Жарнама
Қоғам

Атырауда арнайы тактикалық оқу-жаттығу басталды

Атырау облыстық аумақтық қорғаныс бригадасы арнайы тактикалық оқу-жаттығуды бастады.

«Батыл тойтарыс 2022» оқу-жаттығу шарасына аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген 85 адамнан тұратын әскери міндетті шақырылды. Алғашқы күні олар медициналық тексерістен өтті.

– Он күндік жаттығу барысында жеке құрам білімін жетілдіріп, аумақтық қорғаныс бригадасының далалық дағдысы мен үйлесімділігін арттыруды іс жүзінде пысықтайды. Бұған қоса, аумақтық қорғаныс бригадасының міндеттерін орындау кезінде жоғары жауынгерлік пен моральдық-психологиялық қасиеттерін қалыптастырады, – дейді аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Ермек Қуанышов.

Махамбет ауданында қарасты «Арай» лагері мен Қарабатан кентінің аумағында өткізілетін оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрады. Алғашқы күні бригаданың жеке құрамы жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейіне жетіп, жұмылдыру мәселелері пысықталады.

Екінші кезеңде жауынгерлік үйлесімділікті ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жүргізіледі. Қорытынды кезеңде жауынгерлерге объектілерді күзетуді күшейту, заңсыз әскери құрамалардың бағытын айқындап жою, жауапты аймақ шегіндегі соғыс жағдайы режимін қамтамасыз ету және қолдау бойынша бригада командирінің жұмысы ұйымдастырылады.

2018 жылдың соңында барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда аумақтық қорғаныс бригадалары құрылған болатын. Тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларды тұрақты өткізу – әскери міндеттілерді тиімді оқытудың қажетті шарты болып саналады.

Диас НАУРЫЗАЛИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button