Атырауда наурыздан бері мыңнан аса ит ауланды

v kletke Қоғам

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиев мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Өткен жылы 30 желтоқсанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заң шыққан болатын. Аталған заң осы жылы 2 наурыздан бастап күшіне енді. Заң талаптарына сәйкес көшеде жүрген бұралқы иттер тікелей атылмайды, ауланады. Олар арнайы ветеринар, кинолог-маман және зоопсихологтар қарауынан өтеді. Яғни, ішкі құрты, бүргесі тазартылып, құтыруға қарсы екпе салынады. Содан соң кастрация жасалып, чиптеледі. Егер теріс мінез-құлқы айқындалмаса, иттер есепке алынып, қоршаған ортаға кері жіберіледі. Ал, иттер адамға зиян келтіретін жағдайлар байқалса, жансыздандыру арқылы жойылады, деді А.Айтқалиев.

Бүгінде облыста «Доброе сердце» және «In Market» қоғамдық қорлары ит аулау жұмыстарын атқаруда. Облыс бойынша 1100-ден астам ит ауланса, оның ішінде 150 ит кастрация жасалып, чиптелген.

– «Доброе сердце» қоғамдық қоры бүгінде Ақсай, Алмалы, Дамба және Еркінқала сыңды шағын мөлтек аудандардағы иттерді бақылайды. Осы аталған округтерден түскен шағымдар бойынша ауланған иттер уақытша тұру панажайына жеткізіледі. Панажайдан иттің жағдайы тексеріліп, вакцина салынып, психикалық тесттен өтеді. Біздің және «In Market» мекемесінің күш-жігерінің арқасында өңірдегі атқарылған жұмыстың нәтижесін көруге болады. Иттердің басым көпшілігіне қойылған талаптарды орындадық, деді «Доброе сердце» қоғамдық қорының ерікті-кинологы Мамучар Жабасов.

Айта кетейік, көшеде бұралқы иттер шабуыл жасаған жайғайда 109 нөмірі арқылы көмекке жүгінуге болады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз