Атырауда 160-тан астам жұп қайта табысты
Атырау облыстық соты жанындағы “Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылады.
Кеңес төрағасы Ақмырза Батырқайыровтың баяндауынша, есепті мерзімде азаматтардан жалпы саны 600-ге жуық өтініш қабылданған. Оның үштен бір бөлігі билер тарапынан қаралып, оң шешімін тапқан. Барлығы ажырасуға бекінген 160-тан астам жұптың қайтадан қосылып, сотқа дейін татуласуына мүмкіндік туғызылған. Басқа да тұрмыстық түйткілдер мен отбасылық мәселелердің оң шешілуіне септескен. Атқарылған жұмыстың ауқымдылығына қарамастан, алдағы уақытқа жоспарланған шаралардың аз еместігі аңғарылды.
Түпкі нәтижесінде қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді, ауызбірлік пен өзара татулықты, елдің бірлігін сақтауға кепілдік беретін, ұлттық құндылықтар мен халықтық тәрбиенің берік негізін қалыптастыруды мақсат тұтқан ұйымның қызметі жиынға қатысушылар тарапынан әділ бағаланды. Баяндама бойынша жарыссөзге қатысқан билер кеңесінің мүшелері оның жұмысын жақсартып, жандандыру жөнінде пайымды пікірлерімен, ұтымды ұсыныстарымен, оралымды ойларымен ортақтасты. Олардың қатарында Қосыбек Ырзағалиев, Сағынбай Шотпақов, Айсұлу Омарова және басқаларының есімдерін атауға болады.
Жылдық есеп беру жиынына қатысқан билер кеңесінің құрылтайшылары — облыстық соттың төрағасы Мұхтар Абайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Амангелді Аманиязұлы билер кеңесінің басқа қоғамдық ұйымдармен бірлесіп атқарған жұмысына ризашылығын білдірді.
Кеңес құрамына жаңадан қабылданғандар салтанатты жағдайда серт берді. Жиын соңы марапаттау шарасына ұласты.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор