«АТЫРАУ СУ АРНАСЫ» ҚУАТЫН ЖАҢҒЫРТАДЫ
Тиімді технология — табыс кепілі
Ағымдағы жылы бағдарлама аясында атқарылуы жоспарланған жұмыстардың қаржылай көлемі 727 млн. 820 мың теңгені құрайды. Соның 579 млн. 80 мың теңгесі сумен жабдықтау жүйелерін, 148 млн. 732 мың теңгесі кәріз желілерін жаңғыртуға бағытталған. Сол сияқты, энергия үнемдегіш технологияларды орнатуға 675 млн. 634 мың теңге қаралып, бұған сорғылау стансаларын (соның ішінде су тазарту қондырғылары мен су қысымын көтеру бекеттеріндегі сорғыларды, сондай-ақ, кәріз-сорғы стансаларындағы (КНС) негізгі жабдықтарды жаңарту, су құбырлары учаскелері мен кәріздік коллекторларды күрделі жөндеу секілді шаруаларды жайғастыру көзделген. Нәтижесінде, барлығы 40-тан астам сорғы (оның ішінде 13-і су тазарту қондырғыларына, 28-і су қысымын көтеру стансаларына тиесілі), 50 КНС сорғысы жалпы ұзындығы алты шақырымға жуық су-кәріз желілері ауыстырылады.
Осылайша, ағымдағы жылдың аяғына дейін қала аумағындағы су қысымын көтеру стансаларының біразына «Грундфос» деп аталатын заманауи үлгідегі шетелдік қондырғылар орнатылады. Айтпақшы, бұлардың бұрынғыларымен салыстырғанда көптеген айырмашылықтары мен артықшылықтары да, атқаратын функциялары да аз емес болып шықты. Жиынтық стансаның өзі құбыр бойымен келетін судың қысымын басқарып-бақылайтын түрлі түсті сенсорлық дисплей, жиілікті түрлендіргіш, қозғалтқышты қызып кетуден, реле бойындағы құр жүрістен қорғағыш, фазалардың алмасуын бақылайтын реле, кернеудің секірістерін немесе ауытқуларын бақылағыш, бас ажыратқыш, әрбір сорғыға арналған жай және автоматты режимдегі ауыстырып қосқыш, торлы сүзгіш және кеңейткіш күбі тәрізді бірнеше тетіктен тұрады.
Аз шығынмен көп пайда
Ең бастысы, автоматты режимде жұмыс жасайтын жаңа станса осыған дейін қолданыста болып келген, қуаттылығы да бірдей стансалардан гөрі тұтынылатын электр энергиясының көлемін 30-50 пайызға дейін үнемдеуге, сөйтіп орынсыз ысырапты азайтып, артық шығынды кемітуге кепілдік береді. Мәселен, осындай жаңа жабдықпен қамтылған қаладағы №15 су қысымын көтергіш стансада (ПНС) осыған дейін айына жұмсалатын электр энергиясының көлемі 11 мың киловатты құраса, жаңғырту жұмыстарынан кейін шығын мөлшері 4,5 мың квт-қа дейін төмендеген. Және бір ерекшелік, жаңа қондырғы орнатылған нысандарда құбыр бойына берілетін судың шығынына (аз немесе көптігіне) байланысты, күндізгі немесе түнгі мезгілде болсын, стансадағы жиілікті түрлендіргіш тетік автоматты түрде іске қосылып, қысымды, соған сай жұмсалынатын электр энергиясының мөлшерін азайтып, үнемдеуге жол ашады.
Күш біріксе, алынбайтын қамал жоқ
Осы жайттардан журналистерді егжей-тегжейлі хабардар қылған «Атырау Су Арнасы» КМК-ның басшысы Андрей Ташлыковтың айтуынша, жаңғырту бағдарламасын ойдағыдай іске асырудың нәтижесінде, бірінші кезекте электр энергиясының үнемделіп, тиімділіктің артуына, орынсыз шығындардың азайып, кәсіпорынға келетін табыс пен пайда көлемінің молаюына қол жеткізіледі.
Баспасөз турында мәлім болған және бір жайт, кәсіпорын қуаттарын жаңғырту жұмыстарына қажетті жабдықтарды жеткізіп беруді мердігер мекеме ретінде танылған «Эргономика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алса, монтаждап, орнату шаралары кәсіпорынның өз күшімен атқарылуда. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстарға білікті де кәсіби шеберлігі жоғары маман жігіттерден құралған үш бірдей бригада тартылған. 2014-2016 жылдар аралығын қамтитын инвестициялық бағдарламада белгіленген іс-шараларға қаралған қаржылай шығындардың бір бөлігі қазына қаражатынан жабылса, екіншісін кәсіпорын үнемделген қаражат есебінен өтеуді ойластырған.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суретті түсірген Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.