ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫНДА – ТЕМІР ОРЫНДЫҚТАР

Таяуда Атырау теміржол вокзалына барып, жол жүру билетін алуға кезекке тұрдым. Қарасам, жұрттың бәрі қақшиып, тікелерінен тік тұр. Сол жерде көрген таныстарымнан: «Неге тізе бүкпейсіңдер?» - деп сұрасам, олар менің өзіме: «Қалай отырасың, ылғи темір орындық. Құйрығыңды қойсаң болды - қарып барады. Ызғары тас төбеңнен шығады. Мұны кім ойлап тапқан?» - деп өзіме қарсы сұрақ қойды.

Жоғары қабатқа көтерілсем, тағы сол төмендегі көрініс. Жолаушылар темір орындықтарға қол жүктерін қойып, өздері ерсілі-қарсылы сенделіп жүр. Жазда болса бір сәрі, онда да темірдің аты – темір, денсаулыққа зиян емес пе? Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қақаған қара суық – ақ қар, көк мұзда темір орындыққа отыру өзіңе дерт жапсыру емей немене? Бәрінен бұрын қарт адамдар мен мүгедектерге, көтерген сәбиі бар аналар мен жас нәрестелерге жаның ашиды. Олар қайда отырарын білмей, бір-біріне сүйеніп тұр.

Осынау сөлекетті Атырау вокзалы мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшыларының білмеуі мүмкін бе? Одан қалса облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшылығы бар емес пе, солар неге араласпайды? Не десек те, бұл күндіз-түні ағылып келіп-кетіп жатқан жолаушыларға көрсетіліп отырған жақсылық емес, қолайсыздық.

 

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Атырау қаласының тұрғыны.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз