Жарнама
Қоғам

Атырауда арнайы оқу-жаттығу өткізілуде…

Атырауда «Батыл Тойтарыс – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.

Күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, әскери-техникалық үйлесімділікті арттыруға бағытталған жаттығуға запастағы офицерлер мен сержанттар, қатардағы жауынгерлер шақырылды.

Оқу-жаттығудың сценарийі бойынша «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-ның ғимаратына террорлық шабуыл жасалып, күштік құрылымдар оған тойтарыс беруі керек. Сәуір айының 11-22 күндері аралығында аумақтық қорғаныс бригадасының №99245 әскери бөлімінде әскери жиынға қатысып жатқан олар, қазіргі қарулы күштер құрамындағы заманауи қару-жарақпен және әскери техникалармен танысты.

Шараға қарулы күштерден бөлек, басқа да әскери құрылымдардың құрамалары мен бөлімдері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.

​Әскери оқу-жаттығу жиынына қатысушылардың бірі, Құрманғазы аудандық мәслихаты аппаратының ұйымдастыру және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Асылбек Әнес 2001-2003 жылдары Жамбыл, Алматы облыстарында азаматтық міндетін абыроймен атқарып, сержант шенін алған. Мұндай шараға алғаш рет қатысып отырған ол, әскери жаттығудан қол үзіп қалған азаматтарға пайдасы көп екендігін айтады.

– Құрманғазы аудандық қорғаныс істері бөлімінен әскери шақырту қағазы
келген соң, жұмыстан босату жөнінде хат келіп, әскери жиынға қатысып жатырмын. Барша жастарды Республика қарулы күштері құрамында қызмет етуге шақырамын. Ол – әрбір Республика азаматының парызы және міндеті. Елдің азаматы елін, жерін қорғау керек. Ата-бабамыз «Ақ білектің күшімен, Ақ найзаның ұшымен», Атыраудан Алтайға, Арқадан Алатауға дейін кең байтақ жерімізді аманаттап қалдырды. Біз де осы жерді болашақ ұрпаққа сақтауымыз керек. Алдағы уақытта осындай әскери шараларды жиі ұйымдастырып тұрса нұр-үстіне нұр болады, — деді Асылбек Сайфоллаұлы.

Оқу-жаттығу жиыны арқылы әскердегі іс-қимылдарды еске түсіріп, тәжірибе жүзінде іске асыруға машықтанған сарбаздар, төтенше жағдай жарияланған ғимараттағы террорлық әрекеттерге бірлесе тойтарыс берді.

– Біз жаттығу өткізген ғимарат ерекше жағдайларда қорғауға алынатын
ғимараттардың қатарында. Жауынгерлер осындай оқу-жаттығу жиындары арқылы ғимаратқа шабуыл жасалған жағдайда қандай іс-шараларды басшылыққа алу керектігін үйренеді, – деді команда бригадирі Ермек Қуанышев.

Республика бойынша оқу-жаттығу жиындары республиканың 9 өңірінде өтіп жатыр.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button