
Атырау облысының жылыту маусымына дайындығы талқыланды
Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың қатысуымен Атырау облысының 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығына арналған жиын өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жиында аймақтың әлеуметтік нысандарын, инженерлік инфрақұрылымын және энергетикалық жабдықтарын қысқы маусымға уақтылы дайындау мәселелері қаралды.
Қазіргі дайындық деңгейі
- тұрғын үйлердің – 80%-ы;
- білім беру нысандарының – 96%-ы;
- денсаулық сақтау нысандарының – 90%-ы;
- әлеуметтік нысандардың – 92%-ы;
- қазандықтардың – 82%-ы;
- жылу желілерінің – 83%-ы;
- электр желілерінің – 75%-ы дайын.
АЖЭО жөндеу жұмыстары
- №6 және №7 жылу агрегаттары, сондай-ақ №4 турбоагрегат толық жөнделді;
- №10 жылу агрегаты мен №8 турбоагрегатта жөндеу жұмыстары жалғасуда, қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталмақ.
Жылу желілерінің жағдайы
Атырау қаласындағы жылу желілерінің ұзындығы – 601 шақырым. Орташа тозу деңгейі – 52%, ал «АтырауЖылуЖүйелері» ЖШС-не қарасты 426 шақырым желінің тозуы 64,4% құрап отыр.
2030 жылға дейін магистралдық желілердің 59 шақырымы кезең-кезеңімен жаңартылып, нәтижесінде тозу деңгейі 40,5%-ға дейін төмендейді деп жоспарланған.
Ералы Тоғжанов дайындық барысына оң бағасын беріп, барлық жоспарлы шараларды белгіленген мерзімде және сапалы аяқтау қажеттігін атап өтті.