Атырау облысы су тасқынына қаншалықты дайын?
Төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен «Тасқын жəне еріген сулар басуы ықтимал аумақтардың тізбесіне» Атырау облысының 51 елді мекені енгізіліпті.
Мұнда 106 381 адам тұрады жəне 21 448 тұрғын үй нысаны орналасқан.
«2017-2020 жылдар аралығында «Су тасқыны қаупінің алдын алу мен жоюдың кешенді шаралары Жол картасын» іске асыру нəтижесінде 15 елді мекенде қауіп барынша сейілді. Бұл 51 елді мекеннің 24,6%-ы. Қазіргі таңда тізбеге сəйкес, су басуы ықтимал аумақтар саны 36-ны құрайды» делінген бізге берілген хабарламада.
Атырау қаласы жəне аудандар əкімдіктерінің ақпараттарына сəйкес, су тасқынының ықтимал салдарын жою шараларына облыс бойынша 12,5 тонна жанар май, 485 тонна инертті материалдар (ПГС, топырақ жəне т.б.) жəне 27 мыңнан астам қапшық, 10 дана шатыр, 5 мыңнан астам төсек жабдығының қоры əзірленген. Су тасқыны жағдайының асқынуына 1153 адам, 303 бірлік техника, 16 бірлік жүзу құралы жəне 107 бірлік мотопомпа дайын көрінеді. Халықты эвакуациялау жағдайына облыс аумағында орналасқан 109 қабылдау пунктінің жағдайы тексеріліп (сыйымдылығы – 15 983 адам), эвакуациялау маршруттары мен автокөліктер дайындығы пысықталған
Мамандардың айтуынша, облыстағы су тасқынының жағдайы күнделікті бақылауда. Дегенмен, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Олай дейтініміз, наурыздың 6-сы күні ауа райының күрт жылынуымен қоса жауған жауынның салдарынан Индер ауданы Жарсуат ауылындағы төмен орналасқан көшелердің бірінде су жиналып, жұртшылықты алаңдатқаны бар. Төрт бірдей мотопомпа мен екі арнайы техника көмегімен 3000 текше метр су ашық жерлерге, жайылымға айдалып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, жоғарыда жазылған жағдайлар Қызылқоға ауданында да орын алып, соның салдарынан Сағыз – Миялы тас жолы бойындағы су деңгейі көтеріліп, тас жолдың шамамен 60 метр учаскесіне су шығуы көп адамды қорқытып үлгерді.
Абырой болғанда, тұрғындардың жарақаттануы мен өлімі, тұрғын үйлерді су басу жағдайлары орын алған жоқ. Темірдің қызғанын күтпей-ақ, қауіптің алдын алу мақсатында қапшықтарға топырақ салынып, бөгеттер жасалды.
Өткен жылдың көктемінде Жем өзенінде судың көтерілуі кезінде қиындық туындаған тағы бір аудан ол – Жылыой. Атап айтқанда, Құлсары қаласында бірнеше үй судың құрсауында қалған. Құтқарушылар дер кезінде тұрғындарды эвакуациялап, мотопомпа құрылғыларымен су айдау жұмыстарын жүргізді. Осының нəтижесінде елеулі зардаптарға жол берілмеді.
Облыс əкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев елді мекендерді судан қорғайтын бөгеттердің нашар жабдықталуы, кейбір жерлерде мүлдем жоқ болуы, сонымен қатар су реттейтін шлюздердің қараусыз қалып, кейбір бөлшектерінің қолды болып кеткені анықталғанын айтып, жағдай бұлай жалғаса берсе, күндердің күнінде үлкен зардаптарға ұшыратуы мүмкін екендігін айтқан еді. Рас, ауданның су басу жəне су тасқыны қаупі негізінен 212 шақырымға созылған Жем өзені арқылы келеді.
Аудан басшысы Жұмабек Қаражановтан білгеніміздей, Жем өзенінің су басу мүмкіндігі зор аймаққа Тұрғызба, Шоқпартоғай ауылдары мен Құлсары қаласы жəне Құрсай өзегі енеді екен. Су басуы ықтимал аймақтарға автокөлік тас жолдары жəне теміржолдар кіреді. Жалпы, Жылыой жұртшылығы табиғаттың тосын мінезіне толық дайын болып шықты.
Қазіргі уақытта суды реттеу нысандарының жағдайы қалай, қаншасы жөндеуді қажет етеді, қаншасы жөнделуде? Шешілмей келе қандай жатқан мəселелер бар? Білуімізше, облыс аумағында 31 гидротехникалық құрылыс орналасқан. Оның үшеуі су реттеу шлюзі, «Ералы» су торабы, 20 суару-суландыру жүйесі мен жеті судан қорғау бөгеті бар. Су реттеу шлюздерінің техникалық жай-күйі қалыпты, жұмыс жағдайында екендігін естіп отырмыз.
«Ералы» су торабы Қызылқоға ауданы Ойыл өзенінің бойында орналасқан. Ол – «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кəсіпорынның теңгерімінде. Жалпы, су торабы негізінен көктемгі өр суларын сақтау емес, қатты келген судың екпінін бəсеңдетіп, өткізу-тарату мақсатында қолданылады.
Айтпақшы, өткен жолы Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Тұрлан Сүлейменов облыстағы 31, яғни барлық гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізілгенін, оның 10-ы қанағаттанарлық жағдайда болса, 21-і жөндеу жұмыстарын қажет етеді деген еді. Мұның себебін көптеген гидротехникалық нысанның құрылысы өткен ғасырдың 60-80-жылдары жүргізілгенімен түсіндірген болатын.
Апаттың айтып келмейтінін ескерсек, «тілсіз жаудың» қатерін сейілтетін басты қорғаныс бөгеттер екендігі белгілі. Қазіргі таңда өңірде «Атырау облысын əлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021- 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» негізінде Махамбет, Алға ауылдарында Жайық өзені жағалауларын бекіту жəне Құрманғазы ауданының Дыңғызыл, Көптоғай, Шортанбай ауылдық округтерінде Қиғаш өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Рита ӨТЕУҒАЛИ