Атырау облысының прокуроры Бауыржан Жұмақанов: «Қазір прокурорлардың өтініштерді қарау тәсілдері өзгерді»

screenshot 10 4 870x400 1 Қоғам

«Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті

Былтыр өткен республикалық референдумның нәтижесінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Заңнамаларға енгізілген өзгерістердің ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев прокуратура органдарына зор сенім артып, «Прокуратура туралы заңды» конституциялық деңгейге көтерді. Елдегі конституциялық реформа, үлкен өзгерістер мемлекеттің дамуына жол ашатыны анық. Атырау облысының прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВПЕН бүгінгі әңгімеміз де осы және өзге тақырыптар төңірегінде өрбіді.

– Бауыржан Альбертұлы, әңгімеміздің әлқиссасын қадағалаушы мекеменің басты міндеті мен жетістіктерінен бастасақ…

– Сұрағыңыз түсінікті. «Прокуратура туралы» Конституциялық заң ең алдымен прокуратура органы қызметінің құзыреттілігін, ұйымдастырылуын және тәртібін белгілейді. Сондай-ақ, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік-құқықтық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды құру, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселелері ерекше мәнге айналды.

Бұл үрдісте құқық қорғау жүйесінің маңызды институты ретінде Атырау облысы прокуратурасының ролі айтарлықтай. Мәселен, облыстық прокуратураның заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстарының басым көпшiлiгi қолдау тапқанын айтуға болады.

Осы уақытқа дейін прокурорлық ықпал ету шараларымен әлеуметтік құқықтары қорғалған азаматтар саны жетерлік. Оның дені тұрғын үй, әлеуметтік жәрдемақы, алимент өндіру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселелері болып табылады. Бизнес субъектілері де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ, жаңа заңға сәйкес қылмыстық процестің үш буынды моделі қалыптасты.

Бүгінде қоғамда прокуратураны сотталушыға мемлекеттік айып тағатын орган деген ұғым қалыптасқан. Бұл – жаңсақ пікір. Құзырлы органның функциясы – адамдардың құқықтары мен ел аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалау. Бұл міндеттер қоғамның барлық салаларын қамтиды. Атап айтқанда, еңбек, тұрғын үй және басқа да әлеуметтік құқықтар, денсаулық сақтау, жер, отбасы және тұрмыстық қатынастар. Сондай-ақ мемлекеттің бизнеске заңсыз араласуын болдырмау да бұл тізімге кіреді.

2021 жылы енгізілген үш буынды модельдің нәтижесінде адамдардың күдікті ретінде қылмыстық процеске заңсыз тартылуы тыйылды. Сондай-ақ  кінәлілердің жазадан құтылып кетпеуі ерекше бақылауға алынған. Бұл модель айыптауға басымдық бермейді. Себебі полиция, прокуратура және соттың функциялары мен өкілеттіктері нақты бөлінген, яғни қылмыстық процесте әр органның өз жауапкершілік аймағы бар.

Жаңа форматқа сәйкес қазір сотқа дейінгі тергеу органының тұлғаны күдікті деп тану туралы қаулылары прокурормен тікелей келісіледі. Осы тұста не үшін екенін түсіндіре кетейін… Өйткені, мұндай тәртіп негізсіз айыптаудан қорғауды қамтамасыз етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, жазықсыз жандардың сотталып кетпеуінің алдын алады. Бұл жұмыстың нәтижелерін санмен айтсақ, жыл басынан бері прокурорлар 7 мыңға жуық шешімнің заңдылығын тексеріп, 189-ын қолдаудан бас тартты. Ал, 39 тұлғаға қатысты бірден жауаптылықтан босату шешімі қабылданды.

Тағы бір жетістік – цифрландырудың арқасында қадағалау органдары жұмысын тиімді әрі ашық жүргізіп отыр. Облыста электрондық қылмыстық істер жобасы жұмыс жасайды. Заманауи IT-технологиялар сот ісін жүргізудің тіркеуден бастап үкім шығаруға дейінгі барлық сатыларын цифрландыруға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде барлық істердің 98%-ы электронды түрде тергелуде. Бұл тергеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, уақытты үнемдейді және іс құжаттарын бұрмалауға мүмкіндік бермейді.

Атап өтерлігі, бұрын прокурорлар барлық азаматтық істер бойынша сотқа қатысуы міндетті болатын. Бертін келе бұл функциялар біршама азайды. Неге? Себебі, дауларды шешудің соттан тыс тетіктері  – бітімгершілік келісім жасасу, медиация және тағы басқалары енгізілді. Қазір прокурорлар азаматтық сотқа тек маңызды істер бойынша қатысады. Айталық, өзін-өзі қорғай алмайтын тұлғаларды қорғау қажет болған кезде және кәмелетке толмағандарға қатысты процестерге қатысады. Бұл өте маңызды өзгерістер.

