Оралмай қалған бір боздақ…

Screenshot 3 Қоғам

Берік Құбаев 1960 жылы 8 қарашада Гурьев облысы, Исатай ауданында туған. Мектепті жақсы бітірген бозбаланың арманы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болу еді. Жастайынан спортпен айналысып өскен жас өреннің жүрегінен ақау табылып, өзі армандаған оқу орнына қабылданбайды. Берік Өтемісұлы Отан алдындағы борышын өтеуді жан-тәнімен қалайды. Сөйтіп, КСРО Қарулы Күштері қатарына 1979 жылы 14 сәуірде шақырылған кезде патриоттық сезім жетелеген ол аттанып кете барады.

Screenshot_3

Ол 1979 жылдың желтоқсанынан Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында қатардағы жауынгер болып әскери борышын өтеген. Үй-ішіне сағынышқа толы үшбұрышты хаттар келіп тұрды. Ол хаттарында үнемі өзінің арманы мен мақсаты Отанға қызмет ету, содан соң ата-анасын қуанту екенін жазатын еді. Амал не, тағдыр оның осынау асқақ армандарына жетуге жазбапты.

Берік 1980 жылы 27 маусымда Балх уәлаятында хабарсыз кеткен. Әкесі Өтеміс Құбаев ұлын шарқ ұрып іздегенімен, дерегін көзі тірісінде таба алмай кетті. Ұлдың қайғысын көтере алмаған ата-ана өмірлері жеткенше, оны «өлді» дегенге сенбестен кетті. Төменде Берік туралы  туған қарындасы Гүлфара Құбаеваның естелігін жариялап отырмыз.

Адам баласы өмірге келген соң ұрпақ сүйіп, оның қызығына бөленуді армандайтыны–шындық. Отбасындағы әр баласының орны бөлек, өзгеше әлем екені ата-анаға ғана аян. Қарапайым еңбек адамы атанған әкем Құбаев Өтеміс пен анам Сарсеева Күлшат көз қуаныштарына айналған біздерді – екі ұл, төрт қызды адам асылы қылып тәрбиеледі. Барлығымызға жоғары білім алуымызға жағдай жасады. Қызметке тұрып, елдің тыныс-тіршілігіне араласқанымызды көрді. Көрді де қуанды: ұрпағының өздері салған сара жолдан таймай, көпшіл, ақжарқын, алғыр, білімді болғандығына шүкіршілік етті. Әттең, алдымыздағы әкемізден кейінгі арқа сүйер панамыз, ағамыз Серікке қолқанат Берік ағамыздың   тағдырының жүрекке салған жарасы болмаса…

Адалдыққа уызынан жарыған, намыс отын қолдан бермейтін ағам Берік орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, дене шынықтыру пәні бойынша жоғары оқу орнының студенті   болуды армандайтын… Жастайынан спортпен айналысып, шымыр өссе де ағамның  жүрегінен ақау табылып, өзі армандаған институтқа қабылдана алмады. Берік мектепте оқыған кезінде өте зерек болатын, айналасына дос жинай білетін. Ол мектептегі барлық дерлік шаралардың ұйытқысы болатын. Сыныптағы ұлдардың өзара туындаған мәселелерін шешу, ұйымдастыруда ешкім оның алдына шықпайтын. Оның мектептегі беделі өте жоғары болатын, оның пікірімен санасатын. Бірде-бір спорт сайысы Беріксіз өтпейтін.

Ағамыздың мектепте алған марапаттары өте көп. Мектеп бітіріп, ата-ананың қанатынан босап, үлкен өмірге енді бет алған 18  жасар ағам  кез-келген ер-жігітке тән әскери міндетін өтеуге аттанбақшы болды. Көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты әкемнің көзінің қарашығындай қос ұлының бірі, ағасының тынысы Берігін осы сапарға жібермей, алып қалуға толық мүмкіндігі болғаны шүбәсіз шындық болатын…

Бірақ, Отан алдындағы борышын қай жерде болса да өтеуге міндетті екендігін өзінің қасиетті парызы деп санаған ағам алған бетінен қайтпады. Бала жасынан сырласындай сыйласып өскен  ұлының бойына біткен қайсарлығына, алдына қойған мақсатын орындау жолындағы жігеріне риза болған ата-анамыз белді бекем буып, жіберген жерге аттанып бара жатқан ағамызға ақ жол тілеп, аман оралуын ғана тілеген болатын…

Алғашқыда Чехославакия жерінде әскери борышын өтеуге кіріскен ағамнан елге деген амандық пен сағынышын арқалаған үшбу хаттар жиі келіп тұрғандықтан, ата-анамызбен қоса бауырлары біздің де көңіліміз орныққандай болған…

1979 жылы 27 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы алған шешіміне сәйкес әскери міндетін ауған жерінде өтеуге аттандырылған 18 жастағы өрімдей жастар қатарында менің ағам Берік те болатын. Елдегі ахуалдан толық хабарлы ата-анам, бауырлары–бәріміз елеңдеп, әскер қатарындағы ағамнан асыға, сағына хабар күтетінбіз. Бала күнінен салмақты, әр ойын байыпты жеткізетін ағам қару асынып, дәл қайнаған қанды майдан ошағында жүрсе де, елдегі бізге тек жақсы хабар, өзінің аман-сау екендігін нақтылап жеткізетін еді.

Қайран, асыл ағам!.. Сонда өзін ойлап, «әкеміздің қабырғасы қайыспасын, анамыздың жүрегі сыздамасын, аға-қарындас, бауырларым алаңдамасын» дегені екен ғой…

Талайдың тағдырын тәлкекке салған Ауған соғысының он жылға созылғаны белгілі. Мұнда қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың бір ғана міндеті – бала жастан санамызға сіңірілген патриоттық тәрбие – Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді. Осы міндетті менің ағам асқан абыроймен атқарды деп ойлаймын…

Төбеден жәй түскендей шаңырағымызға келген қаралы хабар әкем мен анамды бауыр еті баласынан, арманшыл ұлынан, бізді қимас бауырымыздан айырды. Дәл осы сәттерді айтып жеткізу – мен үшін қанша уақыт өтсе де ауыр тиер жүректегі жара… Ата-анам үшін мазасыз күндер мен түндер, біздер үшін елеңдеу, жаңалық күту жалғаса берді. Балапанын қорғаштаған қарлығаштай әкем ұлын іздеуден жалықпады. Дос-жарандарының, сыйлас адамдарының көмегі арқылы әкемнің қақпаған есігі, бармаған құзырлы орындары қалған жоқ. Барлығы да келісіп қойғандай «Үміт үзбеңіз…» деген жауаппен шығарып салатын. Бауыр еті балаларының енді қайтып келмесін саналарына сіңіре алмаған менің ардақты ата-анам мәңгілік сапарға аттанғанша ағамды елеңдеп іздеумен, сарғая сағынумен, көкірегін  өртеген шерді сабырмен тұмшалап, қалған балалары біздерге сездірмеуге тырысып өтті.

Ауған жерінде ағаммен қатарлас қаншама қазақстандық, әскери жолдастары қыршыннан қиылды. Егер олар тірі қалса, бүгінде отбасын құрып, ұрпақ сүйіп, бейбіт өмірде қызмет өткерер ме еді, кім білсін?..

Өтер жылдар, уақыт тағы алыстар,

Тағдыр талай тауқыметін табыстар.

Өзіңізді жырлап өтер бауырлар,

Ауғандағы қан соғыстан оралмаған арыстар, – деп ақын жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, заманаларға жалғаса береді.

Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз.

Гүлфара ҚҰБАЕВА,

Құрманғазы ауданы.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз