«АТЫРАУДА» – ЖАҢА БАПКЕР

Еліміздегі футбол додасының Жоғары лигасында өнер көрсетіп жүрген жергілікті «Атырау» футбол командасының жаттықтырушысы ауысты. Енді бас бапкерлік міндетті есімі қазақстандық футбол сүйер қауымға жақсы таныс Владимир Андреевич Никитенко атқаратын болады. Сейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары, «Атырау» футбол клубының президенті Шыңғыс Мұқан клубтың базасында ұйымдастырылған баспасөз конференциясында ойыншылар, жанкүйерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жаңа бапкерді таныстырды.

Владимир Никитенко Кабардино Болгарияда дүниеге келіп, Түрікменстан елінде ержетсе де, ойыншы ретіндегі мансаптық өмірінің басым бөлігін Қазақстанда өткізді. Оның бапкерлік қызметі 90-жылдардың басында жамбылдық «Химик» командасын жаттықтырудан басталды.

Бұдан кейін алматылық «Достық», семейлік «Елім-ай», алматылық «Қайрат», «Қайрат-Бутя», ақтөбелік «Актюбинец», грозныйлық «Терек», қызылордалық «Қайсар» және басқа да командаларды жаттықтырып, сан мәрте үлкен жетістіктерге жетті. 

-Владимир Андреевич соңғы жылдары көршілес өңірдегі «Ақтөбе» командасымен бірге ел чемпионы және Суперкубок иегері атанды. Ол – қазақстандық футболда ең кәсіби білікті мамандардың бірі. Оның жаттықтырған командалары Қазақстанның кубогы, суперкубогын еншілеп, ел чемпиондары атанған болатын, – деді Ш.Мұқан.

Шыңғыс Жұмабекұлы биылғы маусымда клубқа келген бас бапкер Анатолий Юревич денсаулығына байланысты өз еркімен қызметтен кеткенін мәлімдеді және өзге бұқаралық ақпарат құралдары жариялап жатқан «артылған міндетті орындай алмағандықтан, клуб басшылығы қуып жіберді» деген ақпаратты жоққа шығарды.

– Анатолий Юревичке жарты жыл бойына көрсеткен қызметі үшін алғысымыз шексіз. Команданы жасақтау, білікті ойыншыларды тарту – оңай шаруа емес. Клубтың оған білдірер еш наразылығы жоқ. Қазақстанның футбол федерациясында қызмет етіп жүрген кезінде де елімізде жастар мен жасөспірімдер футболын дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Маусым басында талап алдыңғы алтылыққа кіру болатын. Алайда, бұл мақсатымыз орындалмады. Клубта дағдарыстық мәселелер жоқ. Футбол – бұл ойын. Енді жеңілістер жігерді жанып, биылғы маусымда алда күтіп тұрған 12 матчты жоғары деңгейде өткізуіміз керек, – деп клуб президенті жаңа бапкердің жұмысына сәттілік тіледі. 

Бұған дейін Владимир Никитенконы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдап, жаңа қызметіне сәттілік тілеп, өңірде футбол спортын қолдап, барлық мүмкіндіктерді жасайтынын айтқан болатын. 

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз