Атырауда оқушылардың үрейін ұшырған мұғалім жұмыстан босатылды
«Туыс ағасының мүрдесін айлар бойы үйінде сақтаған әйел балаларымызға сабақ бермесін!» Бұл Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылының тұрғындарының талабы.
Айтуларынша, ағасының сүйегін үйінде сақтаған әйел мектепте балаларға сабақ беріп жүр. Одан оқушылар түгілі, ауылдың үлкендері қорқатын көрінеді.
«Мұғалім деген мәртебелі атқа кір келтірді. Сондай адам біздің балаларымызға қалай сабақ береді? Менің 9 оқитын немерем бар. Қорқамыз дейді. Қасымызға жақындап келсе, ығысып отырамыз дейді. Үреймен отырған балалар не білім алады. Мектептен, жалпы ауылдан кетсін», — дейді ауыл тұрғыны Жеміс Мұхамбетова.
Берекесі кеткен алақандай ауылдың азаматтары марқұмның қарындасын ауылдан көргілері келмейтінін айтады. Өйткені, қылмысқа қатысы бар деп ойлайды.
Осы жағдайға байланысты облыстық білім беру басқармасының басшысы ата-аналардың арыз-шағымын орынды деп санайтындықтарын айтып, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар мұғалімді жұмысынан босатты.