Атырауда ерекше етікші бар
Мақат кентінде етікші келіншек тұрады. Иә, Гүлдана Құдайбергенқызы Хауашева. Біз алғаш естігенде онша сене қоймай, арнайы іздеп бардық. Шағын шеберханадағы тақасы қисайған, құлпы бұзылып, ұрты тесілген… Дегендей, топырлаған көп аяқ киімнің ортасында отырған қаршадай келіншекті кездестірдік. Гүлдана сол аяқ киімдерді жөндеп өңдеп, жұнттай етіп кері қайтарып жатыр. енді етікші келіншекпен етене танысуды ойладық.
– Мен Мақатқа 2002 жылы келін болып түстім. Негізі туған жерім Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы. Кейін әке-шешем Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қоныс аударды. Жас болдық, жолдасым теміржол саласында темір жонушы болып жұмыс істеді. Табысымыз аз. Мен үй шаруасындағы әйелмін. Енді қарап отырғанша үйден тындыратын бір істі қолға алғым келді. Сол кезде тұңғыш ұлымыз өмірге келген. Оны да еңбекке баулығым келді. Ең басты мақсатым сол еді. Содан осы «версаль» деген іс машинасына қол жеткіздім. Қытайдың өнімі болғанымен іске қолайлы. Осылаша, тері тіге бастадым. Әрине, басында қиын болды, себебі бұл көпбейінді машина, ретіне қарай қолдана білмесең, олақ дүние шығады. Ал, тілін білсең, көп нәрсені атқаруға болады. Қолым жаттыққан соң, 2006 жылдан бастап көршілердің аяқ киімдерін жөндеуді қолға алдым. Жолдасым көмектесті, мен қонышын тіксем, ол ұлтанын жамайды деген сияқты. Екеуміз отбасылық кәсіп қыла бастадық. Тапсырыстар көптеп түскендіктен енді үйде отырып жұмыс істеу қиын болды. Әркімнің қоқсығын жинап алып, отбасыңды ыбырсытып отыру ыңғайсыз тірлік. Одан өзге, келімдікетімді қонағың бар дегендей… «Қойшының қызы қой өрістен ораларда іске отырады» демекші, бір әулеттің келініміз, шұқынып отырғаныңды сынап кететіндер көп қой. Оның үстіне қолымызда үлкен кісіміз бар дегендей, ісім маңдымады. Сөйтіп, осы базардан алғаш дүңгіршек аштым. Басында тапсырыс болмады. Кейін жүре келе мақаттықтардың көзі үйренді, бастысы ісіме сенімдері нығайды.
Мен қолымнан келгенше жұмысымды адал, әрі сапалы атқаруға ұмтылдым. Оның нәтижесі жаман емес, қазір телефонға тыным жоқ, күніне 25- 30 тапсырыс түседі. Негізі біздің өңірдің тұрғындары етікшілік, тігіншілік секілді қол еңбегіне маңыз бере бермейді ғой. Оның үстіне етікші деп іздеп келгенде алдында әйел адам отырса, аң-таң болмай ма? Сосын бір айтайын дегенім, біз әйелдер қанша кәсіби маман болмайық, алдымен бір әулеттің келініміз, қала берді анамыз… Яғни, қонақ күту, ерің мен балалардың жағдайын жасау, тамағын уақытылы қамдау – басты парызымыз. Бұл үрдіс әсіресе, Атырау мен Маңғыстау өңірінде қатты сақталған. Қысқасын айтқанда, келінге сыншы көп. Ендеше, біз сол үрдістен шығуымыз керек, сосын барып сүйікті ісіңді қолға ала аласың. Мен қайын жұртымның да, ағайынның да сенімінен шығып жүрмін деп ойлаймын. Етікші кәсібіне берілгенім сондай, қазір жолдасым да, пайдаға асқан балаларым да осы істі айналдырады. Менің қамқоршыларым, көмекшілерім. Тіпті қайнағаларымның балалары да қызығушылық танытып, етікшілікті үйреніп жүр. Етікшілік өнер ептеп отбасылық бизнеске айналып келеді. Менің міндетім жастарға бағыт беру, сосын тапсырыс қабылдап, оның уақытылы орындалуын қадағалау болып қалды. Етікшілікті меңгеріп алғасын тағы бір кәсіпті қолға алдым. Ол кілтке ашқыш жасау. Үй болғасын кілт жоғалмай тұрмайды. Өзің ұмытып қалдырасың, ойын баласы далада жоғалтады, әйтеуір ашқыш құтаймайтын үйлер болады.
