Атырау облысы: Жыл қорытындысы, әлеуметтік сала
Халықтың әл-ауқатын көтеріп, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту – негізгі басымдық ретінде белгіленген бағыт. Осы міндетті басшылыққа алып, Атырау өңірінде де әлеуметтік салаға басым назар аударылып, жергілікті атқарушы органдар жүйелі жұмыстар жүргізуде. Білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, әлеуметтік қорғау мен руханият бағыттарында да ауқымды жобалар іске асырылып, үлкен жұмыстар атқарылуда.
Білім беру
Қазір Атырау облысында 200 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді , оның ішінде 199 — мемлекеттік мектеп (қазақ тілінде — 138, орыс тілінде — 4, аралас-58, 11 жеке меншік, кешкі-ауысымдық бөлімшесі бар 1 мектеп).
Демографиялық көрсеткіштердің қарқынды өсуінің нәтижесінде білім алушылар контингентінің өсімі айтарлықтай байқалады. 2015 жылы облыста 109392 оқушы білім алса, ағымдағы жылы білім алатын оқушы саны 143 481 құрайды. Осыған орай, білім беру нысандарымен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 4 апатты мектеп тіркелген. Осы мәселені шешу үшін 4 мектептің құрылысы жүргізілуде Сонымен қатар облыста 11 үш ауысымда оқытатын мектеп бар. Негізгі себептері: қала халқының демографиялық өсуі, көші-қон және орыс тілді сыныптарда сабақ беретін педагогтардың жетіспеушілігі. Үш ауысымда оқытатын мектептер проблемасын шешу бағытында 2021 жылы Атырау қаласы Береке ықшам ауданында 1200 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. 2022 жылдың сонына дейін 2 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. №3, №16, №17 орта мектептерде әрқайсысы 250 орындық 3 жапсаржай құрылысының жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.
Жалпы облыс бойынша 15 мектеп 1 жапсаржайдың құрылысы жүргізілуде.
2022 жылдың желтоқсанында Атырау қаласының Балауса ауылында 600 орындық орта мектептің құрылысы аяқталып, мемлекеттік Актісін алып, қабылданды.
2023 жылдың наурыз айында 2 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған: Атырау қаласының Жаңаталап ауылында 300 орындық орта мектеп; Жылыой ауданының Құлсары қаласында 300 орындық №5 орта мектеп.
«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 12 мектептің құрылысын салу көзделіп отыр. Алынып жатқан шаралар оң нәтиже беруде.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық пәндік олимпиадалардағы атыраулық оқушы-жүлдегерлердің саны өсіп отыр:
2019-2020 оқу жылында 13 (алтын – 3; күміс – 3; қола – 7).
2020-2021 оқу жылында 42 (алтын -6; күміс – 17; қола – 19).
2021-2022 оқу жылында 55 (алтын-11, күміс-12, қола-32).
Әлемнің Жапония, Аустралия, Канада, Сингапур, АҚШ, Аргентина, Гонконг, Индонезия, Малайзия, Мексика, Катар, Корея, Түркия және т.б. елдері сияқты 38 елінен оқушылар қатысқан Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық Олимпиадасында Қазақстан командасы 40 медаль жеңіп алды. Олардың ішінде атыраулық оқушылар бар.
Атыраулық оқушылар «Infomatrix-2022» халықаралық компьютер жобасы жарысынан екі күміс, үш қола медальді жеңіп алды. Атырау облыстық Абай атындағы оқушылар орталығындағы үйірмелер 2022 жылдың наурыз айынан бастап толықтай тегін жұмыс жасауды бастады. Оқушылар орталығында 112 үйірме жұмыс жасайды. Орталық филиалдарында барлығы 4500-ге жуық оқушы тәлім алады.
Қараша айында, Мемлекет басшысы Атырау облысындағы жұмыс сапары аясында Абай атындағы орталығында болды. Президент «JasSpace» STEM зертханасында жасалған жобалармен танысты, орталыққа Президент атынан автобус тарту етілді.
«2022 жыл – Балалар жылы» деп аталуына байланысты өңірдегі дарынды және талантты балаларға жағдай жасау, қабілетін дамыту, қолдау мақсатында «Дарындылар аллеясы» жобасы іске қосылды.
Мектеп мұғалімдерінің кәсіби білігін арттыру, шеберлігін шыңдау шаралары алынуда.
Атырау облысында 42895 баланы қамтитын 319 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді (оның ішінде мемлекеттік — 252 бірлік (151 балабақша, 101 шағын орталық), жеке меншік — 67 бірлік. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 80% құрайды, 2 жастан 6 жасқа дейін – 82%, 3 жастан 6 жасқа дейін — 100%.
