Атырауда онлайн құрбандықты үйлестіруші штаб мүшелері мал базарларын аралады
Үйлестіруші штаб мүшелері Атырау қаласындағы “Тума”, “Асыл Агро”, “Қуаныш”, “Адал” мал базарларын аралап, мал сою пункттеріндегі санитарлық – эпидемиологиялық ахуалмен танысты.
“Біз карантин жағдайындағы Құрбан айтқа байланысты құрылған Атырау облыстықштабының жиналысында бекітілген мал базарларын көріп шықтық. Мал соятын орындардың санитарлық талаптарға сәйкестігіне, қасапшылар киім формасының тазалыққа сай болуы, өрт қауіпсіздігі, ветеринариялық мәселелерге байланысты бірқатар ескертулер бердік.
Бұл жердегі мақсат – пандемия жағдайында аурудың таралу жылдамдығының алдын-алу. Осылайша, құрбан шалуға ниет еткен тұрғындарға қолдау көрсету. Қазіргі уақытта штаб құрбан шалу мәселесінде карантин талаптарын толықтай сақтауды үйлестіру бойынша жұмыстар атқаруда” дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетелік, биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 20 шілдеде басталады. Құрбандық Айт намазынан кейін шалынады. Құрбандық шалу 20, 21, 22 шілде аралығында жалғасады.
Әлемде, сонымен бірге, елде қалыптасқан күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл да qurban2021.kz сайтын іске қосып, қазақстандықтарға құрбан шалу амалын қашықтықтан атқаруға мүмкіндік сыйлап отыр.