ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕЛЕЖОБА: КАСПИЙ МАҢЫ ЕЛДЕРІНІҢ БЕРІК БАЙЛАНЫСЫ

Атырауда Каспий маңы елдерінің редакциясы жұмысын бастады. Ресейдің «Астрахань» аймақтық арнасының бас директоры Елена Ульянованың ұсынысымен аталған тележобаны жасақтау көктем айларында қолға алынған болатын. Ал, 2 қыркүйекте ресейлік «Астрахань» аймақтық арнасының бас директоры Елена Ульянова, әзірбайжандық «Регион ТВ» ЖШС-нің басқарма төрағасы Исмет Саттаров, «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық бөлімшесінің директоры Асқар Әшімов, Иран мемлекетіндегі Гилян және Мазандаран провинцияларының телерадио хабарларын тарату басқармасының бас директорлары Мохсен (Рахматулла) Насрпур Наваи мен Бахрам (Иса) Хамиди  біріккен меморандумға қол қойды.

Жергілікті «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық бөлімшесінің директоры Асқар Тұрғанбекұлының айтуынша, бұл жоба аталған елдер арасында өзара байланыс орнатып, экономикалық, мәдени, танымдық бағдарламалармен алмасуға жол ашып отыр.

– Шынын айту керек, шығармашылық бағытта халықаралық байланыстар бәсеңсіп қалды. Сондықтан, бұл ұсыныс келіп түскенде барлығымыз қуана келісімімізді бердік. Қазіргі таңда ортақ сервер ашып қойдық, әр аймақтың жаңалықтарымен алмасып отыруға мүмкіндік туды. Жуырда Астрахань қаласында өткен Каспий маңы елдері саммиті, Атырауда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы  ХІ аймақаралық ынтымақтастық форумы жөнінде арнайы бағдарламалар жіберіліп, жоба жұмысын бастап кетті. Алға қарай тың жоспарларымыз бар. Соның ең бастысы – білім беру саласын, жастар мәселесін, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында серіктестер іздеу бағытын қамтитын телекөпір ұйымдастыру.

Сондай-ақ, еліміздің тарихын, салт-дәстүрін насихаттайтын танымдық, тарихи бағдарламаларды да ресейлік, әзірбайжандық және ирандық әріптестерімізге ұсынуды көздеп отырмыз. Және олардан да келген бағдарламаларды өз көрермендеріміз назарына ұсынбақпыз. Бұл, ең алдымен, журналистердің халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуына үлкен жағдай туғызады. Айта кетерлік бір жайт, бұл жоба ақпарат хабарларын, бағдарламаларды тегін алмасуға мүмкіндік жасап отыр. Бұған қоса, телесериалдарды да көрсетіп отыру ойымызда бар, – дейді Асқар Әшімов.

Бұл жобаның тиімділігіне көз жеткізіп, кәсіби-іскерлік байланыс орнатуға ниет білдіріп отырған Каспий маңындағы өзге де елдер бар. Мәселен, соның бірі – Түркіменстан. Сондай-ақ, көршілес ақтаулық әріптестер де қызығушылық танытуда.  

Айта кетсек, жергілікті арна – елімізде халықаралық байланыс орнатқан алғашқы ұжым. Сондықтан, жергілікті арна басшылары Атырауда Ұлы Жібек жолының бойымен өңірдегі тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасауды мақсат еткен «Хазардан – қазаққа дейін…» атты экспедиция жобасын да ресейлік, әзірбайжандық және ирандық көрермендер назарына ұсынғалы отыр. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз