БЕЙБІТШІЛІК ФОРМУЛАСЫ

Төрткүл әлем түгел көз тігіп отырған Астанада өтуі тиіс «норманд форматындағы» кездесу белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Ресей, Германия, Украина мен Франция Президенттері қазақ жерінде белгілі бір деңгейдегі келісімге келеді деп күтілген бұл саммиттің Украинаның ел ретіндегі болашағы үшін де, Азия мен Еуропа үшін де маңызы зор еді. Бірақ, әзірге қай мемлекеттің де өзара мәмілеге келуге байланысты нақты ұсыныстары мен қадамдары, ендігі ұстанатын саяси-экономикалық бағыттары түпкілікті шешілмегенге ұқсайды.

 «Қоғамдық тұрақтылық» деген мәселенің жай ғана әдемі сөз емес, маңыздылығы күннен-күнге зорайып отыратын күрделі дүние екендігін осыдан бес жыл бұрын басталған «Араб көктемі» дәлелдеген еді. Тунис пен Египет, Йемен елдеріндегі төңкеріс Ливия мен Сириядағы азаматтық соғысқа ұласып, бұдан бөлек Ирак, Алжир, Судан, Марокко сынды барлығы он төрт мемлекетті қамтыды.  Қақтығыстар нәтижесінде 150 мыңға жуық адам көз жұмды. Бірақ, әлемдік геосаясат картасындағы жаңа ойындар мен толқулар мұнымен бітпеді. «Қара тізімді» одан әрі Украина жалғастырды.

Ежелден сыралғы мемлекеттегі шиеленістің неден басталғаны, оқиғаның қалай өрбігені туралы айтып жату артықтау сияқты. Дегенмен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқармасы таратқан мына мәліметті оқырман білуі тиіс. Өткен жылдың сәуірі мен үстіміздегі жылдың 6-шы қаңтары аралығында Украинада 4808 адам көз жұмған. Түрлі жарақат алғандардың саны – 10 468, шарасыздықтан қоныс аударғандардың саны 1,2 миллион адамды құрапты. Өкінішке орай, бұл жай цифр емес, саяси күштер ықпалынан туған қақтығыс нәтижесінде жазықсыз жапа шеккен сіз бен біз секілді қарапайым адамдардың саны болып отыр.

Енді міне, жетінші қаңтардан бері Францияны әлемтапырық етіп жатқан лаңкестік оқиға қоғамдық тұрақтылық мәселесінде шындап ойлану керектігін көрсетіп отыр. Расымен де, тұрақтылық мәселесі үлкен саясатты қажет етеді. Біздіңше, сол үлкен саясаттың негізгі қадамы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы аталуы тиіс. Өз алдына дербес құрылым болып табылатын Ассамблеяның негізгі мақсаты бір елді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің арасында алауыздық тууының алдын алу, ынтымақты қоғам құру болса, құрылым бұл талап үдесінен шығып отыр.

Сөзіміз дәйектірек болуы үшін нақты мысалдар келтіріп өтелік. Біріншіден, Астанада ресми түрде осымен үш мәрте өткен дәстүрлі діндер съезі. Күні бүгінге дейін бір үстел жанында басқосу былай тұрсын, бір-біріне қырын қарап келген елдердің діни өкілдері Астанаға қалай жиылды? Негізінен, исламды ұстанатын еліміздегі мұсылман қауымның съезді дұрыс қабылдауының себебі неде? Мұның барлығының артында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты жатыр. Екіншіден, Қазақ елінің Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуі – еліміздегі «бейбітшілік моделі» үшін өз алдына бөлек тақырып бола алады. Үшіншіден, атауын қазақ жерінде өзгерткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымына еліміздің сәтті төрағалық етіп, Ауғанстан, Қырғызстан елдерінде бейбітшілік орнату мәселелеріне тікелей араласуы Қазақ мемлекетінің келісім моделін әлемге үлгі етті.

Иә, бастауын Қазақстан халқы Ассамблеясынан алатын «келісім моделін» бүгінде арнайы зерттеп жатқан елдер де бар. Біздіңше, осының өзі көп мәселеден хабар бере алады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау бірегей құрылым турасында былай деп пікір білдіргені бар. «Аcсамблея Қазақстанның саяси жүйесінің маңызды бір белгісіне айналды, ол барлық этностардың мүдделерін бір арнаға тоғыстырады, ұлттың тегіне қарамастан барлық азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерінің бұлжытпай сақталуын қамтамасыз етеді». Расымен де, қасиетті қазақ жері елімізді мекендеген жүз отыздан астам диаспораны бір тағдырлы бір ұлтқа айналдырып үлгерді. Бірлік пен татулық, ынтымақ пен келісім, бір сөзбен айтқанда, толеранттылық идеясына ұйысқан қазақстандықтар тек қана бірлігі жарасқан елдің озатынын жақсы біледі. Сәт санап сан құбылып жатқан алмағайып заманда қазақы болмысымыздан, тұтастығымыздан, бірлігімізден ажырамау маңызды. Барлық саладағы даму параметрлері бойынша озық келе жатқан әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енудің де негізгі формуласы қоғамдық тұрақтылықта, халық арасындағы береке мен бірлікте жатқанын ұмытпауымыз керек.

Баян  ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз