Атырауда оқушыларды автобусқа мінгізбеген
Атырау прокурорлары оқушылардың автобуста тегін жүруін қалпына келтірді.
Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, балаларды жалпы білім беретін мектептерге тасымалдау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сақталуына талдау жүргізілген.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы балалар жылына олардың құқықтарына баса көңіл бөлуді тапсырған еді. Осыған байланысты балалар құқығының сақталуына талдау жүргізу кезінде бірнеше заң бұзушылық анықталды. Мәселен, мектеп автобусын жүргізушілерде көлік құралдарын басқару құқығының тиісті санаты болмаған. Көлік құралдарына міндетті техникалық тексеру жүргізілмеген. Бұл балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді», -дейді Аршат Тайтуллин.
Оның мәліметінше, талдау нәтижесімен заң бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізілген. Прокурордың актісіне сәйкес, Атырау қаласындағы мектептердің 5 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 2 автобус жүргізушісі жұмыстан шеттетілген.
«Қазір анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Мектеп автобустарының жүргізушілеріне және көлік құралдарына қойылатын талаптар заң талабына сәйкестендірілді. Осы кезге дейін Атырау қалалық мәслихатының 2015 жылғы 27 наурыздағы №268 шешімінің талаптарына қарамастан, балалардан екінші сапардан кейін жолақыны төлеу талап етіліп келген. Прокурордың актісімен балалардың қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығы қамтамасыз етіліп, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», -дейді қала прокуроры Аршат Тайтуллин.
Фото: ашық дереккөздерден