Қаланың мектепке дейінгі білім беру саласындағы негізгі проблема- балабақшалардағы орын тапшылығы. Бүгінгі күні кезекте 1-ден 6 жасқа дейінгі 14 809 бала тұр.
2022 жылы 4 балабақшаның құрылысы жүргізілуде:
2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар аясында 9 балабақшаның құрылысы аяқталып, Мемлекеттік Актісі алынды.
Қауіпсіздік мәселесіне үлкен көңіл бөлініп отыр. Облыс бойынша мемлекеттік 200 мектеп 9109 бейнебақылау жүйелерімен қамтылған, оның ішінде 137 мектеп полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 151 балабақша — 5397 бейнебақылау жүйелерімен қамтылып, 20 балабақша Жедел басқару орталығына қосылды және 63-не турникет орнатылды. Мемлекеттік 17 колледждің барлығы да 695 бейнебақылау жүйелерімен қамтылған, 3-де мамандандырылған күзет жұмыс жасайды, 11-не турникет, 4-не «дабыл түймесі» қондырылған.
2021-2022 оқу жылында «Дабыл түймесін» орнату мақсатында жергілікті бюджеттен 88 млн. теңге қаржы қаралып, 200 мектепке «дабыл түймесі» 100 пайыз қондырылды. Атырау қаласындағы 33 мектеп, 45 балабақша лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді.
2022-2023 оқу жылында 1-4 бастауыш сыныптарында ыстық тамақпен қамтылып отырған 59689 оқушы, 5-11 сыныпта әлеуметтік аз қамтылған оқушылар (аз, қамтылған, көп балалы, жетім және жартылай жетім) 9645 оқушы, барлығы 69334 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылуда.
Денсаулық сақтау
Ағымдағы жылғы 10 айдың қорытындысымен облыс бойынша жалпы өлім-жітім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29%-ға, ана өлімі 2021-ші жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 есеге, сәби өлімі 6%-ға, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 15%-ға төмендегені байқалады. Сондай-ақ, туберкулезден болатын сырқаттанушылық 3,5% — ға%, өлім-жітім 38% — ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын сырқаттанушылық 3,1%-ға, өлім-жітім 13% — ға төмендеді.
Маңызды мәселе – медициналық қызмет көрсету инфрақұрылымын жетілдіру. Осыған орай, Үкіметтің қолдауымен және демеушілік арқылы аталған бағытта біршама жұмыстар атқарылуда.
Атырау облысының Кешенді даму жоспарына сай ауылдық жерлерде 5 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісін салу жоспарланып, 2022 жылы ЖСҚ жасақталып, сараптамадан өтті. Қазір аталған 5 медициналық нысан бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Атырау қаласында Береке ықшам ауданында 1 дәрігерлік амбулатория, Құлсары қаласында аудандық аурухана салынуда. Индер аудандық ауруханасында, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Фтизиопульмонология және облыстық перинаталдық орталығында желдету жүйесін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда облыста 1528 дәрігер, 5264 орта медициналық қызметкерлер жұмыс жасайды. 2021-ші жылдың қорытындысымен жетіспеушілігі 201 маманды құраса, ағымдағы жылы облысқа 57 маман қызметке келіп, бүгінге кадр жетіспеушілігі 169 маманға дейін төмендеді. Келген мамандардың 12-і ауылдық елді мекендердегі медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасты. Бүгінгі күні облысқа анестизиолог-реаниматолог, жалпы практика дәрігері, акушер-гинеколог, пульмонолог және инфекционист дәрігерлер қажет болып отыр.
Өңірдегі кадр жетіспеушілігін жою мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 2021 жылдың желтоқсан айында Атырау қаласында Батыс Қазақстан Медициналық университетінің филиалы ашылды. Қазір Филиалда 12 дәрігер-резиденттер білім алуда.
Жыл сайын мектеп түлектері үшін және резидентураға бөлінетін гранттар саны ұлғайтылуда. 2023 жылдан бастап өңірге тартылған медициналық мамандар үшін бір реттік берілетін көтерме ақы мөлшерін ұлғайту көзделіп, Атырау қаласында Медиктер үйін салу мәселесі пысықталып жатыр.
Медицина мамандарының біліктіктілігін арттыру үш деңгейлі білім алу жүйесі бойынша іске асырылуда: негізгі жұмыс орнында шетелден мамандарды тарта отырып оқыту, республикалық ғылыми-зерттеу орталықтарында және озық шетелдік клиникалар базаларында тәжірибе алу. Ағымдағы жылы біліктілікті арттыруға жергілікті бюджеттен 550 млн. теңге бөлініп қазіргі кезде 1 000-ға жуық бейінді мамандар біліктілігін арттырды.
Алдағы жылдары медициналық ұйымдардың инфраструктурасын жақсарту бағытында жобалар іске асырылмақ:
Ауылдық елді мекендерді дамыту Ұлттық жобасы шеңберінде, 18 ауылдық елді мекенде медициналық ұйымдар нысандарын соның ішінде 11 медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 6 фелдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған.
250 келушіге арналған 2 емхана, 250 төсектік психикалық денсаулық орталығы, Радиологиялық корпусы бар онкологиялық диспансер салу, облыстық перинаталдық орталығында күрделі жөндеу, 3 қосалқы станциясы бар жедел медициналық жәрдем станциясын салу жоспарлануда.
Дене шынықтыру және спорт
Атырауда спорт, дене шынықтыру саласына тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Биыл 7 спорттық кешен, 9 спортзал, 2 бассейн және 18 алаң іске қосылып, спорттық имараттар саны 1212-ні құрады. Мемлекет басшысының балалар спорты мен бұқаралық спортты айрықша дамыту туралы тапсырмасына сай спорт мектептерінде шұғылданушы балалар мен жасөспірімдер саны былтырғы жылмен салыстырғанда 1629-ға көбейіп, 15550 балалар мен жасөспірімдер жүйелі түрде спортпен тегін шұғылдануда.
Биыл Индер және Қызылқоға аудандарынан балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубтары ашылып, облыстың барлық аудандары осындай клубтармен қамтылды.
Тұрақты түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту 40,2 пайызды құрады, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім деңгейі 4 пайыз.
Облыс спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттарында — 750 медаль (190 алтын, 275 күміс, 285 қола), Әлем Чемпионаттарында — 55 медаль (13 алтын, 14 күміс, 28 қола), Азия чемпионатында 92 медаль (25 алтын, 31 күміс, 36 қола) ұтып алды.
«Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын — 6 спортшы, «Қазақстан Республикасына спорт шебері» атағын — 57 спортшы, «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын -256 спортшы иеленді.
Командалық спорт түрлері бойынша ел чемпионаттарында Атыраудың волейбол командасы мен өрт-сөндіру құтқару командасы алтын жүлде, баскетбол командасы күміс жүлде, футзал, хоккей, су добы және көкпар командалары қола жүлделерге ие болды. Атырау волейбол командасы ел кубогінің жеңімпазы атанса, баскетбол командасы күміс жүлдені имемденді.
Жас шахматшы Зарина Нұрғалиева 72 елден жиналған 96 шахматшының арасында «классика» түрінен алтын жүлдеге ие болды.
Мәдениет
Қоғамдық сананы қалыптастырудың аса маңызды құралы мәдениет саласын дамытуда үлкен қадамдар жасалды. Облыста 44 кітапхана, 82 клубтық мекеме, 9 архив бар. Мәдениет пен архив саласында 2754 қызметкер еңбек етуде, оның 1356-сы шығармашылық қызметте. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін 2022 жылы облыстық бюджеттен 5 822,0 мың теңге бөлініп, толықтай игерілді.
Мемлекеттік шығармашылық тапсырысқа 2022 жылы 1,2 млрд. теңге қаражат қаралды. Соның аясында бүгінде балаларға арналған 142 шығармашылық үйірмеде 26 бағыт бойынша 7196 бала қамтылған. Күні бүгінге дейін игерілген қаражат көлемі 879,0 млн. теңгені құрайды.
Атырау облысының 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді даму жоспарында заманауи туристтік инфрақұрылым құру шараларын қабылдау, соның ішінде, Сарайшық ауылында визит-орталығын салу қаралған. Визит-орталығының құрылысы 2022 жылдың желтоқсан айының соңында аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда музей экспозициясы жасақталуда.
Мәдениет нысандарының құрылысына тоқталсақ, биыл 7 объектінің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 5 нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша.
2022 жылы Атырау қаласында Мұнайшылар монументі орнатылды. 2022 жылдың басынан облыстық деңгейде 300-ге жуық мәдени іс-шаралар өткізіліп, 40 000-ға жуық адам қамтылды.
Археологиялық қазба жұмыстары жалғасуда: 2022 жылы Құрманғазы ауданы Балқұдық қорғандарына; Қызылқоға ауданында Миялы және Тасқара қорғандарына, Сарайшық қалашығына қазба жұмыстары жүргізілді.
Облыстық архив қоймаларында мемлекеттік сақтауда 1827 қорда 843997 сақтау бірлігі бар. 40269 сақтау бірлігі немесе 3432244 парақ цифрлық форматқа ауыстырылды. «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі аясында облыстық мемлекеттік архиві құжаттарды цифрлау жұмыстарын қолға алды. Архивтік мәліметтер қорын толықтыру, соның ішінде, шет елдік деректер көздері есебінен толықтыру жұмыстары жүргізіліп, арнайы экспедициялар ұйымдастырылуда.
