ЕЛДІ СЫЙЛАУ РӘМІЗГЕ ҚҰРМЕТТЕН КӨРІНЕДІ

Облыс әкімі жанындағы Mемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кезекті отырысында жоғары оқу орындарында осы бағытта жасалып жатқан жұмыстардың реті баяндалды. Комиссия отырысына басшылық жасаған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева Mемлекеттік рәміздердің маңызы мен оларды насихаттау, талапқа сай қолдану турасында өз ойымен бөлісті.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры Аққали Ахметтің баяндамасынан білгеніміздей, оқу орнында Mемлекеттік рәміздерді насихаттау мен маңызын арттыруға бағытталған біраз шаралар атқарылыпты. Айталық, университет оқу-телерадио орталығында «дөңгелек үстел», пікірталастар, шығармашылық фестивалі ұйымдастырылып, арнайы хабарлар топтамасы дайындалған. «Телестудия орталығы арқылы «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Конституция – елімнің еркіндігі», «Көк Тудың желбірегені», «Мемлекеттік рәміздер тарихы» атты бейнероликтер жасалып, хабарлар желісі ішкі телевидение арқылы жіберіліп отырады», – деді А.Ахмет. Сондай-ақ, университет проректоры әр факультетте өткен шараларға толығымен тоқталып өтті.
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры Ерсайын Ихсанов өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, ұлтжандылыққа баулу мақсатында білім ошағында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Институттың профессор – оқытушылар құрамы мемлекетіміздің рәміздеріне құрметпен қарау, қолдану маңыздылығы туралы оқу-тәрбие барысында үнемі айтып отырады. Елін, жерін сүйген әр азамат мемлекетінің Әнұранын жатқа біліп, Туы мен Елтаңбасында бейнеленген суреттерді, олардың мәні мен мағынасын жақсы білулері керек. Халқымыздың рухын айшықтайтын құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіруге ықпал етуге тиіспіз»,– деді ол.
Атырау мұнай және газ институты тәрбие жұмысы және жастар саясаты бойынша департаментінің директоры Ұлдай Қойбақова да оқу орнының жыл басында бекіткен жұмыс жоспарында Мемлекеттік рәміздерге байланысты заң мен тапсырмалардың негізге алынғанын айтты. «Бірінші курс студенттерінен құралған «Атамекен» хоры салтанатты жиындарда еліміздің Әнұранын айтуды дәстүрге айналдырды, – деді ол. – «Мемлекеттік рәміздер – елдіктің, тәуелсіздіктің белгісі» тақырыбында радиостудия арқылы дәрістер жүргізіліп келеді. «Мен патриотпын» атты студент жастардың флеш-моб акциясы да – осы мақсатта өткен шаралардың бірі».
«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай оқу орындарының қабырғасында өткен шараларға студенттердің ғана емес, сол мекемеде жұмыс жасайтын ұстаздар мен техникалық қызметкерлердің де қатысуы керектігін, еліміздегі барлық азаматтардың Мемлекеттік рәміздерге деген құрметі болу тиістігін айта келіп, Қазақ елінің намысын дүбірлі додаларда қорғап жүрген спорттық командалардың Әнұран орындалған кезде селқостық танытатынын, мұндай мысалдар Атырау футбол командасының құрамындағы ойыншыларда кездесетінін ескертті. «Ұлтың басқа бола берсін, осы елдің суын ішіп, ақшасын алғасын, Мемлекеттік рәміздеріне де құрметпен қарауға міндетті болуы тиіс, біз осыған көңіл бөлмей жатамыз»,- деді ол.
Отырыс соңында облыс әкімі жанындағы Мемлекеттік рә-міздер жөніндегі Комиссияның келер жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз