Жарнама
Қоғам

Атырау өңірі үшін маңызы зор

Бүгінгі Жолдауда Президент нақты экономикалық мәселелерге көңіл бөлді. Экономикалық ресурстар, салық саясаты, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, экологиялық ахуалды жақсарту секілді бірнеше маңызды салаларды қамтыды. Бұл Жолдаудың ерекшелігі де сонда.

Сонымен қатар Президент Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын да атап өтті. Елімізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатқандығын, бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылықтың нәтижесі екендігін ашып айтты. Алдымызда көп мақсат болғандықтан мұндай жағдайда оларды жүзеге асыру жарамсыз болатындығын жеткізді. Осы Жолдаудан кейін Үкімет мүшелерінің, облыс әкімдерінің қатысуымен жиын өтеді. Ол жерде нақты мақсаттарды айқындап береді деп есептеймін. Атырау облысының инфрақұрылымын дұрыстап, экологиялық ахуалын қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарды атқару еліміз үшін аса маңызды. Президент экологиялық жағдайды реттеу үшін Үкімет пен «Атамекен» палатасына осы бағытта нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Мұның Атырау өңірі үшін де маңызы зор.
Президент атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін айтты. Бұл еліміз үшін керек дүние, дұрыс шешім деп ойлаймын. Сондықтан халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Атом энергетикасы еліміздің экономикасының өркендеп, әлеуметтік жағдайының түзелуіне тікелей байланысы бар. Елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамымай жатқандығының да бір себебі – энергия тапшылығы. Әсіресе оңтүстік облыстарда анық байқалады. Бұл тұрғыда шетелге бағынышты болып отырмыз. Біз партия тарапынан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алдағы референдумда халық өз ойын білдірсе деген ниеттемін. Мемлекеттің басқару ісіндегі менеджментті оңтайландыру қажеттігі, көптеген маңызды заңдарды қабылдау керектігі де айтылды. Бұл Жолдау нақты экономика мен өмірге тікелей байланысты құжат деп білемін.

Азаматхан ӘМІРТАЙ, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы

Арнайы «Атырау» үшін

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button