Атырауда Art Fest шығармашылық фестивалі өтті
Атырауда алғаш рет «Art Fest» шығармашылық инклюзивті фестивалі өтті. Оған инклюзивті білімді қажет ететін жиырмадан астам бала қатысты.
Шараны «Жүректен жүрекке» қоры жүзеге асыратын «Теңіз жүрегі» жобасының еріктілері «Теңізшевройл» компаниясының қаржыландыруымен ұйымдастырды.
«Yemaa Art» кеңістігінде сегіз және он үш жас аралығындағы балалар сабын дайындау, сурет салу, ұлттық нақыштағы әшекей жасау, қыштан бұйым жасау және басқа да шығармашылық шеберлік сағаттарына қатысты. Инклюзивті орта қалыптастыру қағидасына сай, шараға мүмкіндігі шектеулі балалалармен қатар олардың қалыпты қатарластары шақырылды.
— Дәл осы жерде бүгін қалыпты балалар ерекше балалармен таныса алды, қарым-қатынас жасай алу мүмкіндігін алды. Осылайша, олар болашақта ерекше балаларға қатысты стереотиптерден аулақ болады. Демек, жаңаша ойлайтын, саналы ұрпақ өседі. Бүгінгі шарамыздың негізгі миссиясы да осы, балаларға мейірімділік пен аяушылық сезімдерін үйрету. Жалпы «Теңіз жүрегі» жобасы әрдайым балаларға, соның ішінде ерекше балақайларға арналған шаралар өткізеді, — деп атап өтті жоба менеджері Рысты Жексенбаева.
Шығармашылық фестиваль қонақтарының бірі мүгедектер арбасын пайдаланушы Жігер Нұрасыл. Ол ДЦП ауруының бір түрі спастикалық диплегия немесе Литтл ауруына шалдыққан. Осыған байланысты ол үйден оқуға мәжбүр. Жігер шараға өзінің анасы Абдулова Фаридамен келді. Фарида ханым қалада мүгедектігі бар жандарды әлеуметтендіруге арналған шараның орын алғаны үшін қуанышын жасыра алмады.
— Күнделікті өмірде мүгедектігі бар балалар көптеген негізсіз сынға, тіпті кемсітулерге тап болады. Мұндай инклюзивті іс-шаралар қалыпты балаларда эмпатия мен жанашырлық сезімін қалыптастыруға мүмкіндік береді, ал біздің балаларымызға жағымды эмоциялар сыйлайды, өйткені олар көп уақытын үйде өткізеді. Атырауда бұл мәселеге лайықты көңіл бөлінгені қуантады. Барлық балалар біздің қоғамда бақытты болсын деп тілеймін және ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, — деп Абдулова Фарида ата-аналар атынан ризашылығын айтты.
Айта кетейік, «Теңіз жүрегі» жобасы «Теңізшевройл» компаниясының «Әлеуметтік инвестициялар» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері жоба аясында балалар үшін және түрлі әлеуметтік осал топ өкілдері үшін шығармашылық, білім алу, танымды кеңейту және қайырымдылық секілді бағыттар бойынша 80-нен астам шара ұйымдастырылды.
Н.Насыр