұстаздық етуге ұсыныс түскен соң, келісімін береді. Бұған дейін «Астана» медресеколледжінде төрт жыл ұстаздық етіп тəжірибе жинаған ол жастайынан білім беріп, шəкірт тəрбиелеуге ден қойды. Бүгінде Құран жаттау жəне діни сауат ашу орталығында ІХ-ХІ сыныпты тəмамдап келген 30-ға жуық шəкірт қарилық жəне имамдық бағыты бойынша тəлім алады. Мұнда тек облыстан емес, көршілес Маңғыстау облысынан келіп білім алып жатқан шəкірттер де бар. Ғимаратта олар үшін асхана жатақхана, ұстаздар жəне қонақ бөлмесі, дəрісхана жұмыс жасап тұр. Үш жыл бойы шəкірттер білікті ұстаздардан Құран Кəрім, тəджуид ілімі, араб тілі грамматикасы, араб тілі морфологиясы, ақида, фиқһ, хадис, тəпсір, ислам тарихы, шешендік өнер (хитобат) пəндері бойынша дəріс алады. Орталықты аяқтаған түлектерге сертификат беріліп, мешіттерге діни қызметке орналасуға мүмкі ндік бар.

– Жаңылыспасам, бұрын Құрманғазы, Исатай аудандарының аумағында 50-60 шақты медресе болған деседі. Кеңес өкіметі тұсында барлығы жойылып кеткен. Атырау өңірінен сол кезде діни сауатты ғалымдар да шыққан екен. Тағы бір байқағаным, бұл өңірде бұрын-соңды есімі естілмеген сауатты адамдарды кездестіріп таңғалдым. Айталық, Нəсіп, Ғани, Ғиззат деген араб тілінен енген адам есімдеріне қарап, өлке тұрғындарының діни сауатты болғанын аңғаруға болады. Демек, өңірдің діни ахуалы да өзге өңірлерге қарағанда жоғары болса керек. Мұны қайта жаңғыртып, халықтың діни біліммен сусындауына аз да болса үлес қоссақ па деген ниетіміз бар, — деді Олжас Асанұлы. Орталық ғимаратына жапсарлас жатақхананың да құрылысы аяқталып, бітуге жақын екен. Келешекте орталық шəкірттерінің санын 32-ге дейін жеткізу көзделіпті.

fqweasdf

АДАМ БОЛУ – БАСТЫ ПАРЫЗ

Исі мұсылман асыға күтетін Рамазан айында тарауих намазында Құран хатым түсіру үшін алыс аймақтардан қарилар жиі шақырылады. Өйткені, Атырау облысында қарилар өте аз. – «Діни сауат ашу орталықтарына түскен балалар молда болып, өзгенің қолына телміріп, садақа сұрап кетеді» деген түсініктің қалыптасып отырғаны да жасырын емес. Бірақ, орталықты бітірген шəкірттің барлығы дерлік дін саласында қызмет етуі шарт емес, ең алдымен олардың адам болып қалыптасуы үшін қажет. Қазақтың аяулы ақыны Абайдың да, Алаш партиясының негізін қалаған Əлихан Нұрмұхамедұлы, Ахмет Байтұрсынұлы секілді ардақты азаматтардың да діни негізі болған.

Басты мақсат – балалар қай салада қызмет етсе де, əділеттілікті ту етіп, құдайдан қорқып жұмыс істейді. Ата-ананы құрметтеп, заң аясынан шықпауы тиіс. Тіпті, қоғамға пайда келтірмегеннің өзінде зиянын тигізбеуге тырысады. Құдайдан қорыққан адам ғана қоғамға пайда тигізе алады. Адамшылық Алладан қорыққан кезде келеді. Ал, орталықтың мүмкіндігі бар кезде неге қариларды тəрбиелеп шығармасқа?! Орталық шəкірттері алдағы Рамазан айында тарауих намазына имамдық етеді деп жоспарлап отырмыз. Бір жағынан, оларға іс жүзінде тəжірибе болады. Ұстаздың алдында Құран тапсыру мен жамағатты ұйытып, намазға тұрғызу бұл бір бөлек əсер беретіні сөзсіз, — деді Олжас ұстаз. Ол орталықтағы жұмысымен қатар, «Иманғали» орталық мешітінде кезекші имам қызметін атқарады. Өйткені, өзі де төрт перзент тəрбиелеп отырған Олжас ұрпағының келешекте адамгершілігі мол болып өсуі үшін шəкірттердің шариғи білімін шыңдауды парыз санайды. Қарилар тобына дəріс беретін Захиджан Ғұламов – Шымкент қаласының тумасы. Түркиядан білім алған ұстаздың алдында бүгінде он шақты шəкірт білім алады. Егер шəкірт саны артса, ұстаздар қатарын толықтыру да жоспарда бар көрінеді. Орталыққа «Иманғали» мешітімен қатар, демеушілер мен жомарт жандар да қайырым-қолдауын жасап отырады. Сауат ашу орталығында шəкірттердің үш мезгіл тамағы, жатын орны бар. Сондай-ақ, аптасына бір рет спорт кешенінде футбол ойнау да жолға қойылған.

ghjkyui

ЫНТАЛЫ ШӘКІРТ – БІЛІКТІ МАМАН

Орталықтың имамдық бағытында оқып жатқанына екінші жылға толатын атыраулық Дəурен Қанатұлы мұнда ІХ сыныпты бітіріп түскен. Он төрт жасынан бастап мешіттен тəджуид білімін үйрене бастаған оны ішкі қызығушылығы осы жерге əкелген. Əрине, алғашқыда таңғы сағат бесте тұрып, сегізде тапсыратын сабаққа дайындалу оңай болмапты. – Ұстаздарым секілді дəріс беріп, дін саласында қызмет етсем деген арманым болды. Қазір араб тілі грамматикасы, фиқһ пəндерін үйреніп жатырмыз. Келесі жылы хадис пəнін үйренеміз. Алғаш орталыққа алты талапкер келдік. Таңертеңгі сағат сегізден басталған сабақ 11 сағат 45 минутта аяқталады. Сосын түскі ұйқының уақыты. Сағат 13.00-де тұрып, бесін намазын оқып болған соң, түскі асымызды ішеміз. Екінті намазынан ақшам намазына дейін екі сағаттай үзіліс аламыз. Сол аралықта шəкірттер бөлмелерін жинап, тазалайды. Сосын берілген тапсырмаларды қайталаймыз. Сенбі күні екінті намазынан кейін дүйсенбіге дейін демаламыз.

Əр нəрсені үйренген кезде өзіндік қиындығы болады. Қалаған уақытта ұйықтап, қалаған кезде тұрып жүрген адамға алғашқы жылы қиын болуы мүмкін. Бірақ, бұған да бой үйреніп, тəртіпке бойсұнады екен. Отбасымызда əкеміз қайтыс болған, қазір анам жəне ағам, ағамның отбасы бар. Жақын ағаларым да дін саласында оқыған. Сол кісілерге қарап, мен де бой түзедім. Алдағы жылы орталықты бітірген соң, Атыраудағы мешіттердің бірінде дін саласында қызметке орналасуға бекіндім, — деді Дəурен. Шəкірттерге уақытын тиімді өткізуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Теледидар қарап, шахмат, дойбы, теннис ойнауға да мүмкіндік бар. Орталық ұстазының сөзінше, шəкірттер тəулік бойы көз алдарында болғандықтан, мінезқұлқы мен білімге деген ынта-талабын байқап, бағыт-бағдар беріледі. Расында, оқуға ықыласы болмай, мұндағы талап пен тəртіпке төзбей, шығып кеткен шəкірттер де бар екен. Ақтөбе облысымен шектес жатқан Сағыз ауылынан келген Мұратбек Шадымановтың қарилықта оқып жатқанына биыл екінші жыл. Руханиятқа үлес қосуды ойлап жүрген шəкірт Құранның 7-ші парасын (бөлік) жаттап жатыр. Бұл дегеніңіз Құранның үштен бір бөлігіне жақын.

– Былтыр төрт пара жаттағанбыз. Бұрын мұндай білім алып көрмегеннің де əсері болар, əуелі қиындық та болды. Мешіт имамдарынан сабақ алып жүріп, білікті мамандар келген соң, солардан үйренуге ниет қылдым. Құран жаттаудың да өзіндік ереже-тəртібі бар, сол тəртіпке төселу керек. Биыл жаттау да жеңілдей түсті. Əріпті созып ұстайтын жері бар. Ережеге сəйкес оқымаса, Құранның мағынасы өзгеріп кету қаупі бар. Ал, Алланың сөзін өзгертуге қатаң тыйым салынатындығы түсінікті. Қалай жазулы, солай оқуымыз талап етіледі. Дінге 2016 жылдан бастап бет бұрып, намаз оқи бастадым. Бұған дейін ауылдағы Қызылқоға аграрлытехникалық колледжі, бұрынғы кəсіптік лицейде оқыдым. Оны бітірген соң Теңіз кенішінде дəнекерлеуші болып жұмыс істедім. Діни білім алу туралы əуелден хабардар едім. Хадисте де Құран жаттаған баланың ата-анасы құрметке бөленетіндігі айтылады. Ұстаздардың көмегімен үйреніп жатырмыз. Бұйырса, оқуымызды тəмамдаған соң облыстағы имамдар жетіспей жатқан мешіттерге қызмет етуге барамыз, — деді Мұратбек Шадыманов.

bnfghrtyu

ИГІЛІКТІ ІС – ОРТАҚ

Əрине, орталықтың қазіргі күйі ойдағыдай емес. Ғимараттың қабырғасы мен төбе жабындысының жұқалығынан күн суытса тез салқындайды екен. Сондықтан, алдағы жылы жөндеу жасау жоспарланыпты. Жергілікті тұрғындар арасында да сақи жомарттар бар екен, орталыққа қайырымдылық жасап, азық-түлік, материалдық тұрғыда да көмектесіп тұрады. Қазіргі қымбатшылық кезінде сауат ашу орталығының əлеуметтік төлемдері үшін қомақты қаржы да керек. Сондықтан, оқу ақысы шəкірттердің қалтасы көтеретіндей, қолжетімді бағада белгіленген, ай сайын 15 мың теңге. Демек жылына 180 мың теңге. Алайда, көп балалы отбасынан шыққан немесе жетім балалар үшін оқу ақысы тегін. Оқуға ынтасы бар, бірақ қаражат жағынан мүмкіндігі көтермейтін шəкірттер үшін де жеңілдіктер берілген, оларды да оқу ақысын төлеуден босатады. Ал, оны төлей алмаса, шəкіртті қыстамайды. Бүгінде Атырау облысында Құранды толық жаттаған үш қари бар. Енді орталықтың жұмысын жандандыру арқылы қарилар мен білікті имамдардың санын арттыру көзделген. Ең басты мақсат – елдің рухани өркендеуіне сүбелі үлес қосатын білікті тұлғалар сауатты да сауапты қызмет етіп, халықтың тілегін жүзеге асыру.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button