Тілдік ахуал
Атырау облысындағы тілдік ахуал тұрақты. Мемлекеттік органдарда қазақ тілі толыққанды қолданылып отыр. «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру бағытында тиісті шаралар алынуда. Мәселен, өңір халқының тілдік капиталын дамыту, анықтау мақсатында 2022 жылдың мамыр айында «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК-мен бірлесіп «Қазтест» жүйесі бойынша 949 мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер, бюджет мекемелерінің, мемлекеттік кәсіпорындар, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін диагностикалық және 38 адам үшін сертификаттық тестілеу өткізілді.
Өңір халқына, оның ішінде этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді арнайы курстар арқылы тегін оқыту үшін «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы қызмет етуде.
Халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың көрнекі ақпаратында тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету жұмыс жүргізіледі, соның ішінде, зерделеу, түсінік беру жұмыстары, түрлі акциялар өтті.
Ономастика саласында 2022 жылдың 1 қаңтарына облыс аумағында мекенжай жүйесінде тіркелген 231 әкімшілік-аумақтық бірлік, 4071 құрамдас бөлік бар. Елді мекендер атауларының 97%, құрамдас бөліктер атауларының 99% идеологиялық талапқа сәйкес келеді.
Жастар саясаты
Бүгінде Атырау қаласы мен барлық аудандарда Жастар ресурс орталықтары жұмыс жасап жатыр. Көптеген жастар үшін маңызды жобалар, соның ішінде, «Көңілді тапқырлар клубы» жобасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылып келеді.
«Жасыл ел» жобасы бойынша жастар еңбек жасағына 1 756 адам қатысып, көгалдандыру және құрылыс бағыттары бойынша уақытша маусымдық жұмыстарға тартылды. Жастардың қатысуымен қоғамдық пайдасы бар, жастардың өзіндік дамуына бағытталған шараларды өткізу жолға қойылған.
Азаматтық сектор
Әлеуметтік мәселелерді шешу, халықтың көкейіндегі сұрақтарды ашық талқылауда азаматтық сектордың маңызы зор. Облыста 727 (2019-585, 2020-676, 2021-713) үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) тіркелген. Олар азаматтардың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық келісімді нығайту, білім және ғылым, ақпарат, спорт және дене шынықтыру, жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау, қоршаған ортаны қорғау, гендерлік саясат, басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша белсенді жұмыс жасайды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 2022 жылға 617 млн. теңгеден астам қаражат бөлніп, ҮЕҰ 55 жобаны жүзеге асыруда.
2022 жылы тұңғыш рет «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» арқылы үкіметтік емес ұйымдардың 8 жобасына 40 млн.тг. грант бөлінді. Сонымен қатар, азаматтық қоғам институттарын дамыту мақсатында, өңірдегі компаниялардан гранттар тартылды.
ҮЕҰ-мен ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың жүргізудің маңызды тегігі болып табылатын облыстық Азаматтық орталығы қызмет етіп келеді. Қоғамдық диалогты дамыту бағытында жергілікті атқарушы органдар басшыларының, Атырау қаласы және аудандар әкімдерінің ҮЕҰ өкілдерімен 21 кездесуі ұйымдастырылып, өзекті мәселелер талқыланды.
Жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау
Жергілікті атқарушы органдар қызметінің аса маңызды бағыты — халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау. Ағымдағы жылдың басынан бері облыста 24 741 жұмыс орындары құрылды, оның 15 285–тұрақты (жоспар 23 956, оның 14 374-і-тұрақты).
Жұмыс орындары, негізінен, облыста іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде құрылды. 2022 жылдың 1-ші желтоқсанына Жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс мәселесі бойынша 31 340 адам хабарласып, оның ішінен 14 772-ы немесе 47,1%жұмыспен қамтылды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларымен ағымдағы жылдың 1-ші желтоқсанына 32404 адам қамтылды.Тұрақты жұмыс орындарына 9 057 адам және уақытша жұмыс орындарына 5 715 адам орналасты. Қысқа мерзімді оқу курстарына жұмысшы мамандықтары бойынша 877 адам жолданды, оның 695-і «Теңізшевройл» ЖШС-і арқылы.
Онлайн «skills» арқылы 1 046 адам және «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 2 559 адам жіберілді, кәсіптік бағдарлаумен 12 598 адам қамтылды және өз істерін ашу бағытында 552 адамға мемлекеттік грант берілді.
Аталған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі тұрақтап, 4,8 пайызды құрады.
2022 жылдың 1-ші желтоқсанына 1194 отбасындағы 6705 адамға 434,4 млн. теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Сонымен қатар, АӘК алатын отбасылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 1572 балаға 91,7 млн.теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар берілді. Бұдан басқа да, әлеуметтік қолдау шаралары алынуда.