Атырауда 62 жұп құқықтық-ақпараттық кеңес беру орталығында қайта татуласқан
Биыл орталықтан 2 мыңға жуық адам көмек алған. Оның ішінде психологтар отбасылық мәселе бойынша 510 адамға кеңес беріп, 62 жұпты татуластырған.
Бұл туралы «Құқықтық кеңес және қоғам: өзекті мәселелер мен шешу жолдары» атты «дөңгелек үстелде» айтылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жиынға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова орталықтың жұмысына оң баға беріп, болашаққа құрған кейстерін талқыға салды.
Айта кетейік, басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысымен “Шаңырақ-2008” жобасы аясында осы орталық мамыр айынан бері жұмыс істеп тұр.
– Орталықта 2 заңгер, 2 психолог пен медиатор бар. Олар биыл жеті ауданға екі күн қатарынан ашық есік күнін өткізді. Сонымен қатар «Заң және тәртіп» тақырыбында облыс бойынша 11 ЖОО мен колледж студенттерімен кездесті. Ірі сауда орталықтарына ашық есік күнін ұйымдастырып, 68 адамға тегін кеңес берді. Аталған жобаның мерзімі — үш жыл. Биыл бір жыл толса да, қоғамға тигізген пайдасы бар. Мысалға әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар тегін сотқа арыз тастап, құжат жағынан да көмек алды, — деді “Шаңырақ-2008” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жанар Ілиясова.