Бұл жаңашылдықтардың мақсаты – адам құқықтарының қорғалу деңгейін арттыру және заңның үстемдігін бекіту. Бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға себепші болады.

Жоғарыда айтып өткен ауқымды жұмыстарды біліктілігі жоғары кадрлар атқаратынын ерекше атап өткім келеді.

Жаңашылдықтың көздегені – әділдік

– Осы тұста былтыр қабылданған «Прокуратура туралы» конституциялық заңның негізгі ережеріне тоқталсаңыз…

– Былтыр 5 қарашада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Прокуратура туралы» Конституциялық заңына қол қойды. Прокурорлардың өтініштерді қарау тәсілдері өзгерді. Осыған дейін шағымдар уәкілетті органдарға қарау үшін жолданып отырса, енді прокурорлар халықтың мәселелерін өздері қарайды. Мемлекеттік органдар олардың өтініштерін қанағаттандыра алмаса, мәселеге прокурорлар ықпал етіп, тиісті шаралар қабылдайды.

Сондай-ақ егер адам физиологиялық ерекшеліктеріне, психикалық ауытқуларға және өзге де жағдайларға байланысты өзінің құқығын қорғай алмаса, прокурор арыз-шағымдарды қарай алады. Заңның сақталуын қадағалаушы орын өкілдері бизнес мүдделерін қорғау мақсатында жеке кәсіпкерліктің қызметіне мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы, өзін-өзі басқару органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының араласуы туралы арыздарға да назар аударады. Бұл ретте прокуратура өзге мемлекеттік органдардың функцияларын ауыстырмайды. Жалпы, прокуратура туралы жаңа конституциялық заңның қабылдануы адамның, мемлекеттің және бизнес субъектілерінің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауда прокурорлардың құзыреттілігі мен әлеуетін кеңейтетіні сөзсіз.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу прокуратура органдарына жүктелетінін мәлімдеді. Бұл Президенттің аталған құзырлы органға деген жоғары сенімін көрсетеді.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап азаптау туралы істерді тергеу прокуратура органдарына құзыретіне кірді. Егер бұрын азаптау туралы істерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, полицияның өзіндік қауіпсіздік басқармалары тергеуге құзырлы болса, қазір бұл істерді тек прокурор тергеп-тексереді. Азаптауға байланысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын заң қабылданды.

Рақымшылық, ескіру мерзімі, өкіну және тараптардың татуласу негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жол жоқ. Бұдан бөлек, азаптау фактісі тіркелген органның басшысының да жеке жауапкершілігі қарастырылған. Мемлекет басшысының қойған міндеттері күн тәртібінен түспейді.

Конституциялық заң қадағалау қызметіне гуманистік бағыт беруді және прокуратураның құқық қорғау әлеуетін арттыруды көздеп отыр. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету прокуратураның негізгі міндеті болып бекітілді. Бұл құндылықтардың мемлекет үшін маңыздылығы Конституцияның 1-бабында атап көрсетілген.

Халық сенімі маңызды

– Қоғамды соңғы кездегі қара жолдағы қайғылы оқиғалардың жиілеуі алаңдатып отыр. Осы орайда көлікті мас күйінде тізгіндеген жүргізушіге қандай жаза қолданылады?

– Соңғы алты айда жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда теңессе де (155), қаза болғандар саны 35%-ға өсіп отыр. Бұл жағдайлар көбіне жүргізушілердің көлік жылдамдығын шамадан тыс асыруы, қарсы бағытқа шығуы, ішімдік ішуі  және республикалық маңызы бар тасжолдардың енінің тарлығы салдарынан болып жатады.

Ал, көлік құралын мас күйінде басқарушыларға қатаң жаза бар. Автокөлікке арақ ішіп отырған адамның неден болса да тайынбайтыны белгілі. Жол үстіндегі түрлі оқиғаға себеп болатын жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы жолаққа шығып кету ішімдік ішіп алғандар үшін әдеттегі әрекет секілді көрінеді. Сондықтан Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабының бірінші бөлігі бойынша мас күйінде көлік басқарушыларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни, мұндай жүргізушілер жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Он бес тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Егер әкімшілік жазаны өтеп болғаннан кейін бір жылдың ішінде тағы да ішімдік ішіп алып көлік жүргізсе, жүргізуші куәлігінен сегіз жылға айырылады.