Басында өзім ұқсас ашқыштарды темір жонғышқа салып, кілт жасап көрдім. Көп еңбектеніп жасаған кілтім құлыпты ашқанына қатты қуанғаным есімде. Демек, байқап көруге болатындығына көзім жетті. Сөйтіп, 2013 жылы «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып, кілт жасауды бастадым. Саймандарың сай, қолың ұсынықты болса, қорқатын ештеңе жоқ қой, алдымен жұмысқа оңтайлы орыннан шағын шеберхана салып алдық. Бұрынғымыз жалдамалы, әрі қыста суық, қолайсыз еді. Бір жағынан жұмыс көбейген сайын, тұрақты мекен-жай керек болды. Ол несиені төлеп құтылғасын, 2019 жылы мемлекеттің көмегімен 1 млн. теңге грант ұтып алдым. Ол қаражатқа аяқ киімдерді химиялық жолмен тазалау қондырғысы мен кілт жасайтын жаңа станок алдым. Жаман емес , тіршілік жалғасып жатыр. Ендігі ойым, осы шағын шеберхананы кәсіпорынға айналдыру. Астана қаласында Самғау Нәсіпхан деген атақты етікші бар. Ол қазақы етіктерді брендке айналдырып, шетелге таныту жолында жүрген жігіт.
Таяуда сол кісіден 1 ай сабақ алып, үйреніп келдім. Енді қаражат жағдайы шешілсе, етікшілікті одан әрі дамытқым келеді. Себебі, тек өзіміздің балалар емес, осы кәсіпке ағайындарымыз бен көрші-таныстардың арасында қызығушылық байқалады, — дейді етікші келіншек. Айтқандай, былғары мен табаны болса , Гүлдана аяқ киім тігуге де шебер секілді. Күйеуіне арнап тіккен 42 мөлшерлі күзгі бәтеңке мен өзіне лайықтаған сүйретпесін көрсетті. Фабрикадан шыққан бұйымдардан еш айырмасы көрінбейді. Тек қиыны елде былғары өңдейтін оңды кәсіпорын жоқ екен. «Аяқ киімдердің ұлтаны мен басын Түркиядан алдырамыз» деді. Ұлтан тұрмақ, аяқ киім тігуге қажетті капрон жіп пен тарамыстың өзі қат, айлап кешігіп зорға қолға тиеді,- дейді ісмер.
Асылы, базары маусымдық, дүкені шалғайда жатқан қыр елінде етікшілік бағалы кәсіп болған. Қыз ұзататын, болмаса, әлдебір алыс сапарға шығатындар етікшінің қалағанын беріп, ауылына айлап ұстап, жыртығын бүтіндетіп отырған. Алысқа бармай-ақ, Ақбөбекті аңсап өткен атақты Сауытбектің Қайыбы адайлар ауылына осындай жолмен сая болмай ма? Оның бер жағында Қызылқоғада «байпақшы Хасан» деген ісмер өткен. Ол шебердің қолынан шыққан байпақтары құнан қойға бағаланады екен. Ал, Дендер бойында өмір сүрген алаша Шоқы етікшінің өнерін казакорыстар таң көріп, бұйымдарын пышақ үсті талап. алған деседі. Яғни, еткішілік тек кәсіп емес – өнер
Несі бар, ерінбеген етікші деген, өз жыртығымызды өзіміз жамай алсақ жаман ба? Бұл алдымен барын ұқсатып киюге ұмтылатын ортаңқол тұрмысты адамдардың тірлігіне селбеу болса, екіншіден баяғы ата-бабамыз киген «саптамалар» мен «ақан» етіктерді өзіміз тігіп шығарсақ, жаман ба?!
Арыстанбек КЕНЖЕ