
Атырауда «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» атты ақпараттық акция өтті
30 шілде — дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай Атырау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері теміржол вокзалында арнайы «Адам саудасын бірге тоқтатамыз!» атты ақпараттық түсіндіру акциясын өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара барысында тәртіп сақшылары жолаушылар мен қала тұрғындарына адам саудасының қауіптілігі, оның түрлері мен белгілері туралы мәлімет беріп, аталған жағдайдан сақтану жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ адам құқықтарын қорғауға бағытталған жадынама парақшалар таратылып, тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Акцияның басты мақсаты — қоғамда адам саудасы туралы түсінікті қалыптастыру, қылмыстың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Атыраулық полицейлер адам саудасына байланысты қылмыстың алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі сұрақтар бойынша «102» нөмірі бойынша немесе «116 16» сенім телефонына хабарласу қажеттігін ескертеді.