– Әдетте адамдар прокуратураға соңғы инстанция ретiнде жүгiнетіні белгілі…

– Әрине, прокуратураның Ата заңда көрсетілген кез келген мәселемен айналысатыны, аққа жақ екені көпшілікке мәлім. Сол себепті облыстық прокуратураға әділдік іздеп, заң аясында көмек сұрап келетін тұрғындардың қарасы көп. Олар көбіне құқықтарының бұзылғандығына, заңды мүдделерінің еленбегеніне шағымданады.

Облыс прокуратурасы бұған дейін жергілікті тұрғындардың талап-тілегін қанағаттандырып, орын алған заңсыздықтардың жолын кесуде талмай еңбек етіп келеді. Ата заңдағы бұлжымас пәрменді орындауда кешегі қазақ билерінің турашылдығын, әділдігін бетке ұстап, тұрақтылық пен келісімнің келбетін келтірген шенділердің қызметін атқарып отыр.

Биыл облыстың прокуратура органдарына 3 371 жолданым түскен, бұл өткен жылдан 21%-ға көп (2 781). Жолданымдардың 1 215-і (1 128) қылмыстық процестің сотқа дейінгі іс жүргізуді қадағалау саласында тіркелген.

Әлеуметтік-экономикалық салада 963 (901), қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің сот актілері заңдылығын қадағалау саласында 204 (142), атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша 253 (218)  жолданым түскен. Жеке қабылдауда 1003 (936) азамат болған.

Өңіріміздегі бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау бағытында облыстың кәсіпкерлер палатасында жеке қабылдаулар өткізілуде.

Прокурор қандай болуы керек?

– Мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Ал, азаматтардың, ел болашағы – балалардың құқығын қорғаудағы жұмыстар қандай деңгейде? Нақты мысалдар келтіріп айтып өтсеңіз…

– Көбіне адам құқықтарын қорғау мәселесі еңбек жанжалдарында кездеседі. Бұл тұста әуелі бізде «Еңбек жанжалдарының профилактикасы» жобасы іске асырылып жатқанын айтайын.

Ірі жұмыс берушілермен және аумақтық кәсіподақпен меморандум жасастық. Бүгінгі таңда еңбек жанжалдарына жол берілген жоқ. Прокурордың актілерімен 180 жұмысшы-қызметкердің алдында 32 млн. теңге мөлшерінде жалақы бойынша берешек өтелді. «АМӨЗ» ЖШС санитарлық-қорғау аймағының шекарасы бойынша мәселе шешілді. Бұл зауытқа жақын орналасқан 43 тұрғын үйде тұратын 215 тұрғынның, оның ішінде балалардың денсаулығына зиянды әсер етті. Мәселе бірнеше жыл бойы шешілмей келген болатын.

Қылмыстық қудалау саласында прокурорлар сотқа дейінгі кезеңде 54 қылмыстық істі тоқтатты, қылмыстық процестің орбитасына 38 адамды заңсыз тартудың алдын алдық. Полиция органдарында белгіленген уақыттан тыс ұсталған 13 адам, уақытша ұстау изоляторларынан 2 адам босатылды.

Ал, балаларды қорғау мәселесіне келетін болсақ, «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінде» балалардың құқықтарының көптеген бұзушылықтары анықталған еді. Онда білім беру стандарттары, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Басқа жағдайда, мысалы, Жылыой ауданының мектептерінде сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығы негізсіз қысқартылған. Осы жағдайға кінәлілер жазаланып, барлығы сәйкестендірілді.

– Прокурорлар қабылдаған шешімдер адам тағдырын шешетіні белгілі. Ендеше, «қадағалаушы мекеменің қызметкеріне қандай талап қойылады?» деген сауалмен сұхбатты түйіндесек…

– Әрине, прокурор азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қылмыспен күресу, халықтың сенім деңгейін арттыру және заң үстемдігін қамтамасыз етуге басымдық береді. Біз үшін халықтың сенім артуы, прокуратураға келіп шағымданудан қорықпауы өте маңызды. Бұл тұрмыстық, еңбек және басқа да әлеуметтік мәселелер, шенеуніктердің әрекеті немесе әрекетсіздігі болуы мүмкін. 

Ал, прокурор ең алдымен халықпен тіл табысып жұмыс істей алатын, ұйымдастырушылық қасиеттері жоғары, тез шешім қабылдауға бейім, мейірімді және әділ адам болуы тиіс.

Сұхбаттасқан: Майра Оразғалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз